Вернуться к списку статей

Зико десе Зико еді

Футбол
155

Артур Антуньеш Коимбр (Зико) мына жарық дүниеге 1953 жылдың наурыз айында келіпті. Сол кезде оның бірнеше жылдан кейін екінші Пеле атанатын ешкім білген жоқ.Ал қазір бүкіл әлем Зиконы аңыз футболшы және талантты бапкер ретінде жақсы таниды.

Зико Бразилия футболының тарихына өз есімін алтын әріппен жазған адам.Ол тек бір ғана «Маракана» стадионының өзінде 333 гол соққан екен. Сондай-ақ «Фламенго» (Рио-де-Жанейро) командасы тарихындағы ең үздік мерген. Еншісінде 568 доп бар.

Зиконың талантын алғаш журналист Нелсон Гарсия байқайды. Ол кезде болашақ футбол жұлдызы 14 жаста болған екен. Гарсия «Фламенго» клубында скаут болып жұмыс істеп жүргендіктен талантты баланы командаға әкеліп таныстырады. Аулада балалармен доп теуіп өскен ол мамандардың алдында дриблингтің түр-түрін көрсетеді. Бірақ салмағы небәрі 37 келі ғана болғандықтан қиындықтар туындайды. Команданың бас бапкері Флейтас Солиш қанша талантты болса да, мынадай ілмиген баладан түк шықпайды деп кесіп айтады. Зико жаттықтырушының қателескенін көрсету үшін өзін дәлелдеуге тырысады. Алдымен жаттығу залында денесін шынықтырады және арнайы медициналық препараттар қабылдайды. Ұзақ уақытын осы залда өткізіп жүрді. Сөйтіп 1967-1970 жылдар аралығында 16 келі салмақ қосады. Ал арада төрт жыл өткенде салмағы тағы 13 келіге артады. Бойы 172 см-ге дейін өседі.

Салмағы қалыпқа келіп, шеберлігі толысқан соң 1971 жылы бапкерлер штабы оны команданың негізгі құрамына алады. Оның бойында табиғат берген үлкен талант бар еді. Бірақ сол таланты тек тынбай жаттығу жасау және еңбек сүйгіштігінің арқасында ашылды.

12898

Зиконың басты ерекшелігі, алаңда допты ұзақ ұстап жүрудің шебері болатын. Бір сәтте бірнеше футболшыны оңай алдап өту де ол үшін түк емес. Сондай-ақ әріптестеріне күтпеген жерден пас шығаруды да жақсы меңгереді. Екі аяқпен бірдей тебу, баспен ойнау, ұзын бойлы қорғаушылардан айласын асырып кету секілді қасиеттер оның бір басына үйіліп-ақ келді. Әсіресе, 20-25 метр жерден белгіленген айып соққысын керемет орындайтын. Зико нүктеге келгенде трибунадағы жанкүйерлер тыныштала қалатын. Статистика мамандарының есебі бойынша, оның айып соққысынан енгізген голдарының 80 пайызы қақпаның алыс бұрышына кіреді екен.

«Ақ Пеле» атанған футболшының тағы бір ерекшелігі, жаттығу жиындарына бірде-бір рет кешігіп көрмеген екен. Тіпті, елдің соңында қалып, өзі жеке айып соққысын орындаумен сағаттап жаттығудан жалықпайтын. Еңбекқорлығына бапкерлердің барлығы сүйсінетін.

Зико «Фламенго» сапында алғаш рет 1974 жылы Рио-де-Жанейро штатының чемпионы атанып, 49 гол соғады. Мерген шабуылшы арада екі жыл өткенде құрама бапкерінен шақырту алады. Ол Бразилиямен бірге Америка құрама штатының құрылғанына 200 жыл толуына орай өткізілген турнирге қатысады. Уругвайға қарсы өткізген дебютті матчында айып соққысынан әдемі гол соғып, бапкер сеніміне ие бола бастайды.


Осыдан соң Бразилия құрамасына үздіксіз шақырылып тұрды. Үш бірдей әлем біріншілігіне қатысты. Ең алғаш 1978 жылы Аргентинадағы дүниежүзілік доп додасында сәтті өнер көрсетті. Сол кезде Бразилия құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Бірақ Зико жарақат алып, барлық матчқа бірдей қатыса алмады. Ал оның алдында бір жыл бұрынОңтүстік Американың үздік ойыншысы атанды. Кейіннен бұл жетістігін 1981 және 1982 жылдары қайталады.

«Фламенгоның» 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың басындағы керемет жетістігін Ақ Пеленің ойынымен байланыстыратындар көп. Клуб бірнеше рет Рио-де-Жанейро штатының және Бразилия чемпионатының жеңімпазы атанды. Клубтық тұрғыда ең жоғары атаққа1981 жылы қол жеткізді. «Либертадорес» кубогында бразилиялық команда топ жарды. Финалда Чилидің «Кобрелоа» клубын жеңді. Матчтағы төрт голдың барлығын Зиконың өзі соқты.

Сол жылы «Фламенго» Токиода өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатында Англияның «Ливерпуль» командасын 3:0 есебімен ұтып, тағы бір жүлдеге қол жеткізеді. Бұл матчта біздің кейіпкер гол соққан жоқ. Бірақ жапондықтар оның ойынынан ерекше ләззат алып, кейіннен өздерінің чемпионаттарына шақырған.

«Фламенго» және Бразилия құрамасы сапындағы үздік ойыны арқасында Еуропа грандтарының көзіне түседі. Талантты футболшыны өз командасы сапынан көргісі келетіндердің қатары күн сайын өсе түсті. Мысалы, 1976 жылы «Реал», 1982 жылы «Барселона», «Ювентус», «Фиорентина» аса қатты қызығушылық танытқан. Бірақ оның таңдауы мүлдем басқа болды. Туған командасында үздіксіз 12 жыл ойнаған шабуылшы 1983 жылы Италияның ортақол ұжымы «Удинезенің» жейдесін киді. Алғашқы маусымда Зико 19 гол соғып, А сериясында Платиниден кейінгі екінші мерген атанды. Сондай-ақ Италия біріншілігінде оған дейін жаңадан келген ойыншылардың арасында бірінші жылы осынша гол соққан ешкім болмапты. Бұл рекордты 90 жылдары отандасы Роналдо жаңартты. Келесі жылы А сериясының үздік ойыншысы атанды. Бірақ Зико Апенин түбегінде ұзақ жүрмеді. Екі жылдан соң Еуропадағы салық мәселесіне байланысты отанына қайтып оралды.Оның үстіне аса ауыр жарақаты болды. Бразилияда сүйікті футболшысын «Фламенго» қайтадан жылы қабылдады. Осылайша тағы төрт жылы атақты «Маракана» алаңында өтеді.

Туған жеріне оралғаннан кейін кезекті ойындардың бірінде жарақат алып, бұрынғы спорттық бабына қайтып ене алмай қалады.

Сол жарақаттың кесірінен1986 жылғы Мексикадағы әлем біріншілігінде көсіліп шаба алмайды. Тек жаттығу залдарынан шыққан жоқ. Жарақатынан тез айығудың жолдарын қарастырды. Бірақ бір кездегі лыпылдап тұрған Зиконың деңгейіне жете алмайды.«Ацтектердің» елінде ол көбінесе екінші таймда шығып жүрді. Ал ширек финалда Францияға қарсы матчта нағыз футбол трагедиясы болды. Ол алаңға ойынның аяқталуына 20 минут қалғанда шығады. Есеп бұл кезде 1:1 еді. Зиконың шығуымен Бразилияның ойыны аз да болса ширай бастайды. Кезекті шабуылдардың бірінде алаңға тың күшпен шыққан футболшыны француз қорғаушылары өз айып алаңдарында шалып құлатады. Төреші 11 метрлік пенальти белгілейді. Алайда нүктеге Зиконың өзі келіп, қақпашыдан айласын асыра алмайды. Кездесу соңына дейін осы есеп өзгермеді. Пенальти сериясында Платини бастаған жігіттердің жолы болды. Бұл Зиконың Бразилия құрамасындағы соңғы матчы еді.

«Фламенго» сапында 1989 жылға дейін өнер көрсетті. Сол аралықта тағы бір мәрте ел чемпионы атанды. 1989-1991 жылдары футболдағы карьерасында біраз үзіліс жасайды.Зико алдымен Бразилия үкіметінің спорт жөніндегі кеңесшісі болады. Келесі жылы спорт министрі болып тағайындалады. Айтпақшы, бірнеше жылдан соңфутбол королі Пеле де министр болған еді.

Бірақ Зико бұл лауазымда ұзақ болмады. Кабинетте бір орында отырғаннан жалыға бастайды. Сол кезде сары құрлықтан ұсыныс түседі. Дәлірек айтқанда, Жапониядан. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, Күншығыс еліне жол тартады. Ол жақта«Сумитомо Металс» және «Касима Анлер» деген командаларда өнер көрсетеді. Жалпы, Жапонияда өткізген 54 матчта 40 гол соғады.

Үлкен футболды 1994 жылы жағажай футболына ауыстырды. 1995 жылы Рио-де-Жанейрода өткен әлем чемпионатында Бразилия футболшылары топ жарды. Зико сол біріншіліктің үздік ойыншысы атанды. Осылайша үлкен футболда жүргенде армандаған әлем чемпион атағына бутсы кимей ойнайтын жағажай футболында қол жеткізді.

12897

Ойыншы ретінде карьерасы аяқталған соң бапкерлікке бет бұрады. Басында Касимада қалып, өзі өнер көрсеткен «Антлерс» клубының техникалық директор болды. Кейіннен 1998 жылғы әлем чемпионатының қарсаңында Бразилия құрамасы бас бапкерінің көмекшісі болды. Марио Загалло екеуінің тандемі бойынша жасақталған құрама финалға дейін жетті. Бірақ ұлттық құрамада ұзаққа қалмады.Чемпионаттан кейін келесі жылы Күншығыс еліне қайта барады. Тағы да бұрынғы қызметіне жайғасқан. Тек арада 3 жыл өткенде барып Жапония құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалды. Алдымен 2002 жылғы Азия кубогында топ жарды. Өз жерлерінде өткен әлем біріншілігінде жапондар топтан бірінші орынмен шықты. Бірақ 1/8 финалда Түркияға жол беріп алды. Одан кейін 2006 жылғы әлем біріншілігіне қатысты. Ол жақта жапониялық жанкүйерлер Зиконы футбол құдайындай көреді.

Дегенмен 2006 жылы Жапониядан кетіп, Стамбұлдың «Фенербахче» клубын жаттықтырады. Түркияда Зиконың жолы болды. Келген жылы-ақ ел чемпионатында топ жарды. Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетті. Клуб алғаш рет кәрі құрлықтың гранд турнирінде ширек финалға дейін жетті. Бұл көрсеткішті ешқандай бапкер қайталай алған жоқ. Сонымен қатар Түркия Суперкубогында жеңіске жетті.

Одан соң күтпеген жерде өзіміздің Өзбекстанға келеді. Сол кездері «Бунедкор» жұлдыздарды жинап жатыр еді. Ривалдо бастаған команда ішкі чемпионатта барлығынан оқ бойы озып шығып, жеңімпаз атанды. Бірақ Зико ұзақ тұрақтаған жоқ. Соңғы жылдары тіптен тұрақсыз болып кетті. Ресейде ЦСКА, Грекияда «Олимпиакосты», сосын Ирак құрамасын баптады. Арасында Бразилиядағы «Фламенго» клубының атқарушы директоры болып үлгерді. Ақшасы көп Катарға да барды. Ол жақта «Аль-Гарафа» командасының тізгінін ұстады. Қазіргі кезде Үндістанның «Гоа» клубында бас бапкер.

Жетістіктері:

Үлкен футбол

Ойыншы ретінде

Либертадорес кубогының иегері, 1981 жылы

Құрлықаралық кубоктың иегері, 1981 жылы

Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1978 жылы

Бразилия чемпионатының жеңімпазы, 1980, 1982, 1983, 1987 жылдары

Рио-де-Жанейро штатының жеңімпазы, 1972, 1974, 1978, 1979 (в), 1979 (о), 1981, 1986 жылдары

Жапония чемпионатының жеңімпазы, 1993 жылы.

Бапкер ретінде

Түркия чемпионатының жеңімпазы, 2007 жылы

Түркия Суперкубогының иегері,2007 жылы

Азия кубогының иегері, 2004 жылы

Өзбекстан чемпионатының жеңімпазы, 2008 жылы

Өзбекстан кубогының иегері, 2008 жылы

РесейСуперкубогының иегері, 2009 жылы.

Жағажай футболы

Әлем чемпионы, 1995 жылы

Америка кубогының иегері, 1995, 1996 жылдары.

Жеке жетістіктері:

Оңтүстік Американың үздік ойыншысы, 1977, 1981, 1982 жылдары

Әлемнің үздік ойыншысы («World soccer») журналының тұжырымы бойынша), 1983 жылы

Италияның А сериясының үздік ойыншысы, 1984 жылы.

Бразилияның үздік ойыншысы,1974, 1982 жылдары.

Құрлықаралық кубоктың үздік ойыншысы, 1981 жылы.

Жағажай футболынан әлем чемпионатының үздік ойыншысы, 1995 жылы.

Бразилия чемпионатының үздік ойыншысы, 1978, 1979, 1982 жылдары.

Либертадорес кубогының үздік мергені, 1981 жылы.

Жағажай футболынан әлем чемпионатының үздік мергені, 1995 жылы.

«Маракана» стадионының тарихындағы ең үздік мерген –333 гол.

«Фламенго» тарихындағы ең үздік мерген – 568 гол.

1974 жылы «Фламенго» клубының тарихында бір маусымда 49 гол соғып рекорд орнатса, 1976 жылы 56 гол соғады.

«Фламенго» тарихындағы ең көп ойын өткізген ойыншылардың арасында екінші орын – 731 ойын.

МФИСФ тұжырымы бойынша XXғасырдың үздік ойыншыларының арасында 14-ші орын.

ИФФХС тұжырымы бойынша Америка құрлығының XXғасырдағы үздік ойыншылары арасында 7-ші орын.

XXғасырдағы үздік 100 ойыншысы тізіміне («ФИФА 100») енген (18-ші орын).

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика