Вернуться к списку статей

Абиба Әбужақынова Ташкентте күміс медаль еншіледі

Дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Абиба Әбужақынова (-48 келі) Өзбекстан астанасы Ташкентте басталған Grand Slam турнирінің финалына дейін жетті.

Ол алғашқы айналымда түркімен спортшысы Гүзел Инамовадан басым түссе, екінші белдесуінде израилдік Тамар Малканы “иппонмен” жеңді. Ширек финалда отандасымыз америкалық Мария Лабордеден айласын асырып, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда байырғы қарсыласы Тара Бабулфатхпен белдесіп, Бакуде кеткен есесін қайтарды. Өкінішке қарай, финалда ресейлік Сабина Гилиязовадан жеңіліп қалды. Бұл екі палуан арасындағы екінші белдесу. Бұған дейін жеке кездесуде Абибаның бағы жанған. Осы салмақтағы қола жүлде Тара Бабулфат пен Тугче Бедерге (Түркия) бұйырды.

Бұл қазақ дзюдошысының Үлкен дулыға санатындағы турнирдегі алғашқы күміс медалі. Абиба осыған дейін Баку (2024 жыл), Тбилиси (2023 жыл), Париж (2023 жыл)Әбу-Даби (2022 жыл) мен Ұлан-Батыр (2022 жыл) қаласындағы Grand Slam-да қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ ол осыдан 2 жыл бұрын Ташкент татамилерінде әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесін мойнына таққан.

Өзге спортшыларға келсек, 60 келіде ерлер арасында сынға түскен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов ширек финалға дейін Куба және Грузия балуандарынан басым түскен еді. Алайда, ол ширек финалдық сында тағы бір грузин балуанымен күрес кезінде қарсыласының аяғынан ұстады деген ескертумен жарысан шығып қалды. Ал жұбаныш белдесуінде бельгиялық қарсыласына қарсы ол татамиге шыққан жоқ.

Сонымен бірге, 66 келіде 1/8 финалда күрескен Ғұсман Қырғызбаев қырғыз балуаны Қубанышбек Айбекұлынан, Жанарыс Рахметқали Израиль өкілі Барух Шамиловтен ұтылып, жарысты аяқтады. 60 келіде Нұрқанат Серікбаев ресейлік Аюб Блиевке жол берді. 48 келіде сынға түскен Ғалия Тынбаева алғашқы белдесуде германиялық қарсыласын жеңгенімен, екінші кездесуде ресейлік Сабина Гилазовадан айласын асыра алмады. 52 келіде Аружан Ережепова бірінші кездесу өзбек спортшысынан басым түсіп, 1/8 финалда БАӘ өкіліне есе жіберді. Осы салмақта күрескен тағы бір Қазақстан балуаны Балнұр Әбдешова бірінші белдесуінде кипрлық дзюдошыдан өте алмады. 52 келіде татамиге шыққан Бақыт Құсақбаева бірінші белдесумен Ташкент турнирін аяқтады.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика