Вернуться к списку статей

Бойжеткендеріміз Исландия қыздарынан 0:10 есебімен ұтылды

Футбол
1K
19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы. Фото: kff.kz
19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде тағы да оңбай ұтылды. Бұл жолы Исландия бойжеткендеріне төтеп бере алмады. Есеп – 0:10.

Бұған дейін жазғанымыздай, 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы құрамамыз Финляндияның Таммела қаласында 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатыр. Әзірше екі ойын өткізіп, екеуінде де ойсырай ұтылды.

Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде 6-топқа түскен, Роман Заев пен Орынбасар Дәуренбекова жаттықтыратын бұрымды футболшыларымыз әуелі Финляндия қыздарымен кездесіп, 0:7 есебімен ұтылып қалған болатын.

Бұдан кейін Исландия U-19 құрамасымен додаға түсіп, 0:10 есебімен жеңілістің кермек дәмін тағы да татты. Бұл матчта да бір-ақ соққы бағыттап (оның өзі қақпадан қиыс кетіп), қарсыластарының көсіле сілтеулеріне мүмкіндік беріп алды. Ал олар біздің қақпаны 40 рет нысанаға алған...

Ертең – соңғы ойын. Қазақстан қыздары Фарер аралдарының бойжеткендерімен кездеседі. Бұл құрама да екі ойында ұтылды. Бірақ Исландия U-19 құрамасынан 0:5 есебімен, ал алаң иелерінен 0:8 есебімен жеңіліп қалған болатын. Яғни доп айырмасы бойынша, Қазақстан аруларынан әзірше жоғары тұр.

Исландия U-19 – Қазақстан U-19 – 10:0

Голдар: Петюрсдоттир, 41; 50; 80; 90+2. Магнусдоттир, 52. Альбертсдоттир, 63; 73; 85; 90+4. Хадльсдоттир, 66.

Қазақстан U-19: Елисеева (Цыплакова, 67), Садықова, Закаряева, Қожахмет (Гисс, 60), Айтбекова, Жәутікова, Попкова, Тұрлыбекова, Абдурахманова, Әмірбек (Шарапиденова, 84), Аверина.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика