Вернуться к списку статей

Балуандарымыз әлем чемпионатында үш медаль алды

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында әзірге қоржында үш медаль бар.

Ерлер арасында еркін күрестен екеу, қыздардан біреуі жүлдеге ілікті. Енді грек-рим күресінің шеберлеріне үміт артамыз.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен осы жолы әлем чемпионы шықты. 20 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Ризабек Айтмұқан 92 келіде қарсылас шыдатпады.

Отандасымыз алдымен мажар балуанын 13:3 есебіме. ұтса, екінші кезеңде биылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Файзолла Актүрікті 11:0 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда қазақ балуаны грузиялық қарсыласын жеңіп, өз мансабында алғаш рет ересектер арасындағы әлем біріншілігінің финалына шықты.
Шешуші кезеңде отандасымыз әзербайжандық Осман Нурмогамедовпен белдесті. Басында қарсыласы ұтып жатқанымен, соңғы минуттарда Ризабек жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Оған дейін бес күміс медаль болған.
Ал грек-рим күресінен соңғы рет 1999 жылы бұйырған. Одан бері де 24 жыл өтті.

Алайда бұл салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейді.

«Мені қолдағандардың барлығына көп рахмет. Бұл 9 жылдық жаттығулардың нәтижесі. Бұл менің 92 келіге дейінгі соңғы жарыстарымның бірі. Келесі жарыстан бастап мен олимпиадалық бағдарламаға кіретін 97 келіге дейінгі салмаққа ауысамын. Енді менің мақсатым - Олимпиадада медаль жеңіп алу», - деді Ризабек.

Сонымен қатар 86 келідегі Азамат Дәулетбеков екінші жыл қатарынан қола медаль еншіледі. Ол Париж Олимпиадасының жолдамасына да ие болды.

Бүгін қыздардан Жәмилә Бақбергенова 72 келіге дейін салмақта қола жүлде еншіледі.

Ұлттық құрама көшбасшысы үшінші орын үшін бәсекеде Наталья Ивона Стшалканы (Польша) 4-1 есебімен жеңді. Бұл 27 жастағы қазақстандық спортшының дүниежүзі бәсекесіндегі қатарынан үшінші жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған.

Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ палуаны.

Айта кетейік, Бақбергенова кеше чемпионатты 1/8 айналымнан бастап, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Фанни Нагидың (Сербия) жауырынын жерге тигізіп, сосын, ресейлік Ксения Бураковадан айласын асырды (7-1). Алайда жартылай финалда Даваанасан Энх Амарынға жол берді.

Осы тұста Жәмилә Бақбергенова (72 келі салмақта) сары құрлық бəсекесінде 3 мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ палуаны екенін айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Қазақстандық палуан чемпионаттан кейін Ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта бақ сынап, тәжірибелі Эльмира Сыздықованың орнын жоқтатпауға тырысады.

Ал бүгінгрек-рим күресінің шеберлері бозкілемге шығып, 55, 77 және 82 кг дейінгі салмақтағы финалистерді анықтады.

Ұлттық құрама палуаны Марлан Мұқашев 1/8 айналымда (55 кг) украиналық спортшыны ұтқан. Алайда ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы Эльданиз Азизлиге (Әзербайжан) жол берді.

Демеу Жадыраев іріктеуде хорватиялық спортшы Антонио Каменьяшевичті, сосын, Тойлы Оразовты (Түркменстан) және былтырғы чемпионаттың финалисі Золтан Леваиды (Мажарстан) жеңді. Алайда ширек финалда 2019 жылғы Ослодағы әлем чепионатының күміс жүлдегері, Еуропа жеңімпазы Санан Сулеймановқа (Әзірбайжан) есе жіберді.

Ал Диас Қален 1/8 кезеңде ресейлік спортшы Әуес Гонибовқа қауқар таныта алған жоқ.

Айта кетейік, егер Марлан Мұқашев пен Демеу Жадыраевтың қарсыласы финалға шықса, онда қазақстандықтар ертеңгі жұбаныш кездесудеріне қатысады.

Есіңізге сала кетейік, Сербия астанасындағы палуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы кім мықтыны анықтайды.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика