Биыл әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасына биыл 49 мемлекеттен 61 команда қатысты. Осы ретте айта кетейік, бұл лигаға УЕФА-ның ұлттық қауымдастықтар арасындағы рейтингісінде 1-12 орындарға орналасқан елдер екі клубтан қосады.
Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының өткізілу тәртібіне қысқаша тоқталып өтер болсақ, рейтингісі жоғары 21 клуб плей-офф додасына тікелей шығады. Олар – рейтингтік коэффициентері жоғары тоғыз мемелекеттің екі үздік командалары (9 х 2 = 18) және осы тізімдегі 10, 11 және 12-орындардағы елдердің (Австрия, Шотландия және Норвегия) чемпиондары.
Қалған 40 команда, яғни Австрия, Шотландия және Норвегия елдерінің күміс жүлдегерлері мен 37 мемлекеттің чемпионы 11 жолдамаға таласады. Сол үшін олар жеребе тарту арқылы 10 топқа тең бөлінді.
Осы 10 топтың жеңімпазы және екінші орын алған командалардың ішіндегі техникалық көрсеткіштері бәрінен жоғарысы (өз тобындағы бірінші және үшінші орын алған командалармен өткізген ойындары ғана есепке алынады), яғни барлығы 11 клуб плей-оффқа тікелей шыққандарға қосылып, 1/16-финалында бақ сынайтын болады.
Еліміздің өткен маусымдағы чемпионы «БИІК-Қазығұрт» командасы Ньонда тартылған жеребеде 8-топқа түсті. Әрі бірінші қоржында, яғни екшелгендер қатарында болды. Яғни қарсыластарының рейтингілері – төмендеу. Енді тек деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде дәлелдеу керек.
Сонымен, «БИІК-Қазығұрт» командасының (рейтингісі – 24,930) қарсыластары:
МТК (Венгрия, рейтингісі – 14,620)
«Спортинг» (Португалия, рейтингісі – 3,465)
«Хайвалия» (Косово, рейтингісі – 1,330)
Қыздарымыздың “жеребесі жеңіл түсті” деп те айта алмаймыз. Себебі, 8-топтың іріктеу ойындары 22-28 тамыз аралығында Венгрияда өтеді. Яғни МТК командасымен оның алаңында додаға түсу оңай болмайды, әрине. Десек те, «БИІК-Қазығұрт» қыздарына сенеміз. Былтыр олар УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына дейін жеткен. Биыл да жерге қаратпас...