Вернуться к списку статей

«Лион» және «БИІК-Қазығұрт» – Франция чемпионы басым түсті

Футбол
1K
«Лион» (Франция) – «БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – 9:0. Фото: olweb.fr
«БИІК-Қазығұрт» қыздары түзде Чемпиондар лигасының төрт дүркін чемпионынан ойсырай ұтылып, аталмыш кубок додасынан тыс қалды.

Францияның 15 дүркін чемпионы, яғни «Лион» бірінші ойында-ақ деңгейінің өте жоғары екендігін паш еткен. «БИІК-Қазығұрт» Шымкентте әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазынан 0:7 есебімен ұтылып қалған болатын.

Қарымта матчта «Лион Олимпик» арулары тағы да үстемдік танытып, екі гол артық соқты. «БИІК-Қазығұрт» бұл жолы алаңға бес қорғаушы шығарып, қорғанысқа тірек болар шепке үш ойыншысын қойып, екі қатар бекініс құрды. Сонда да, азулы Франция клубына төтеп беру мүмкін болмады.

Сөйтіп, «БИІК-Қазығұрт» қыздары Франция чемпионынан екі рет ұтылып қалды. Әуелі, өз алаңында 0:7 есебімен, ал сегіз күннен кейін түзде 0:9 есебімен есе жіберді. Жалпы есеп – 0:16. Ширек финалға «Лион» шықты. Калоян Петковтің шәкірттері Чемпиондар лигасы додасынан тыс қалды.

Әйтсе де, қыздарымызды жазғыра алмаймыз. Ел чемпионатының деңгейі біршама төмен болса да, «БИІК-Қазығұрт» арулары екі жыл қатарынан әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/8-финалына дейін жетті. Өз мүмкіндіктерінен жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүр.

Ал «Лион» – өте азулы команда. Ерлер арасындағы «Реалмен» де, «Барселонамен» де салыстыруға болады. Қыздарымыздың осындай айбынды командамен додаға түсу құқығына ие болғанының өзі – жоғары нәтиже. Кім біледі, бәлкім келесі жылы ширек финалға шығар. Биыл жеребелері жеңіл түспеді...

«Лион» (Франция) – «БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – 9:0 (4:0)

Голдар: Мажри, 12. Хегерберг, 32. Хегерберг, 36. Абили, 43. Хегерберг, 47. Хегерберг, 58-пенальтиден. Абили, 69. Каскарино, 73. Абили, 83.

«Лион»: Пейро-Маньен, Баша, Бьюкенен, М'Бок Бати, Пети, Марожан, Амрауи, Мажри (Таррье, 68), Каскарино, Хегерберг (Томис, 61), Абили.  

«БИІК-Қазығұрт»: Железняк, Мясникова, Даннигэн (Бабшук, 60), Нганди, Машкова, Кравец, Мессомо (Красюкова, 89), Қырғызбаева, Корт, Ихезуо (Бортникова, 77), Габелия.

Төрешілер: Домингуш, Тейшейра, Диаш (бәрі де – Португалия).

16 қараша. 2017. Десин-Шарпье. «Групама».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 30 – 1
Тура соққы: 17 – 1
Қиыс кеткені: 9 – 0
Тойтарылғаны: 4 – 0
Бұрыштама соққылар: 11 – 0
Офсайдтар: 6 – 2
Ескерту (сары қағаз): 0 – 0
Ереже бұзу: 5 – 5

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика