Вернуться к списку статей

Семей футболындағы жанжал. Смақов кетіп, Карпович келді

Футбол
308

Семей – қазақ футболының отаны саналады. Дәл осы қалада 1913 жылы Мұхтар Әуезов бастаған жігіттер «Ярыш» атты команда құрған болатын. Тәуелсіздік жылдары Семей футболының даңқын «Елімай» клубы артырды. Сосын облыс жабылды, клубтың тағдыры қиындап кетті. Соңғы алты жылда бұл өлкеде мүлдем кәсіби команда болған жоқ. Былтыр Абай облысы құрылып, оның үстіне әкім болып, «Елімайдың» алғашқы президенті тағайындалды. Соның арқасында клуб жанданды.

Бұл жұмысты облыстық мәслихаттың депутаты Серік Байғабылов пен Семей футболының мақтанышы Самат Смақов қолға алды Сосын елдегі танымал футбол функционері, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың туысы Асқар Ұранхаев бірден құрамды жасақтауға белсеніп кірісіп кетті. Федерация «Елімайдың» бірінші лигадан ойнауына мүмкіндік берді. Бұл мәселе де футбол қауымдастығында біраз шу туғызды.

12470

Жаңа маусым биыл сәуір айында басталды. «Елімайдың» бас бапкер қызметін Самат Смақов өзі атақарды. Команда капитаны ретінде тағы бір жергілікті футболшы Еркебұлан Нұрғалиев шақырылды.

Бірінші лигада ойнаса да, Семейдегі ескі стадион әрбір матчта лық толы болды. Жергілікті жанкүйерлердің футболды сағынып қалғаны көрініп тұрды. Командада сенімді ақтай білді. 28 матчта бірде-бір рет жеңілген жоқ. Екінші орындағы «Тұраннан» 7 ұпайға артық жинап, чемпион атанды.

«Елімай» енді премьер-лигада ойнайды. Клуб басшылығы жай ғана ойнап қоймай, жүлдеге таласуды көздеп отырғанын жасырмайды.

Жақында клуб басшылығы бас бапкерді ауыстырды. Бұл жағдай біраз шу тудырды. Қызығы, Самат Смақовты алып тастап, орнына жақын досы Андрей Карповичті тағайындады. Баспасөз қызметі жағдайды былай түсіндірді:

«Осыдан 1 жыл бұрын Абай облысының айтулы жаңалығының бірі – аты аңызға айналған «Елімай» футбол клубының қайта құрылғаны болатын. Бірінші лигада топ жардық. Келер жылы клуб ҚПЛ-де өнер көрсететіндіктен Самат Смақов жаттықтырушы қызметін атқара алмайды. Себебі футбол ережесіне сәйкес бас жаттықтырушыда болуы тиіс PRO лицензиясы жоқ, оны алу үшін ұзақ уақыт қажет. Ал ҚПЛ маусымы оны күтіп тұра алмайды. Самат Қабырұлының атқарған жұмысына зор алғыс білдіреміз», - делінген клубтың ресми хабарламасында.

Осы клубпен тығыз байланыста жұмыс істейтін журналист Айдын Қожахмет Смақов басқа қызмет ұсынылған, бірақ ол тек бапкер болғысы келетінін айтқан деп отыр.

«Былай қарасаң, сырттан қызық болып көрінеді. Смақов бірінші лигада қарсылас шыдатпай, жеңіске жетті. Алайда клуб басшылығы премьер-лигада тәжірибелі бапкер болғанын қалады. Саматтың «Елімайда» қалатын мүмкіндігі болған. Яғни басшылық қызметтердің бірін ұсынған. Бірақ өзі болашағын тек бапкерлік кәсіпте көргісі келеді. Маусым аяқталған соң, екі жақ қол алысып, келісімшартты созған жоқ», - дейді Айдын Қожахмет.

Бұл жағдай бапкердің анасына ұнамай қалды. Футболшының анасы ұлының еңбекқор екенін, клубты аяққа тұрғызғанын айтып отыр.

«Менің ұлыма «Елімайды» көтергені үшін айтқан рахметтері осы болды. «Спартак» стадионы 19 жыл бойы тыныш жатқан еді. Саматтың арқасында оған жан бітті. Семейлік жанкүйерлер оянды және қуанды. Ұлым сол үшін маңдай терін төкті. Бірақ біреулерге оның адал көңілі жақпай қалған сияқты. Біреуге оның кетуі керек болды. Мейлі, енді клубтың келер маусымда қалай ойнайтынын көрейік. Құдай куә. Бір Аллаға тапсырдым. Алланың көзі дұрыс болсын. Шыншыл адамдар көп жағдайда көпке жақпайды. Мен өз ұлымның адал және әділ екеніне кепіл болам. Осыны істеген кісінің Алла жазасын берсін. Бір құдайдан тілейтінім сол», - деп жазды футболшының анасы.

Ал Самат Смақовтың өзі нақты себебін білмейтінін айтты. Енді оның орнын басқа-басқа емес, ең жақын досы Андрей Карпович басты. Ол бұған дейін бір жарым маусым «Ақтөбені» жаттықтырды.

12471

Карповичтің тұсында былтыр команда ел біріншілігінде екінші орын алса, биыл үздік үштікті түйіндеді.

Одан бұрын Андрей «Қайратта» бас бапкердің міндетін атқарушы, «Оқжетпес» пен «Қызылжарда» бас бапкер болды.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика