Вернуться к списку статей

​Менің арихым басқаларға сабақ болса екен?!.

Футбол
146

Қай салада болсын талантымен таң қалдыратын вундеркиндтер болады. Бірақ солардың көбісі уақыт өте келе қоғамнан өз орнын таба алмай жатады. Бұл жағдай, әсіресе, спортта көп кездеседі. Бүгін біз сөз еткелі отырған кейіпкер – шектен тыc насихат пен танымалдылықтан жапа шеккен футболшы.

Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың орта тұсында футбол әлемінде Сонни Пайктың есімі жиі атала бастады. Он жастағы вундеркиндті Марадонна, Джорд Бест секілді аты аңызға айналған ойыншылармен салыстырушылар көбейді. Соннидің жанында әкесі, агенті жүрді. Сондай-ақ демеушілікке байланысты келісімшарт ұсынушылар көбейді. Англияның премьер-лигасындағы командалар, Голландияның «Аякс» клубы өздеріне шақырып, сынақтан өткізді. Әрбір минуты көпшіліктің назарында болуы жас балаға кері әсертті. Ол, тіпті, 17 жасында өз-өзіне қол салмақшы да болған екен.

Пайк алғашқыда өзінің туған қаласы Эссексенің (Англия) балалар командасында ойнайды. Бір маусымда 150 голға дейін соққан кездері бар. Он екі-он үш жасында скауттардың көзіне түсе бастайды. Сондай-ақ Данияда өткен балалар арасындағы әлем чемпионатына қатысады. Сол кезде бірге онымен Англия құрамасында Дэвид Бентли мен Эшли Янг ойнады.

12913

Сонни 14 жасында-ақ түрлі жарнамаға түсіп ақша табады. Демеушілік келісімшарт ұсынушылар күннен-күнге арта түседі. Киім өндірушілер, әртүрлі фастфуд тағамдар желісі, газдалған сусындар шығаратын кәсіпорындардың жарнамаларына түсіп, миллион фунтқа дейін пайда тауып жүрді.

Пайк агентке де кенде болған емес. Бірнеше агентпен жұмыс істеп көрді. Олардың арасында Эрик Холл (оның клиенттері – Тим Шервуд, Леон Корт, Робби Сэвидж, Терри Венейблс, Деннис Уайз), Скай Эндрю (клиенттері – Сол Кемпбелл, Давид Жинола, Джермейн Пеннант, Джермейн Дефо) секілді танымалдылары бар. Сондай-ақ өз командасына шақырушыларда да есеп болмады. «Аякс» клубының скауты Пайктың бір турнирдегі ойынын бейнежазбадан көріп, Голландияға шақырады. «Аякстің» жасөспірім құрамасы сапында бірнеше жолдастық кездесуге қатысып, тіпті, ПСВ-ға қарсы матчта жеңіс голын соққан.

«Олар мені өздерінің академияларында алып қалғысы келді. Бірақ мен олай болғанын құп көрмедім. Өйткені әрқашан үйден шықпайтын бала болатынмын. «Аякс» мен үшін барлығын жасады. Тіпті, бас бапкер Луи ван Галмен таныстырды. Кездесу көңілді өтті. Бапкердің қасында Нванкво Кану, Патрик Клюйверт секілді атақты ойыншылар болды. Ал акедемиядағы жасалған жағдай тіптен керемет. Бұл бір ғажап кез еді», – дейді Пайктың өзі.

Жас футболшы «Аякстан» қайтып оралған соң, «Лейтон Ориент» командасында тұрақтайды. Бұл команда ойнайтын алаң оның үйіне жақын болады. Бірақ 1996 жылы «Жаттығу және браконьерлік» атты деректі фильм шыққан соң Пайкың өмірі күрт өзгереді. Бұл кино Англия футбол қауымдастығының (FA) қазіргі басшысы Грег Дайк жайлы түсірілген.

«Бұл менің сәтті карьерамның аяқталуының бастапқы кезеңі болатын. Негізі «Ориент» клубымен келісімшартым болды. Бірақ әкем журналистермен сөйлесіп, деректі киноға түсуге келісіпті. Бірде ол мені көлікке отырғызып алды. Орындықта бапкерлердің біреуі отырды. Олар «Челси» клубының жаттығу алаңына алып барды. Түсіру тобы іске кіріскенше олармен бір ойын өткіздім. Бұл киноны сол кезде телеарнадан көрсетті. Осыдан соң «Ориентке» қайтып оралдым. Сол кезде бапкерім мен туралы бір сыбыстардың жеткенін айтты».

Англия футбол қауымдастығы Пайкты бір жылға футболдан аластатады. Мұның себебі – аталған деректі фильм. Жасөспірім футболшыға бұл жағдай ауыр соққы болып тиді.

12912

Бір жылдық ойыннан аластату оның отбасына да әсер етті. Соннидің ата-анасы бұл жағдайға екі түрлі көзқараста болды. Әкесі баласының болашақта жұлдыз болатынын ойласа, Стефани Пайк баласының білім алып, белгілі бір маман болғанын қалады. Бұл даудың соңы ажырасуға әкелді. Жасөспірім футболшыға ата-анасының ажырасуы, тіпті, қиынға соқты. Сол кезде өз-өзіне қол жұмсау жайлы да ойланады. Әйтеуір, достары және бұрынғы бапкері Терри Уэлчтің арқасында тез ес жиып ала қояды.

Ойыннан аластату уақыты аяқталады. Пайк барлығын жаңадан бастауға ниеттеніп, өзіне клуб іздей бастайды. Ол, тіпті, ел танымас үшін ұзын шашын қысқартып тастайды. Бірақ соған қарамастан жеке басын қорлайтын әртүрлі сөздер естіп қалып жүреді. «Оның аяғын сындырыңдар!» – деген сөздерді де құлағы шалды. Түптің-түбінде ол берілді. «Стивенейдж» клубымен келісімшарт жасай алмаған соң, футболды біржола қояды.

Футболды тастаған соң, ағаш ұстасы болады. Кейіннен қызы Фрейи туған соң, білім алуды ұйғарады. Фрейи қазір жеті жаста. Ал бүгінде аптасына алты күн таксист болып жұмыс істейді. Футбол туралы ештеңе ойлағысы келмейді. Өйткені өткен күндерді ұмытқысы келеді.

Өзінің айтуынша, бұл күндері футболға мүлдем қызықпайды екен. Тіпті,теледидардан да қарамауға тырысады. Тек Англия құрамасы ойнаған кезде ғана назар аударатын көрінеді. Негізінен боксты тамашалағанды ұнатады.

Дегенмен Пайк қазір қайтадан көлеңкеден шығып, бұқаралық ақпарат құралдарына көрінгісі келетін сыңайлы. Яғни футбол академияларында өзінің тәжірибесімен бөлісуді ойлап жүр.

«Тоқсаныншы жылдары БАҚ-тың ерекше назарында болған жалғыз жас футболшымын. Ал қазір мұндай жасөспірімдер жүздеп саналады. Мен бұл балаларға ештеңеге алаңдамай, тек жаттығуға көңіл бөлсін деп кеңес айтар едім. Себебі, олар дәл қазір кез келгенді есінен тандыратын миллиондаған ақшаның ортасында жүр. Агенттердің барлығын бірде арам пиғылды дей алмаймын. Бірақ бір кездері мені қоршаған секілді бүгінгі балаларды да айналшақтай бергендері дұрыс емес. Шынымды айтсам, менің неден өткенімді балалар, олардың ата-аналары, тіпті, академия өкілдері де білсе екен деймін. Бәлкім, сол кезде олар дұрыс шешім шығарып, менің көрген азабымды балаларға көрсетпес пе еді», – деп өкініш білдіреді Сонни.

Пайктың оқиғасына көз жүгірте отырып, оның балалық шақтың нағыз тәтті дәмін тата алмағанына жүрегің ауырады. Бұл, тіпті, Сонни секілді дарынды футболшыдан айырылудан да ауыр. Ең бастысы, кейіпкеріміздің өмірін футболсыз қайта бастауына күш тауып, қателіктерін түсінуі.

«Менің оқиғам қайғылы аяқталады деп айтқым келмейді. Себебі, мен қазір кемшіліктерімнен сабақ алып, соларды жөндеуге тырысып жүрген бақытты әкемін. Балаларым қасымда. Бәрі жақсы. Тек менің тарихым өзгелерге сабақ болса екен деймін», – дейді ол.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика