Вернуться к списку статей

Кабананга әлем чемпионатына бармайтын болды...

Футбол
1K
Конго ДР құрамасы – әлем чемпионатының іріктеу ойыны алдында. Фото: fifa.com
«Астана» футбол клубының және Конго ДР құрамасының шабуылшысы Джуниор Кабананга 2018 жылғы әлем чемпионатына бара алмайтын болды...

Кеше түнде Конго ДР құрамасы Гвинея футболшыларын 3:1 есебімен ұтты. Әйтсе де, Африканың үшінші електік додасының «A» тобындағы жалғыз жолдама Тунис құрамасына бұйырды. Кабананганың отаны екінші орынды қанағат тұтты.

Джуниор Кабананга кеше Киншасада өткен матчта алаңға негізгі құрамда шықты. Бірақ Конго ДР құрамасының бас бапкері Флоран Ибенге оны 83-минутта ауыстырып, орнына Йени Н'Гбакотоны шығарды. Дәл осы сәтте есеп 1:1 болып, таразы басы тең тұрған.

«Астана» клубының шабуылшысы кеше гол соға алмады. Бірінші гол автогол болып, қалған екеуі ойынның соңғы секундтарында, негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттар түгесілуге айналғанда соғылды. Ал ол кезде Кабананга қосалқы құрам орындығында отырған.

Конго ДР – Гвинея – 3:1 (0:0)

Голдар: Сидибе, 61-автогол (1:0). Карамокоба, 71 (1:1). Болинжи, 90+2-пенальтиден. (2:1). Кебано, 90+3 (3:1).

Қорытынды кестеден: Тунис – 14 ұпай, Конго ДР – 13, Ливия – 4, Гвинея – 3.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика