Вернуться к списку статей

Еуропа лигасы – «Астана» «Спортингтен» ұтылып қалды

Футбол
1K
Фото sporting.pt сайтынан
«Астана» Еуропа лигасының 1/16-финалындағы бірінші ойынын өткізіп, өз алаңында Португалияның «Спортинг» клубына есе жіберіп алды.

Ойын басталған бетте «Астана» футболшылары алға қарай лап қойып, қонақтарды әбден састырды. «Спортинг» клубының жігіттері жасанды желек үстінде жиі қателесіп, алаң иелері оларды қыспаққа ала түсті. Тіпті ойынның басында гол соғып, стадион толы көрерменді дүр сілкіндірді.

Марин Томасов қорғаушыларымыздың бірінің (Шитовтың) алға асырған добына ұмтылып, құстай ұшты. Әрі тез қимылдап, допты ырқына көндіріп алды да, сол аяғымен қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Гол! «Астана» алға шықты. Стадион теңселіп кетті.

«Астана» бұдан кейін де қонақтарын тықсыра түсті. Алайда 20-минуттан бастап «Спортинг» футболшыларының алаңдағы жасанды желекке бейімделе түскендері сезіле бастады. Мартинш және Фернандеш секілді қас шеберлері теңбіл допты ұршықша үйіріп, қауіп төндіре бастады.

Негізі, бірінші таймда тағы да екі гол соғылған. Бірақ төрешілер екі қақпаға соғылған голды да есепке алмады. Екеуінде де "ойын ережесі бұзылып, футболшылар ойыннан тыс қалды" деп шешті. Матчтың бірінші бөлігі осылай бізге жайлы есеппен аяқталған...

Өкінішке қарай, екінші тайм басталған бетте "Астана" әу бастағыдай шиыршық атып тқрмеді. Ал қонақтар атойлап алға шапты. Әрі сегіз минутта үш гол соғып, тайтаң қақты. Алаң иелерінің ұнжырғалары түсіп кетті. Көп ұзамай орталық қорғаушымыздың бірі екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды (Юрий Логвиненко). Яғни ел чемпионы кем құрамда қалды.

«Астана-Арена» стадионының жасанды желегіне бейімделіп алған «Спортинг» болса, көсіле шапты. Оларды тоқтату өте қиын болды. Оның үстіне, маусымды жылдағыдан ерте бастаған «Астана» екінші таймда оларға ілесе алмай қалды.

«Астана» – «Спортинг» – 1:3 (1:0)

Голдар: Томасов, 7 (1:0). Бруну Фернандеш, 48-пенальтиден (1:1). Желсон Мартинш, 50 (1:2). Думбия, 56 (1:3).

Ескертулер: Логвиненко, 47. Бейсебеков, 80. Маевский, 81 – Коатес, 25. Карвалью, 76.

Алаңнан қуылды: Логвиненко, 62 (екінші ескерту).

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков, Маевский, Кляйнхайслер (Станоевич, 56), Томасов (Муртазаев, 86), Твумаси, Деспотович (Малый, 64).

«Спортинг»: Патрисиу, Коэнтрау (Батталья, 57), Пинту, Коатес, Пиччини, Акунья, Карвалью, Фернандеш, Мартинш (Рибейру, 84), Руис, Думбия (Монтеро, 61).

Төрешілер: Рюдди Бюке, Дебар, Грингор (бәрі де – Франция).

15 ақпан. Астана. «Астана Арена».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 12 – 16
Тура соққы: 5 – 10
Қиыс кеткені: 4 – 4
Тойтарылғаны: 3 – 2
Қақпа бағанасы: 1 – 0
Бұрыштама соққылар: 5 – 8
Офсайдтар: 5 – 3
Доп иелену: 38% – 62%
Пастар дәлдігі: 74% – 85%
Пастар: 296 – 557
Дәл пастар: 219 – 474
Ескерту (сары қағаз): 4 – 1
Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 16 – 5

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика