Вернуться к списку статей

Қыздар арасындағы "Еуро-2018" електік додасы Қазақстанда өтеді

Футбол
1K
2-електік топтың ойындары Қазақстанда өтеді. Фото: kff.kz
Ньонда 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 2018 жылы өтетін Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің жеребесі тартылып, 48 команда 12 топқа тең бөлінді.

Қазақстан U-19 құрамасының қыздары 2018 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу турнирінде 2-топқа түсті. Қарсыластары – Англия, Уэльс және Словения құрамалары.

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратқан мәліметке сүйенсек, осы 2-електік топтың іріктеу ойындары 2017 жылдың 18-24 қазанында Қазақстанда өтетін болыпты.

Айрықша атап өтерлігі, 19 жасқа дейінгі қыздар арасында Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі Қазақстанда алғаш рет өтетін болып отыр. Жеребе тарту рәсіміне Қазақстан футбол федерациясы Әйелдер футболы департаментінің директоры Әнуар Биданов қатысқан. 



Жалпы, іріктеу ойындарының регламентіне қысқаша тоқталар болсақ, бірінші сатыдағы іріктеу ойындарының електік топтарынан келесі кезеңге тең жартысы шығады. Яғни әр топтан – екі командадан.

Екінші кезеңдегі іріктеу ойындары 2018 жылдың көктемінде өтеді. Ал Еуропа чемпионатының финалы 2018 жылы жазда Швейцарияда ұйымдастырылады. Финалдық кезеңге жеті құрама шығып, құрлық додасының қожайындарымен бірге бақ сынайды.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика