Вернуться к списку статей

Чемпиондар лигасы – Біздің чемпион «Спортингті» жеңді

Футбол
1K
«БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – «Спортинг» (Португалия) – 2:1. Фото: sporting.pt
Кеше түнде әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі басталып, «БИІК-Қазығұрт» Португалия командасын жеңді.

Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде 40 команда 10 топқа тең бөлініп, додаға түсіп жатыр. Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан чемпионы 8-топта бақ сынайды. Қарсыластары – МТК (Венгрия), «Спортинг» (Португалия) және «Хайвалия» (Косово) клубтары.

Бұл топтың ойындары Будапеште өтіп жатыр. Кеше түнде, яғни бірінші турда «БИІК-Қазығұрт» Португалияның «Спортинг» клубымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жеңіс оңайшылықпен келген жоқ. Матч басталған бетте Қазақстан чемпионы есеп ашқан. «Спортингтің» қыздары үш минуттан кейін таразы басын теңестірді. Алайда, матчтың аяғына қарай қыздарымыз бір гол соғып, жеңісті жұлып алды.

Осы топтағы екінші ойында алаң иелері Косоводан келген қонақтарын 2:0 есебімен ұтты. 25 тамыз күні кешкісін «БИІК-Қазығұрт» дәл осы «Хайвалия» қыздарымен кездеседі. Жеңіске жететіндеріне күмән келтірмейміз. Ал 28 тамызда МТК аруларымен бірінші орынды сарапқа салуға тура келетін шығар. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр біздің тұлым шашты футболшыларымыз УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына дейін жеткен.

МТК (Венгрия) – «Хайвалия» (Косово) – 2:0

«БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – «Спортинг» (Португалия) – 2:1 (1:1)

Голдар: Ихезуо, 7 (1:0). Диана Силва, 10 (1:1). Адуле, 83 (2:1).

«БИІК-Қазығұрт»: Гребенюк, Мясникова (к), Даннигэн, Машкова, Кравец, Қырғызбаева, Корт, Ихезуо, Адуле, Литвиненко (Мессомо, 90+1), Габелия.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 9 – 7
Тура соққы: 5 – 2
Қиыс кеткені: 4 – 4
Тойтарылғаны: 0 – 1
Бұрыштама соққылар: 4 – 3
Офсайдтар: 1 – 1
Ескерту (сары қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 24 – 8

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика