Вернуться к списку статей

Шетелде доп теуіп жүрген қазақ футболшылары

Футбол
100

Бір кездері қазақ футболшыларының өзге чемпионаттарда ойнауы сирей бастаған болатын. Әсіресе, 2010-2020 жылдар аралығы солай өрбіді. Отандық премьер-лигада салыстырмалы түрде басқаларынан тәуір доп тепкендерге жалақы жақсы төленеді. Сондықтан ұлттық құраманың көшбасшыларының өзі аса қатты талпына қоймады. Қазір жағдай өзгере бастады. Бактиер Зайнутдинов пен Нұрәлі Әліптен кейін де басқа футболшылар Қазақстан премьер-лигасынан әлдеқайда деңгейі жоғары біріншіліктерде ойнап жүр. Сонымен шет мемлекеттерде ойнап жүрген қазақ футболшыларына қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік.

Ресей

Владимир Путиннің Украинаға басқыншылық жасап, соғыс ашуы футбол әлеміндегі жағдайды да өзгертті. ФИФА мен УЕФА Ресейге түрлі шектеулер қойды. Клубтары еурокубокқа қатыспайды. Сондықтан жоғары деңгейлі футболшылар ақша табу болмаса, карьера жасау үшін осы күні Ресейге келмейді. Бұл бір. Екіншіден, қазақстандық ойыншылар ол жақта легионер болып саналмайды. Сондықтан Ресейде доп тебу қазір әлдеқайда оңай. Бірақ «Зенит» секілді соңғы жылдардағы тұрақты чемпионның негізгі құрамында ойнау да оңай емес. Осы жағынан қазір Нұрәлі Әліп озық тұр.

Маңғыстау облысының тумасы «Зениттің» белді қорғаушыларының бірі. Осыған дейін отандасымыз Санкт-Петербург командасында 50-ге жуық ойын өткізіп үлгерді.

Одан бөлек, Ресейде Лев Скворцов («Химки»), Александр Зуев («Арсенал»), Дмитрий Мирошниченко («Спартак» (Кострома), Давид Есімбеков («Черноморец»), Самат Сәрсенов («Текстельщик») клубында ойнап жүр.

«Ахматта» доп тепкен Марат Быстров «Астанаға» оралды.

Түркия

Түркия чемпионаты да қазір қазақ футболшыларына тиімді. Анадолы елі түркі тілдес елдердің ойыншыларын легионер ретінде санамайды. Сондықтан екі бірдей ойыншымыз Түркия Суперлигасында жүр. Біреуі топ-трансфер. Бұл әрине – Бактиер Зайнутдинов. Отандасымыз – Мәскеудің ЦСКА клубынан Стамбұл «Бешикташ» клубына 6,5 миллион еуроға сатылды.

Әзірге Зайнутдинов 21 матч ойнап үлгерді. Бірақ чемпионатта гол соққан жоқ. Ал УЕФА Конференция лигасында бір мәрте мергендік танытты. Келісішарт 2027 жылға дейін жасалған.

13047

Жақында ұлттық құрама шабуылшысы Абат Айымбетов қосылды. Ол Марко Балотелли, Нани секілді футбол әлеміндегі жұлдыздар ойнайтын «Аданадемирспор» клубында өнер көрсетеді.

Израиль

Алматының «Қайрат» клубының шабуылшысы Артур Шушеначев биыл қыста бізге аса таңсық емес Израиль чемпионатына ауысты. Ол «Хапоэль Беэр Шева» клубының жейдесін киді. Тіпті, екінші матчында гол да соғып үлгерді. Футболшы жаңа командасымен үш жылдық келісімшарт жасаған.

13046

Беларусь

Қазақстан футболшыларының ең көп баратын чемпионаттарының бірі – Беларусь. Бұл жақта төленетін жалақы аз. Сол себепті көп ешкімнің жолағысы жоқ. Біздің жас ойыншыларға шеберліктерін шыңдауға таптырмас мүмкін.

Мысалы, қаңтар айында 19 жастағы Мирас Көбеев Минскінің «Ислочь» клубының жейдесін киді. Мирас Алматының «Қайрат» клубының түлегі. Бірінші лигада 40 матч өткізіп үлгерген. Жаөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасына қатысқан.

13043

«Ислочь» сапына оның алдында 22 жастағы шабуылшы Денис Митрофонов та ауысқан. 2023 жылы 27 ойында 9 гол соқты.

Тағы бір жас шабуылшы Данилл Анкудинов «Днепр-Могилев» клубымен келісімшартқа қол қойды.

13045

Қарағанды қаласының тумасы бұған дейін Молдова, Литва чемпионаттарында ойнаған. Шымкенттің тумасы, Түркияда футбол әліппесін үйренген қорғауш Михаэль Асқаров «Сморгонь» командасында ойнап жүр.

Өзге чемпионаттар

Молдовада жартылай қорғаушы Вадим Яковлев бар. Ол «Бельцы» командасында 30 матч өткізіп үлгерді. Ұлттық құраманың экс-ойыншысы Георгий Жуков Қытайдың «Цанчжоу Майти Лайонс» командасында жүр.

13044

Қырғызстанда біраз футболшы ойнайды. Мысалы, «Дордой» командасында Ислам Юнусов, Бекжан Тоқтарбай, Рамазан Абылайхан бар.


Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика