Вернуться к списку статей

2018 жылғы әлем чемпионатының Ұйымдастыру комитеті төрағасы қызметінен кетті

Футбол
1K
Фото fifa.com сайтынан
Футболдан 2018 жылғы ХХІ әлем чемпионатының Ұйымдастыру комитетін басқарып жүрген Виталий Мутко қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Осыдан бірер күн бұрын Виталий Мутко Ресей футбол одағының президенті қызметінен кеткен болатын. Енді ХХІ әлем чемпионатының «Ресей-2018» деп аталатын Ұйымдастыру комитеті төрағалығынан да кетіп отыр.

Енді 2018 жылғы ХХІ әлем чемпионатының Ұйымдастыру комитетін Алексей Сорокин басқарады екен. Ол бұған дейін «Ресей-2018» комитетінің бас директоры болған. FIFA-мен өзара қарым-қатынаста болу осы маманға жүктеліпті.

Ресей басылымдарының көбісі Мутконың отставкаға кетуін қысқа қайырып отырғанымен, оның себебі һәм түп-тамыры FIFA-ның қысымынан екенін сезуге болады. Себебі желтоқсан айының басында Халықаралық Олимпиада комитеті Муткоға қарсы санкция қолданып, өмір бойы (мәңгі бақи) Олимпиада ойындарына баруына (төбе көрсетуіне) тыйым салған. Олимпиада қозғалысынан аластатқан.

Бұдан кейін FIFA жүргізген тергеу жұмыстары бойынша «Ресейдің 34 футболшысы допинг қолданған» деген күдікке ілікті. Олардың 23-і 2014 жылғы әлем чемпионатында Ресей құрамасы сапында ойнаған футболшылар еді. Бірақ бұл күдіктің беті әлі ашылған жоқ. FIFA ресейлік футболшылардың допинг-сынамаларына қатысты сот сараптамасын жүргізуі керек болатын.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика