Вернуться к списку статей

"Астана" арулары Шымкент қыздарын "ямайкалатты"

Футбол
1K
Жасөспірімдер арасындағы «Қазақстан Президенті кубогы» халықаралық турнирі. Фото: kff.kz
Бүгін футболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің 14-туры аясында елордамыздың «Астана-Арена» стадионында «Астана» арулары №7 МБЖСМОР-БИІК қыздарын қабылдап, тағы да ойсырата жеңді.

Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын аталмыш командалар осы стадионда бірінші ойындарын өткізген. Сол кездесуде алаң иелері 8:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Бүгінгі ойынға шымкенттік команданың бас бапкері Роман Заев бірінші кезекте қорғанысқа көңіл бөліп, екінші кезекте қарымта шабуылға иек артуды жөн көріпті. Алғашқы жоспары орындалды. Шымкенттік қыздар қорғаныста тамаша ойнап, бірінші таймда Виктор Сеник шәкірттерін тырп еткізген жоқ. Әдетте ойын тағдырын үзіліске дейін-ақ шешіп тастайтын елордалықтар бірінші таймда бір-ақ гол соға алды. 11-ші минутта гол соғып, көзге түскен Ирина Чукисова.

Екінші таймды да шымкенттіктер сауатты бастағанымен 52-минутта алаң иелерінің капитаны Мария Яловадан көз жазып қалып, қақпаларына тағы бір гол жіберіп алды. Одан кейін алаңға шыққанына көп болмаған Әйгерім Әлімқұлова үш-төрт қорғаушыны алдап өтіп, әдемі гол соқса, араңа екі минут салып, есеңгіреп қалған оңтүстік бойжеткендерін Маргарита Панова тағы да қапы қалдырды. Ал кездесудің соңғы минутында Чукисова тамаша соққысымен матчты қорытындылады. Қорытынды есеп 5:0, «Астана» арулары тағы енді келесі кездесуін 26 қыркүйек күні Ақтөбе бойжеткендеріне қарсы өткізсе, шымкенттік қыздар 10 күннен кейін өз алаңында ақтөбеліктерді қабылдайды.

«Астана» – №7 МБЖСМОР-БИІК (Шымкент) 5:0 (1:0)

Голдар: Ирина Чукисова, 11. Мария Ялова, 52. Әйгерім Әлімқұлова, 73. Маргарита Панова, 75. Ирина Чукисова, 90.

Ескертулер: Әйгерім Айтбекова, 63. Настя Низамутдинова, 67. Зумира Әбішева, 69.

«Астана»: Ирина Саратовцева, Ұлпан Пазыл (Разина Жұмабайқызы 77), Сюзанна Корнецова, Марина Пушкарева, Виолетта Мицул (Алина Свергун 71), Анастасия Берендеева, Юлия Николаенко (Тоғжан Бекпенбет 70), Ирина Чукисова, Анна Костина (Маргарита Панова 47), Аида Гайстенова (Әйгерім Әлімқұлова 66), Мария Ялова.

№7 МБЖСМОР-БИІК: Алина Боброва, Әбдірахманова, Тамара Спаданейко  (Татьяна Аверина 64), Шахир Ходжалиева, Әсел Тұрлыбекова, Виктория Попкова (Айша Садықова 76), Вероника Корниенко, Әйгерім Айтбекова, Евгения Ларина (Светлана Боловацкая 86), Мадина Әмірбек (Настя Низамутдинова 67), Зумира Әбішева.

Төрешілер: Эльвира Нұрмұстафина (Теміртау), Дамир Сырымов (Астана), Дана Үсенова (Астана).

Астана. «Астана-Арена» стадионы. 200 көрермен.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика