Вернуться к списку статей

Қазақстан қыздары ағылшын аруларынан ойсырай ұтылды

Футбол
1K
Англия – Қазақстан – 5:0. Фото: cetusnews.com
Әйелдер арасындағы 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында төртінші кездесуін өткізген Қазақстан қыздары Англия құрамасынан оңбай ұтылды.

Бірінші таймда Қазақстан қыздары айбынды Англия құрамасына төтеп берді десек те болады. Алаң иелері ойынның бірінші жартысында бір-ақ гол соқты. Қақпашымыз Оксана Железняк тағы да жанкештілік танытып, ағылшын аруларының бірнеше қауіпті соққыларын тойтарды.

Өкінішке қарай, Оксана жарақаттанып қалғандай. Екінші таймда оның орнына Ирина Сандалова шықты. Бұдан кейін алаң иелеріне гол соғу аса қиын болмады. Олар ойынның аяғына дейін төрт гол соғып, үшінші жеңістеріне аса қиналмай қол жеткізді.

Айтпақшы, 19 қыркүйекте ағылшын арулары өз алаңында Ресей құрамасының қыздарын 6:0 есебімен күйрете жеңген. Ал біздің қыздар тырысып, бір доп кем жіберіп отыр... Жалпы, Айтбай Жамантаев жаттықтыратын қыздарымыз қорғаныста тырысып-ақ жүр.

Ал шабуыл ұйымдастыруға шорқақтау сияқты. Мысалы, осы ойында Англия қыздарының қақпасына бірде-бір соққы бағыттай алмады. Ал алаң иелері Қазақстан құрамасының қақпасын 26 рет нысанаға алды. Оның 13-і қақпаға тура бағытталған соққы болатын.

Біздің құраманы ірі есеппен жеңсе де, ағылшындар бірінші орынға шыға алмады. Себебі Уэльс қыздары түзде Босния және Герцеговина құрамасын тізе бүктіріп, қоржындарына тағы да үш ұпай салды. Бірақ олар бір ойын артық өткізген.

Енді Айтбай Жамантаев жаттықтыратын Қазақстан қыздары 9 сәуір күні (2018 жылы) өз жерімізде Ресей құрамасын қабылдайды. Кім біледі, мүмкін осы ойында кемі бір ұпай олжалаудың сәті түсер. «БИІК-Қазғұрт» биыл Ресейдің екі клубынан да асып түсіп, әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасында 1/8-финалына дейін жеткен....

Англия – Қазақстан – 5:0 (1:0)

Голдар: Лоули, 15. Кёрби, 64-пенальтиден. Пэррис, 69. Пэррис, 75. Кристиансен, 76.

Ескертулер: Гайстенова, 45. Бабшук, 64.

Англия: Бардсли, Гринвуд, Боннер, Хаутон (к), Бронз (Картер, 77), Уильямс (Кристиансен, 63), Уолш, Д.Скотт, Лоули, Пэррис, Тейлор, (Кирби, 63).

Қосалқы құрам: Телфорд, Поттер, Уильямсон, Ноббс.

Қазақстан: Железняк (Сандалова, 46), Бабшук, Красюкова, Нұрышева, Ходжашева, Вылданова, Қырғызбаева (к), Жұмабайқызы, Гайстенова (Власова, 69), Бортникова, Кәрібаева (Тұрлыбекова, 80).

Қосалқы құрам: Демидова, Орынбасарова, Айымқұлова, Әбішева.

Төрешілер: Отт, де Врис, Пьерар (бәрі де – Бельгия)

Колчестер. «Колчестер Комьюнити Стэдиум». 9 643 көрермен.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 26 – 0
Тура соққы: 13 – 0
Қиыс кеткені: 9 – 0
Тойтарылғаны: 4 – 0
Қақпа бағанасы: 1 – 0
Бұрыштама соққылар: 10 – 0
Офсайдтар: 5 – 0
Ескерту (сары қағаз): 0 – 2
Ереже бұзу: 5 – 4


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика