Вернуться к списку статей

«Қайрат» қалды, «Аят» қайтты

Футбол
224

Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі іріктеу кезеңі аяқталды. Ереже бойынша әр топтан үш команда элиталық раундқа өтті. Қазақстан атынан «Қайрат» пен «Аят» өнер көрсетті.

Рудныйдың «Аят» клубы Хорватияда ойнады. Қарсыластары Португалияның «Спортинг», Хорватияның «Олмиссум» және Украинаның «Хит» командалары болды.

Алғашқы ойында «Аят» аса тартысты матчта «Олмиссумға» 2:3 есебімен есе жіберді. Одан кейін «Спортингке» шамасы жетпеді. Әрине, Португалия клубы – футзалдағы алыптардың бірі. УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін чемпионы. Бұл ойын 1:6 есебімен аяқталды. «Аят» сапынан жалғыз голды команда капитаны Азат Валиуллин соқты.

Ал үшінші ойында Украинаның «Хит» командасымен кездесті.Басында бәрі әдемі басталған. Алғашқы 10 минутта Әбдірасул Әбдіманапұлы мен Евгений Козырчиков екі гол соққан. Ойынның соңғы минуттарында украиналық команда екі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті.

«Аят» төртінші орынмен Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады.

Алматының «Қайрат» клубы биыл стратегиясын өзгерткен. Бразилиялық Кака бапкерді испаниялық маман Марлон Веласко Эрас алмастырған болатын.

«Қайраттың» ойындары Испанияда өтті. Олардың қарсыластары – Испанияның «Пальма», Венгрияның «Халадаш» және Люксембургтің «Дифферданж» командалары болды.

Алғашқы екі матчта жерлестеріміз «Дифферданж» клубын 4:2 есебімен сүріндірсе, Венгрияның «Халадаш» командасымен 2:2 есебімен тең ойнады.

Соңғы үшінші кездесуде УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазымен кездесті. «Пальма» былтырғы маусымда чемпион атанған. Матчтың басында Дуглас допты қарсылас ойыншыдан тартып алып, Денерге берген. Бірақ бразилиялық легионер мүлт кетті.

«Сен соқпасаң – саған салады» қағидасы жүзеге асты. Ресей азаматтығын алған бразилиялық Ромуло келесі 1 минуттан кейін «Пальманы» алға шығарды. Үзіліске дейін испаниялық тағы екі гол соқты. Бруно Гомес 14, Фабиньо 15-минутта мергендік танытты.

Екінші кезеңде «Пальма» сапынан Клебер автогол соғып, «Қайратқа» үміт сыйлаған. Сосын Кайо Руис 29-минутта есепті 2:3-ге жеткізген. Бірақ осы тұста Фабиньо маңызды голды кіргізіп, ойын тағдырып шешіп кетті. Соңғы минуттағы Дәурен Тұрсағұловтың голы ештеңе шешкен жоқ. Қорытынды есеп – 2:4 «Пальманың» пайдасына.


Енді «Қайрат» элиталық раундта ойнайды. «Пальмамен» «Төртеудің финалына» дейін кездеспейді. Жеребе 2 қарашада өтеді.

Бірінші топ : СПОРТИНГ (Португалия), БАРСА (Испания), ПАЛЬМА (Испания), БЕНФИКА (Португалия);


Екінші топ: ҚАЙРАТ (Қазақстан), ХИТ (Украина), АНДЕРЛЕХТ (Бельгия), ЭТУАЛЬ (Франция);

Үшінші және төртінші топ: ОЛМИССУМ (Хорватия), ЛОЗНИЦА-ГРАД (Сербия), ХАЛАДАШ (Венгрия), ДОБОВЕЦ (Словения), ЛЮБАВА (Польша), РИГА (Латвия), ПРИШТИНА (Косово), ЭБОЛИ (Италия).

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика