Вернуться к списку статей

«Астана» Лиссабонда «Спортингпен» тең түсті

Футбол
1K
Фото: fca.kz
«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының 1/16-финалындағы қарымта кездесуін өткізіп, Лиссабонда «Спортингпен» 3:3 есебімен тең түсті.

Қарымта матч басталған бетте Астанаға келмеген, бірінші кездесуде ойнамаған, Бас Дост есеп ашты. Нидерланды шабуылшысы Брайан Руистің әуелетіп берген добын басымен ұрып, бір ғана қимылымен екі қорғаушымызды да, қақпашымызды да қапы қалдырды.

Ашығын айтуымыз керек, бірінші таймда «Спортинг» футболшыларының жылдамдықтары аса жоғары болмады. Түзде жеңіске жеткен команда өз алаңында көп күш жұмсамай-ақ, келесі кезеңге шығуды ойлайтындай. Мұны «Астана» қалт жіберген жоқ...

Бірінші таймның аяғына қарай «Астана» допты ойынға бұрыштан қосу мүмкіндігіне ие болды. Твумасидің әулетіп, қақпа алдына асырған добын Руй Патрисиу созыла секіріп, кері қайтарған. Алайда оны Марин Томасов айып алаңының бұрышынан жантая теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Қақпашы допты көрмей, жаза басты.

Екінші таймда «Спортинг» таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударды. Бруну Фернандеш алыстан шірене теуіп, теңбіл допты доғаша иіп, Ненад Эрич қорғаған қақпаның тоғыздығына дәл түсірді. Әрі ол мұнымен шектелген жоқ. Көп ұзамай Бас Доспен тізе қоса қимылдап, астаналықтардың қорғанысын «тесіп» өтіп, тағы бір гол салды.

Бұдан кейін алаң иелерінің қарқыны бәсеңси бірте-бірте бастады. Матч соңына қарай «Астана» шабуылды жиілетіп, «Спортингтің» қақпасын торауылдай бастады. Тіпті тағы бір гол соғып есепті қысқартудың да сәті түсті. Патрик Твумаси допты тоқтатпай, бірден теуіп, Португалия қақпашысын сан соқтырып кетті.

Осыдан кейін «Спортинг» қайтадан қарқындарын үдетіп, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ Ненад Эрич жанкештілік танытып, олардың пәрменді соққыларын да, қауіпті шабуылдарын да тойтарды. Мақтаулы Бас Дос та «Астана» қақпашысымен бетпе-бет шығып, айласын асыра алмай, отыра кетті.

Ал «Астана» соңғы секундтарға дейін айылын жимай, алға қарай ентелей берді. Ойын соңында допты ойынға бұрыштан қосу мүмкіндігіне ие болды. Марин Томасов допты қақпа алдында итермелескен ойыншыларға қарай емес, алыста тұрған Шомкоға қарай тепті. Әрі аяғына салып та берді. Дима шірене теуіп, дедек қаққан теңбіл допты «Спортингтің» қақпасын дәл түсірді.

Сөйтіп, Лиссабондағы ойын 3:3 есебімен аяқталды. Сонда жалпы есеп – 4:6. «Астана» екі матчтың қорытындысы бойынша «Спортингке» есе жіберіп алды. Яғни Еуропа лигасының 1/8-финалына Португалия клубы шығады. Қазақстан чемпионы үшін Еурокубок додасы тәмамдалды.

«Спортинг» (Португалия) – «Астана» (Қазақстан) – 3:3 (1:1)

Голдар: Дост, 3 (1:0). Томасов, 37 (1:1). Фернандеш, 53 (2:1). Фернандеш, 63 (3:1). Твумаси, 80 (3:2). Шомко, 90+4 (3:3).

Ескерту: Кляйнхайслер, 59.

«Спортинг»: Патрисиу, Коэнтрау, Матье, Пинту, Ристовски, Пальинья (Леау, 74), Батталья, Фернандеш, Руис (Карвалью, 60), Рибейру (Акунья, 46), Дост.

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Шитов, Бейсебеков, Маевский, Кляйнхайслер (Станоевич, 60), Томасов, Твумаси (Муртазаев, 87), Деспотович (Щеткин, 66).

Төрешілер: Богнар, Бузаш, Георгиу (бәрі де – Венгрия)

Лиссабон. «Жозе Алваладе».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 14 – 14
Тура соққы: 6 – 4
Қиыс кеткені: 5 – 9
Тойтарылғаны: 3 – 1
Қақпа бағанасы: 0 – 2
Бұрыштама соққылар: 5 – 6
Офсайдтар: 2 – 5
Доп иелену: 55% – 45%
Пастар дәлдігі: 87% – 78%
Пастар: 554 – 368
Дәл пастар: 483 – 288
Ескерту (сары қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 5 – 22

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика