Вернуться к списку статей

«Астананың» түздегі, «Спортингтің» үйдегі – статистикалары

Футбол
1K
Фото fca.kz сайтынан
«Астана» Еуропа лигасының 1/16-финалындағы қарымта матчқа Португалияда дайындалып жатыр. Тіпті бір жолдастық кездесу өткізді де.

«Астана» футбол клубы өз алаңында «Спортингтен» 1:3 есебімен ұтылып қалған түні, яғни 16 ақпан күні Португалияға ұшып кеткен. Содан бері Пиреней түбегінде жаттығып, "Жозе Алваладе" стадионындағы қарымта матчқа дайындалып жатыр.

Тек жаттығу жұмыстарын ғана өткізбей, осыдан екі күн бұрын Лиссабондағы Керуш ауданынның «Реал» деп аталатын клубымен жолдастық кездесу өткізд. Әрі 4:2 есебімен басым түсті. Осы ойында Ласло Кляйнхайслер екі гол соқса, Марин Томасов пен Юрий Перцух бір доптан салыпты.

Ертең түн ортасы ауғанда басталатын матчта Юрий Логвиненко алаңға шыға алмайды. Орталық қорғаушымыз «Астана-Аренада» өткен бірінші матчта алаңнан қуылған болатын. Ал Серікжан Мұжықов «жазасын» өтеп болды, енді өз командасына көмектесе алады. «Спортинг» сапында «жазасын» өтейтін ешкім жоқ Бәрі де – "сапта"...

Әрине, өз алаңында 1:3 есебімен ұтылып қалған «Астананың» Лиссабонда азуы алты қарыс «Спортингті» үш гол айырмасымен жеңуі – екіталай. Оның үстіне, Португалия клубы өз алаңындағы Еуропа лигасы ойындарын аса жоғары деңгейде өткізіп жүр.

Нақтырақ айтқанда, «Спортингтің» Еуропа лигасы аясындағы өз алаңында өткізген ойындарының статистикасы – көптеген клубтар қызығарлықтай. Лиссабон клубы ЕЛ іріктеу ойындарын есепке алғанда, 18 рет жеңіске жетіп, 7 ойында тең түскен. Тек үш рет жеңілістің кермек дәмін татыпты...

Жалпы, Еуропа лигасының 1/16 финалына алтыншы рет шығып отыр. 2005 жылы финалға дейін жетсе, 2010 жылы «Эвертонды», 2012 жылы «Легияны» тізе бүктірген болатын. 2015 жылы «Вольфсбург», ал 2016 жылы «Байер» клубтарына есе жіберіп алған...

Енді бір көңіл аударарлығы, «Спортинг» бірінші ойында жеңіске жетсе, қарымта матчта дес бермейді. 12 рет бірінші ойында басым түсіп, соның 10-ында келесі кезеңге шыққан. Бірақ бірінші рет түзде 3:1 есебімен жеңіске жетіп отыр...

Ал «Астана» биылға дейін түзде жеңіске жетіп көрмеген еді, Еурокубок додаларын айтамыз. Бірақ 2017/2018 жылдар маусымында үш рет жанкүйерлерін қуантты. Әуелі «Спартак» (Юрмала) клубын Чемпиондар лигасының іріктеу сатысында, ал «Маккаби» (Тель-Авив) және «Славия» клубтарын Еуропа лигасының топтық кезеңінде тізе бүктірді.

Үшеуінде де 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осы тарихи жеңістерінің соңғысы тіпті маңызды болды. Прагада «Славияны» сүріндіріп, тұңғыш рет Еуропа лигасының плей-офф сатысына (1/16-финалына) шықты. Енді, Лиссабонда қалай болар екен?! Үмітімізді үзбейміз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика