Вернуться к списку статей

Екінші таймда гол жіберіп қою «ауруынан» «Астана» да айыға алмай жүр

Футбол
1K
Екінші таймда гол жіберіп қою «ауруынан» «Астана» да айыға алмай жүр
Еурокубоктың осы маусымында «Астана» өз қақпасына 21 гол жіберіп алған екен. Соның 15-сін елордалықтар екінші таймда өткізіп алған.

Ертең ел чемпионы «Астана» Еуропа лигасы 1/16-финалы аясында Лиссабонда «Спортингпен» жауапты кездесуін өткізеді. Бұл Станимир Стойлов шәкірттері үшін еурокубоктың осы маусымындағы соңғы ойын болуы әбден мүмкін. Аталмыш матч қарсаңында «Астананың» осы маусымдағы голдарын саралап көрген едік.

Бұрын Қазақстан ұлттық құрамасы алаңға шыққанда бас командамыздың міндетті түрде 90-шы минуттарда гол жіберіп қоятынын сезетінбіз. Қай бірін тізбелеп жатайық, талай рет ойынның аяқталуына үш-төрт минут қалғанда қақпамызға гол жіберіп алып, қара басып жаттық. Тіпті, жанкүйерлер арасында «Соңғы минуттар синдромы» деген термин де пайда болды. Дегенмен, клубтық деңгейде де бұл «аурудан» айыға қоймаппыз.


Әңгіме «Астана» жайлы болып тұр. Өткен бейсенбіде «Спортингті» бірінші таймда 1:0 есебімен жеңіп тұрып, үзілістен кейін айналдырған сегіз минуттың ішінде қақпамызға үш гол жіберіп алдық та, 1:3 есебімен ұтылып қалдық. Алайда, биылғы маусымда «Астананың» екінші таймда қара басып жатуы бірінші рет емес. Нақты әр голын есептейтін болсақ, Станимир Стойлов шәкірттері биыл еурокубокта 13 ойын өткізіп, қақпасына барлығы 21 гол жіберіп алған екен. Соның 15-і елордалықтардың қақпасына екінші таймда тулап жатқан. Ойындарды үйдегі және түздегі деп бөлер болсақ, «Астана-Аренада» жіберген 12 голының 9-ы екінші таймның еншісіне жазылған. Ал түзде жерлестеріміз үзілістен кейін 6 рет сан соққан.

Минутқа бөліп қарастырар болсаң, соңғы 15 минутта "Астана" қақпасынан 8 гол алып шығуға мәжбүр болған. 

Негізі, былтыр да еурокубокта солай болған. 17 голдың 10-ын Стойловтың командасы қақпасынан екінші таймда алып шыққан. Соған қарағанда ұлттық құрамадан «жұққан аурудан» «Астана» әлі күнге айыға алмай жүрген секілді.

Бірақ, айта кету керек, елордалықтар екінші таймда гол соғуды да үйренген. Осы еуромаусымда соққан 20 голының 11-ін үзілістен кейін соғуы соның айғағы болса керек.

Енді ертең «Спортингпен» ойнайды. Осы күнге дейін екінші таймда опық жеп келген «Астана», бәлкім, осы жолы белін буып, жеңіс үшін барын салар.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика