Вернуться к списку статей

Чемпиондар лигасы – "Пари Сен-Жермен" Шымкентке ұшып келді

Футбол
2K
ПСЖ Шымкентке ұшып келді. Фото: psg.fr
Ертең Шымкентте футболдан әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/8 финалдық матчы өтіп, «БИІК-Қазығұрт» пен «Пари Сен-Жермен» кездеседі.

«Пари Сен-Жермен» клубының ресми сайты әйелдер арасындағы командасының алты сағаттан астам уақыт ұшып, Шымкентке аман-есен жеткендерін хабарлады. Олар әуежайдан бірден қонақ үйге барып, дем алған.

«Пари Сен-Жермен» командасының кейбір қыздары бұған дейін қазақ жерінде болыпты. Олар 2015 жылы Франция құрамасы сапында әйелдер арасындағы біздің ұлттық құрамамен кездескен болатын.

Елордада болған қыздарының бірі, атап айтқанда, Вероника Бокете «Астана – өте әдемі қала болатын, Шымкент шығысқа тән шаһар екен. Тек ескі автокөліктер көп. Ертеңгі қарсыласымыздың қаланың сыртындағы, ен даладағы базасында жатырмыз. Бірақ барлық жағдай жасалған», – депті.



Осы ретте айта кетейік, қазір Франция чемпионатында жеті тур өтті. ПСЖ әзірше өз елдерінің былтырғы чемпионы және Чемпиондар лигасының өткен маусымдағы жеңімпазы «Лион» клубымен үзеңгі қағыстырып келеді.

Аталған екі команда да жеті рет жеңіске жетіп, 21 ұпаймен көш бастап келеді. Бірақ «Лион» жеті ойында 47 гол соқса, ПСЖ 19 доп “қана” соққан. Екеуі өзара 18 желтоқсанда кездеседі.

Айтпақшы,  Қазақстан чемпионы «БИІК-Қазығұрт» та Францияның ең үздік клубынан қалысар емес. Оңтүстікқазақстандық бұрымды футболшылар жақында аяқталған ел чемпионатындағы 16 матчта мүлде ұтылған жоқ. 13 рет жеңіске түсіп, үш ойында тең түсті. 105 (!) гол соғып, төрт-ақ гол жіберіп алды...

Бірақ әйелдер арасындағы Франция чемпионатының Бірінші дивизионында (жоғары тобында) 12 команда ойнайды. Ал Қазақстан чемпионатында бес-ақ команда бақ сынайды...

Сонымен, ертең «БИІК-Қазығұрт» пен «Пари Сен-Жермен» Чемпиондар лигасының 1/8-финалы аясында кездеседі. Бұл ойын біздің уақытпен 14:00-де басталады. Қыздарымызға жеңіс тілейміз!



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика