Вернуться к списку статей

“Астананың” қарсыластары Еуропа лигасын одан әрі жалғастырады

Футбол
1K
Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астана» футбол клубымен бір топта ойнаған АПОЭЛ мен «Олимпиакос» Еуропа лигасының 1/8-финалына шықты.

Өткен жылдың күркіреген күзінде Еуропа лигасы топтық кезеңінің жеребесі тартылып, «Астана» “В” тобына түскенде, күлім қағып қуандық. Бізге Қазақстан чемпионы “тым” жеңіл топқа түскендей болып көрінді. «Бәрі де ойнауға, жеңуге болатын командалар» дестік...

Үш айға жуық уақытқа созылған топтық ойындардың қорытындысы бойынша бұл топтан 1/16-финалына АПОЭЛ мен «Олимпиакос» шықты. «Янг Бойз» бен «Астана» Еуролига додасынан баға жетпес тәжірибе жинағандарына шүкіршілік етуге мәжбүр болды.

Сөйтсек, АПОЭЛ мен «Олимпиакос» осал командалар емес екен. «Астана» “тым” жеңіл топта доп теппеген сияқты. Енді ше, өткен маусымдағы Кипр және Грекия чемпиондары Еуропа лигасының 1/8-финалындағы қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге шықты.

АПОЭЛ Испанияның азуы алты қарыс «Атлетик» (Бильбао) клубын жолынан тайдырды. Түзде 2:3 есебімен ұтылып қалғанымен, өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жетті (екі ойында да Каньяс алаңға шыққан жоқ). Сонда жалпы есеп – 4:3. Кипр клубы Еуропа лигасының 1/8-финалына шықты.

Ал «Олимпиакос» түріктің «Османлыспор» клубын тақырға отырғызып кетті. Пирей қаласында өткен ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Рас, «енді Грекия клубы шаға алмайды» деп ойладық. Бірақ гректер Анкарада 3:0 есебімен үстемдік танытты.

Сөйтіп, АПОЭЛ Испания чемпионатында 9-орнынды иемденіп тұрған әйгілі клубты (өз елінің сегіз дүркін чемпионы), ал «Олимпиакос» Түркия біріншілігінде 7-орынға орналасқан команданы Еуропа лигасынан тыс қалдырды.

Кеше Еуропа лигасының жеребесі тартылып, 1/8-финалында кездесетін командалар жұбы түзілді. АПОЭЛ Ресейдің «Зенитін» “зар илеткен” «Андерлехт» клубымен кездесетін болды. Ал «Олимпиакос» тағы да Түркияға барып, енді «Бешикташ» клубмен, яғни өткен маусымдағы осы елдің чемпионымен додаға түседі.

Еуропа лигасы. 1/16-финалы:

АПОЕЛ – "Атлетик" (Бильбао) – 4:3 (2:3 және 2:0)
"Олимпиакос" – "Османлыспор" – 3:0 (0:0 және 3:0)

Еуропа лигасы. 1/8-финалында кездесетін командалар жұбы:

АПОЕЛ (CYP) – "Андерлехт" (BEL)
"Олимпиакос" (GRE) – "Бешикташ" (TUR)
"Ростов" (RUS) – "Манчестер Юнайтед" (ENG)
"Шальке-04" (GER) – "Боруссия" Менхенгладбах (GER)
"Гент" (BEL) – "Генк" (BEL)
"Сельта" (ESP) – "Краснодар" (RUS)
"Лион" (FRA) – "Рома" (ITA)
"Копенгаген" (DEN) – "Аякс" (NED)

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика