Вернуться к списку статей

«Ордабасы» жеңіліп, чемпионат қыза түсті

Футбол
194

Ұлттық құраманың ойындарынан кейін Қазақстан премьер-лигасы қайта жалғасты. Бұл жолы 22-турдың ойындары өтті.

Бір қызығы, бұл турда төрт аутсайдер команда өзара кездесті.

«Ақсу» (Павлодар) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 0:1

Гол:Совет 34 (0:1)
Алаңнан қуылды: Красотин, 1.

«Ақсу» тур сайын премьер-лигамен қоштасуға жақындап келеді. Бұл жолы өз алаңында Көкшетаудан келген «Оқжетпеске» есе жіберді. Команда жеңіске жетуге тырыспайтын секілді көрінеді. Бұл ойында алғашқы минуттан бір ойыншыға кем қалды.

Вахид Масудовты кризис менеджер ретінде шақырған. Бірақ қазақ футболының ардагерінің бұл жолы болмай жатыр.

Егер «Ертіс» қайтадан оралатын болса, «Ақсудың» қаржыландыру жағы қиындап кетуі мүмкін.


– Матч бойы 10 адаммен ойнау қиын. Сондықтан көп күш түсті. Жағдайды түзеуге тырыстық. Бірінші тайм сәтсіз аяқталды. Екінші кезеңде тіріле бастадық. Лима мен Чиди Осучквудың гол соғатын мүмкіндіктері болды. Есепті теңестіруге шамамыз жететін еді. Алайда шабуылдарды соңына дейін жеткізе алмадық. Көп күш жұмсадық, басқа ештеңе айта алмаймын, – дейді Вахид Масудов.

«Каспий» (Ақтау) – «Мақтараал» (Атакент) – 0:2
Голдар:
Пайруз, 45+1 (0:1). Тұрсынбай, 85 (0:2).
Пенальти соға алмады: Жаңғылышбай, 25
Алаңнан қуылды:Нәбиханов, 60.

Бірінші лиганың тағы бір болашақ қатысушысы анықталған секілді. «Каспий» Ақтауда басты бәсекелестерінің бірі «Мақтааралдан» ұтылып қалды. Алаң иелерінің бірінші кезекте жеңіске деген құлшынысын байқамадық. Сосын ойын бойынша да дым бітірмеді.

Константин Горовенко шәкірттері таңғажайып бірдеңе болмаса, премьер-лигада қалулары қиындау.

«Атырау» (Атырау) – «Қызылжар» (Петропавл) – 0:0

«Атырау» Петропавлдан келген «Қызылжарды» қабылдаған. Алаң иелері допқа көбірек иеліп, біраз шабуылдап бақты. Тек кездесудің соңғы жағында шаршағаны байқалды. Алайда екі командада да гол соқпай, тең нәтижеге қанағат білдірді.

– Ұлттық құраманың ойындарынан кейін ритмге кіру оңай емес. Үш апта демалдық. Оның үстіне, Атыраудың алаңы да жақсы ойын көрсетуге мүмкіндік бере бермейді. Мысалы, Имнадзе бірге-бір шыққанда доп мүлдем басқа жаққа ұшты. Осының сөзі алаңның тегіс емес екенін айғақтайды. Атырауда қашан да ойнау оңай болмаған. «Ақтөбенің» өзі ұпай жоғалтты. «Ордабасы» да дәл солай болды. Ал «Астана», «Тобыл», «Қайрат» тіпті жеңіліп қалды. Оңай емес екенін осыдан-ақ түсінсеңіздер болады. Ойын сапасына қазір мән берудің қажеті жоқ. Мұндай уақытта тек нәтижеге ойнауға тура келеді, – «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев.

«Астана» (Астана) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1
Голдар:
Дарбо, 5 (1:0). Аманович, 77 (2:0). Дебле, 90+1-пенальтиден (2:1).

Бұл осы турдағы орталық ойындардың бірі болатын. Бірақ қонақтар қарымды қарсылық көрсете алмады. Григорий Бабаян шәкірттері әр таймда бір-бір доптан салып, сенімді жеңіске жетті. Ойынның 5-минутында Дембо Дарбо мергендік танытса, 77-минутта Алекс Аманович есепті ұлғайта түсті. Ал қостанайлық клубтан Серж Дебле 90-минутта бір гол соқты.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Ордабасы» (Шымкент) – 2:1
Голдар:
Тағыберген, 26 (0:1). Филипович, 63 (1:1). Ньянгбо, 81 (2:1).

Пенальти сала алмады: Тағыберген, 90+8.

«Ақтөбе» мен «Ордабасы» кездесуін күткендер көп. Матч та соған сай өрбіді. Осы маусымдағы ең қызықты ойындардың бірі болды. Есепті 26-минутта «Ордабасы» капитаны Асхат Тағыберген айып соққысынан салған. Гол соққаннан кейін капитанның қуанышы алаң иелеріне ұнамай қалды. Жанкүйерлер ысқырып, 33 жастағы жартылай қорғаушыны біраз қыспаққа алды. Негізі Тағыбергенмен жергілікті жанкүйерлердің қарым-қатынасы мұнымен аяқталмады. Ойыннан кейін тіпті балағат сөздер айтылды.

Ал екінші таймда «Ақтөбе» есін жинады. Алдымен, Андрия Филипович Бекхан Шайзаданы бірге бір келгенде алдап өтсе, одан кейін Франк Ньянгбо да мергендік танытты.

Негізі «Ордабасының» бір ұпай алып кететін мүмкіндігі болған. Бірақ Асхат Тағыберген 98-минутта пенальтиден мүлт кетті. Негізі бұл пенальтиге де көпшіліктің күмәні болған.

Осы жеңіліске қарамастан «Ордабасы» ұпай саны басты қарсыластарынан жоғары. Команда алда бес ойын өткізеді.

Енді «Ордабасы» келесі турда өз алаңында «Астананы» қабылдайды.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Қайрат» (Алматы) – 1:2

Голдар: Нұрбол, 12 (1:0). Жоао Пауло, 33 (1:1).Жоао Пауло, 62 (1:2). Алаңнан қуылды: Баньяк, 90+2.

Алматының «Қайрат» клубы Талдықорғанның «Жетісу» клубын жеңді.

Матчтың басында алаң иелері тізгінді өз қолдарына алып, есеп ашқан. Иван Брикнердің әуелетіп көтерген добын Нұрберген Нұрбол қақпаға тулатты. Үзіліске дейін «Қайрат» таразы басын теңестіріп үлгерді. Гол авторы – Жоао Пауло. Бұл оның премьер-лиганың биылғы маусымда салған 16-шы голы болатын. Мергендер көшінде жеке-дара келе жатыр.

Екінші таймда бразилиялық екінші голын соқты. Сөйтіп, «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Алматы команда 38 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. «Жетісу 25 ұпаймен тоғызында орында келеді.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар» (Қызылорда) – 2:2

Голдар: Перцух, 56 (1:0). Милойко, 68 (1:1). Загре, 70 (1:2). Кампо, 90+3 (2:2).

Алаңнан қуылды: Жалмұқан, 58

Аталған турды Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Қызылорданың «Қайсары» түйіндеді.

Турнир кестесінде командалар қатарлас келеді. Жеңген команда жоғары орындарға жылжитын еді. Сондықтан екі командада оңайшылықпен берілмеді.

Алғашында Юрий Перцух «Шахтерді» алға шығарған. Алайда айналдырған 2-минуттың ішінде қонақтар екі гол кіргізіп, таразы басын басқа жаққа бұрды. Абырой болғанда алаң иелері матчтың соңында есепті теңестірді. Қорытынды есеп – 2:2.

Турнир кестесі

Команда

О

Ж

Т

Ж

Д-а

Ұпай

1

«Ордабасы»

21

15

4

2

41-16

49

2

«Ақтөбе»

22

12

8

2

39-20

44

3

«Астана»

21

13

4

4

26-17

43

4

«Қайрат»

22

11

5

6

39-30

38

5

«Қызылжар»

21

11

4

6

22-17

37

6

«Атырау»

22

7

8

7

22-26

29

7

«Тобыл»

20

8

4

8

21-26

28

8

«Қайсар»

22

7

6

9

26-27

27

9

«Жетісу»

22

7

4

11

21-31

25

10

«Шахтер»

22

6

6

10

27-31

24

11

«Мақтаарал»

20

6

3

11

23-26

21

12

«Оқжетпес»

22

6

3

12

20-29

21

13

«Каспий»

22

3

6

13

24-39

15

14

«Ақсу»

22

4

3

15

20-36

15


Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика