Вернуться к списку статей

Аруларымыз бен бойжеткендеріміз Солтүстік Еуропада күйрей ұтылды

Футбол
1K
Норвегия капитаны Марен Мьельде мен жартылай қорғаушымыз Адиля Вылданова. Фото: h-avis.no
Кеше түнде әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық және 19 жасқа дейінгі қыздар құрамасы Норвегия мен Финляндияда оңбай ұтылды. Жалпы есеп – 0:17.

Норвегия – Қазақстан – 10:0

Әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы кезекті кездесуін өткізіп, Норвегия аруларымен кездескен болатын. Біз үшін Мольдеде өткен матч ірі жеңіліспен аяқталды.

Норвегия құрамасы – футболдан Еуропадағы ең азулы командалардың бірі. 1995 жылғы әлем чемпиондары, Еуропаның екі дүркін чемпиондары (1987, 1993 жж) және 2000 жылғы Олимпиада ойындарының чемпиондары. Осы дүбірлі додалардың үшеуінен алған күміс-қолаларын санап шығу бір қолдың саусақтары жетпейді.

Сонымен не керек, Норвегия құрамасының қыздары өз жанкүйерлері алдында көсіле шауып, біздің құраманың қақпасына 10 гол соқты. Алаңға шыққан жеті қыздары гол соғып, біреуі хет-трик жасап, енді біреуі екі доптың авторы атанды.

Өкінішке қарай, бұл ойында Қазақстан құрамасының арулары Норвегия қақпасына бар болғаны, бір ғана соққы бағыттаған. Ал алаң иелері біздің қақпаны 32 рет нысанаға алған, оның 18-і қақпаға тура бағытталған. Алты рет бұрыштама соққысын орындаған.  

Норвегия – Қазақстан – 10:0

Голдар: Ада Хегерберг, 8. Херловсен, 10. Херловсен, 12. Реинас, 21. Мьельде, 23. Грэм-Хансен, 29. Мьельде, 45+1. Исаксен, 77. Херловсен, 79. Хегерберг, 81.

Қазақстан: Саратовцева, Құлмағамбетова (Бекпенбетова, 82), Николаенко, Бабшук, Жолшиева (Цеван, 46), Вильданова, Мясникова, Хайрулина (Жұмабайқызы, 26), Красюкова, Кәрібаева, Ялова.

Финляндия U-19 – Қазақстан U-19 – 7:0

19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы құрама командамыз Финляндияның Таммела қаласында 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирін бастап, алғашқы матчта алаң иелерінен оңбай ұтылды.

2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде 6-топқа түскен бойжеткендеріміз Финляндия қыздарына төтеп бере алмай, жеңілістің кермек дәмін татты.

Бір қызығы, УЕФА сайтындағы ойын хаттамасына сүйенсек, Роман Заев пен Орынбасар Дәуренбекова жаттықтыратын Қазақстан U-19 құрамасы матч барысында бірде-бір ойыншысын алмастырмаған...

Бұл матчта да Қазақстан бойжетккендері 90 минутта бір соққымен шектелді. Ал финн қыздары 40 рет біздің қақпаны нысанаға алып көрді, оның 18-і қақпаға тура бағытталды. 12 рет допты ойынға бұрыштан қосты. Екі рет доп қақпа бағанасынан кері қайтты.

Кім біледі, бәлкім, бойжеткендеріміз қалған екі ойында жанкештілік танытып, осы жеңілістің есесін қайтара жатар... Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан U-19 құрамасының қыздары енді Исландия және Фарер аралдары аруларымен кездеседі.

Финляндия U-19 – Қазақстан U-19 – 7:0

Голдар: Иконен, 4. Кетола, 7. Кетола, 11. Тулкки, 32. Кетола, 48. Тулкки, 80. Миккола, 87.

41-минутта Кетола пенальти соға алмады.

Қазақстан U-19: Елисеева, Садықова, Закаряева, Қожахмет, Айтбекова, Жәутікова, Попкова, Тұрлыбекова, Абдурахманова, Әмірбек, Аверина.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика