Вернуться к списку статей

Чемпиондар лигасы – Қазақстан чемпионы Италия клубын жеңді

Футбол
1K
Шымкентте әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/16 финалындағы бірінші ойыны өтіп, «БИІК-Қазығұрт» Италияның «Верона» клубынан 3:1 есебімен басым түсті.

Бірден айтайық, Италия клубы қара-сары жолақты жеңденің Шымкентте жеңіске жеткізбейтінін білмейді екен. «Верона» клубы қыздарының кигені тура Алматының «Қайратының» жеңдесіндей болып шықты. Әрі Оңтүстік Қазақстанда алматылықтар сияқты жеңіліп қалды...

Енді ойынға көшер болсақ, матч басталған бетте Қазақстан чемпионы есеп ашты. «БИІК-Қазығұрт» клубының нигериялық шабуылшысы Чарити Адуле «Верона» қақпашысын қапы қалдырды. Көп ұзамай Гүлнара Габелия есепті еселей түсті.

Қонақтар екінші таймда бір ойыншысын алмастырып, жылдамдықтарын үдете түсті. Ойынға екінші таймда қосылған Пазини «Веронаның» шабуылына қарқын қосты. Олар дәл осы ойыншының арқасында есепті қысқартты да.

Пазини допты шірене теуіп, оны біздің қақпашымыз Оксана Железняк тойтарған. Бірақ кері қайтқан допты «Веронаның» капитаны қақпаға қайыра соқты.

Бұдан кейін де Италия клубының қыздары шабуылды жиілетіп, таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ «БИІК-Қазығұрт» арулары қарсы шабуылдар ұйымдастыра біліп, соның бірінде Гүлнара Габелия қақпашымен бетпе-бет шығып, Тальманнан айласын асырды. 

Ойын соңында қонақтар қалай шабуылдаса да, алаң иелерінің қорғанысын бұзып өте алмады. Ал алыстан бағыттаған соққылары сонша қауіпті болған жоқ.

Сонымен ойын 3:1 есебімен аяқталды. Жаман нәтиже емес. Әйтсе де, бар мәселе Италияда шешіледі. Ал қарымта матч 12 қазан күні түзде өтеді. Алаң иелері есе қайтара алмаса, Қазақстан чемпионы 1/8-финалына шығады.



«БИІК-Қазығұрт» – «Верона» – 3:1

Голдар: Адуле, 3 (1:0). Габелия, 12 (2:0). Габбьядини, 53 (2:1). Габелия, 80 (3:1).   

«БИІК-Қазығұрт»: Железняк, Мясникова, Нганди, Машкова, Кравец, Эшер, Мессомо (Бабшук, 68), Роузборо, Ихезуо, Адуле, Габелия (Жолчиева, 90+2).

«Верона»: Тальманн, Долстра, Карро, Ди Кришо, Роделла, Уильямс (Пазини, 46), Галли, Никеле, Брейненберг (Соффья, 74), Габбьядини, Пьемонте.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика