Вернуться к списку статей

Қыздар футболы қараусыз қала бере ме?

Футбол
1K
Қыздар футболы қараусыз қала бере ме?
Кеше Ресей қыздарынан 0:3 есебімен ұтылып қалған Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Айтбай Жамантаев бұған ел чемпионатын кінәлады. Жаттықтырушының сөзін сабақтап, саралап көрсек.

Ойыннан кейін журналистер алдында сөз алған Айтбай Саяжанұлы ұлттық құрамаға шақыртылған барлық қыздар еліміздің қазіргі таңдағы ең үздік футболшылары екендігін айтып, алаңға шыққандардың көбісі өрімдей жасөспірімдер екендігін тілге тиек етті.

– Біз Ресейге қарсы терезесі тең дәрежеде ойнай алмаймыз. Қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мжбүр болдық. Егер ашық ойын үлгісін көрсеткенімізде, қақпамызға үш гол емес, одан да көп гол жіберіп алар едік. Жалпы, біздің бұл ірі жеңілісімізге ойыншылар емес, бапкерлер алқасы да емес, чемпионат кінәлі, - деді бас бапкер.

Неліктен, чемпионат? Ойланып көрсеңіз, жауабы бетінде-ақ тұр. Былтыр әйелдер футболынан ел біріншілігіне небәрі бес-ақ команда қатысқан. Онда да екеуі Шымкенттің командасы. Бес команданың үшеуі спорт мектебінің намысын қорғайды. Былайша айтқанда, әуесқой командалар. Құрамы көбіне 18-ге дейінгі бойжеткендерден құралған. Биыл әлі ел біріншілігі басталған жоқ. Дегенмен, бұл жолы да командалар саны бесеуден артық болмайды дегенді естіп жатырмыз. Яғни, сол жартас.

Ал бес командадан бас бапкер ұлттық құраманы қалай жасақтамақ? Арасында үлкен футболға енді ғана келген қыздар бар, легионерлер бар, сонда қалатыны бір командаға жетер-жетпес ойыншылар ғана. Осыдан кейін амал жоқ, құрамаға доп тебуді енді ғана меңгеріп жүрген жас қыздарды тартуға мәжбүр болады. Мәселен, кеше Ресейге қарсы шыққан қыздарымыздың жастарына назар аударып көрейікші. Негізгі құрамда ойнаған Әселхан Тұрлыбекова 19-да, ал үзілістен кейін ойынға қосылған Арайлым Орынбасарова әлі кәмелеттік жасқа толған да жоқ.

Жалпы, Қазақстан қыздар футболының проблемасы Ресейдікімен ұқсас. Бізде ел чемпионатында бес-ақ команда болса, оларда сегіз-ақ клуб. Кеше сәті түсіп, ресейліктердің бас бапкері Елена Фоминадан көршілерімізде қыздар футболының қаншалықты дамып жатқанын сұрадық.

– Ел чемпионатындағы командалардың санын көбейту мүмкін болмай тұр. Өйткені, бір команда құрылса, екіншісі банкротқа ұшырап жатады. Тұрақтылық жоқ. Сондықтан, сегіз клубқа да шүкір. Бізде енді ел чемпионатындағы клубтардың дубльдік командаларын қолға алу қарастырылуда, - деді Елена Фомина.

Өкінішке қарай, дәл қазіргі жағдайда дубльдік командаларды дамыту да мүмкін емес. Өйткені, онсыз да ел біріншілігінде өнер көрсетіп жатқандардың дерлігі жастар. Басқа жолы бар еді, дегенмен, ол да қалған секілді. Ел футболын Ерлан Қожағапанов басқарып тұрғанда Премьер-лигадағы әр клубтың құрылымында футзал және әйелдер командасы болуы тиіс деген ереже қабылданған. Бұл жобаны жанкүйерлер жақсы қабылдап, доп тепкен қыздар болашаққа үмітпен қарай бастаған еді, бірақ жобаны қолдаған ешкім болмады.

Иә, қыздар футболы Қазақстанда бірен-саран адамға болмаса, ешкімге керексіз болып қалғанына кеше тағы көз жеткіздік. Жалпы, 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде біздің аруларымыз бес ойын өткізіп, бәрінде жеңіліп қалыпты. Қақпамызға 12 гол жібергенбіз. Әлі голмен қуанта алмай жүрміз. Егер қыздар футболына деген көзқарасты өзгертпесек, аруларымыз сол күйі гол көрмей кетеді-ау.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика