Вернуться к списку статей

Футболдағы есеп. «Барыс» Қазанда буллитен есе жіберді

Хоккей
221

Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын Астананың «Барыс» клубы бұрынғы қалпына қайта түсті. Жаңа жылдың қатарынан төрт ойын ұтып, бір қуантқан. Ал қазір жағдай қайтадан күрделене түсті.

Бұл жолы Татарстан астанасы Қазан қаласына барған. Қарсылас «Барыс» үшін өте ыңғайсыз «Ақ Барс» болатын. Осыған дейін екі клуб 51 ойын өткізсе, татарлар соның 40 матчында жеңген. Мұның өзі көп нәрсе аңғартады. «Барыс» талай мәрте плей-оффта да осы «Ак Барстан» таяқ жеген.

Ойынның алдында елорда клубы Шығыс Конференциясында 11-орында тұрған. Ал қазандықтар жетінші еді. «Барыс» бапкері матчқа мына құрамды шығарды: Шутов (Кудимов) – Хенкель-Ножье, Камара-Червени-Апальков; Скленичка-Грант, Старченко-Шестаков-Савицкий; Бекетаев-Шалапов, Рымарев-Гурков-Әсетов; Данияр-Нұрғалиев, Оспанов-Өмірбеков-Логвин.

Команда үш кезеңде бірде-бір шайба соға алмады. Былайша айтқанда футболдағы есеп тіркелді. Сосын овертаймда да ештеңе өзгерген жоқ. Ал буллитте «Ак Барстың» жолы болды.

Осылайша, жерлестеріміз қатарынан үшінші ойын ұтылып отыр. Оның алдында «Барыс» төрт матчты жеңіп, аз-кем үміт сыйлаған...

Қазір команда 49 матчтан кейін 40 ұпаймен Шығыс Конференциясында 11-орында тұр.

Енді «Барыс» 15 қаңтарда Тольяттидің «Лада» клубымен кездеседі.

«Ак Барс» (Қазан, Татарстан) – «Барыс» (Астана, Қазақстан) 1:0 Б 0:0, 1:0)

Шайба:
1:0 – 65:00 Семёнов. Буллит.

Қақпашылар:Билялов – Шутов
Айып саны: 2:12 (0:2, 2:6, 0:4, 0:0).


Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика