Вернуться к списку статей

Кубокта тек фавориттер жеңіске жетті

Футбол
1K
Премьер-лига бір аптаға үзіліс алып, Қазақстан кубогының 1/8 финалының ойындары өтті. Ширек финалға мықтылардың барлығы шықты. Ешқандай сенсация тіркелмеді.
Премьер-лигада 4 тур бойы жеңістің дәмін татпай жүрген «Атырау» клубы кубокта бірінші лигадағы SD Family командасын аяған жоқ. Қарсылас қақпасына алты гол салды. Соның екеуі португалиялық Педро Эуженио өз атына жазды. Бұл футболшы 2022 жылы «Астана» сапында Қазақстанның үздік сұрмергені атанған. Былтыр Сауд Арабия чемпионатында доп теуіп, биыл Қазақстанға оралған еді.
«Атырау» (Атырау) – «SD Family» (Астана) – 6:0
Голдар: Барбоса, 28 (1:0). Олимзода, 33 (2:0). Педро Эуженио, 46 (3:0). Барбоса, 67 (4:0). Степанов, 83 (5:0). Педро Эуженио, 87 (6:0).
Былтырғы кубок иегері Қостанайдың «Тобылы» Қызылордада «Қайсармен» кездесті. Милич Чурчич шәкірттері аса қиналған жоқ. Қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол салып, ширек финалға шықты.
Негізі бірінші таймда «Қайсардың» пенальтиден таразы басын теңестіретін мүмкіндігі болған. Алайда Бородин мүлт кетті.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тобыл» (Қостанай) –  0:3
Голдар: Эль-Мессауди, 27 (0:1). Цонев, 60 (0:2). Эль-Мессауди, 83 (0:3).
Тараз талантты түлектерімен мақтанғанымен, облыста қазір премьер-лигада ойнайтын команда жоқ. Жергілікті «Тараз» клубы бірінші лигада жүр. Кубокта ел чемпионы «Ордабасыға» қарсы ештеңе істей алған жоқ. Шымкент командасы мәселені бірінші таймда шешті.
«Тараз» (Тараз) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:2
Голдар: Режинальдо, 36 (0:1). Тұңғышбаев, 37 (0:2).
Алматының «Қайраты» чемпионатта «Тұранмен» тең түскен. Осы жолы кубокта аяған жоқ. Қарсылас қақпасына жауапсыз гол салды. Былтыр «Ақтөбе» намысын қорғаған Сантана мен Гадрани мергендік танытты. Сосын пенальтиден Еркебұлан Сейдахмет мүлт кеткен жоқ. Қорытынды есеп  - 3:0.
«Қайрат» (Алматы) – «Тұран» (Түркістан) – 3:0
Голдар: Сантана, 29 (1:0). Гадрани, 40 (2:0). Сейдахмет, 90+4-пенальтиден (3:0).
Астана қаласының екі командасы кубоктың 1/8 финалында жолықты. Бұл ойында матч тағдырын жалғыз гол шешті. Рамазан Кәрімовтің 5-минутта соққан добы Григорий Бабаян шәкірттеріне жеңіс сыйлады.
«Жеңіс» (Астана) – «Астана» (Астана) – 0:1
Гол: Кәрімов, 5 (0:1).
Ал Петропавлдың «Қызылжар» клубы бірінші лигадағы «Оңтүстік академия» жастарынан басым түсті. Негізі ойын барысында Диас Донбай 27-минутта «Оңтүстік академияны» алға шығарған еді. Дегенмен, екінші таймда «Қызылжар» бірнеше шабуыл ұйымдастырып, өз діттегеніне жетті. Петропавл командасынан Мәди Хасейін мен Рубен Бриджидо мергендік танытты.
«Оңтүстік» (Шымкент) – «Қызылжар» (Петропавл) – 1:2
Голдар: Доңбай, 27 (1:0). Хасейн, 69 (1:1). Бриджидо, 71 (1:2).
Премьер-лиганың дебютанты Семейдің «Елімай» клубы Қарағандының «Шахтерінің» осал тұсын тапты. Бірінші тайм тең аяқталды. Ал екінші кезеңде «Елімай» сапынан Шина есеп ашқан. Бірақ қарсылас та қарап қалмай, Дмитрий Бачек 73-минутта таразы басын теңестірді. Алайда «Елімай» бәрібір жеңісті жұлып алды. Шешуші голды «Шахтердің» түлегі Иван Свиридов бұрынғы командасының қақпасына салды. Қорытынды есеп – 2:1.
 «Елімай» (Семей) – «Шахтер» (Қарағанды) –  2:1
Голдар: Шина, 50 (1:0). Бачек, 73 (1:1). Свиридов, 87 (2:1). 
Сол секілді «Ақтөбеде» үздік сегіздіктің қатарынан табылды. Дмитрий Парфенов шәкірттері Талдықорғанның «Жетісу» клубын жеңді. Матч 1:0 есебімен аяқталды.
Осылайша, ширек финалға шыққан 8 команда анықталды.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:0
Гол: Бессмертный, 44 (1:0).
Алаңнан қуылды: Шрамченко, 84.
 
Ширек финалдың жұптары:
 

«Тобыл» - «Астана»
«Атырау» - «Қайрат»
«Ордабасы» - «Ақтөбе»
«Елімай» - «Қызылжар».
 
Ширек финалдың ойындары 8 мамырға жоспарланған. Жартылай финалдың ойындары 29 мамыр мен 19 маусымда өткізіледі. Финал 29 қыркүйекке белгіленген.
 
Яндекс.Метрика