«Астананың» басты сұрмергені конголық шабуылшы Джуниор Кабананга бүгін «Вильярреалға» қарсы алаңға шықпауы мүмкін. Станимир Стойлов командасының ойындарына сараптама жасаған Испанияның marca.com сайты осындай тұжырымға келіпті.
Испанияның әйгілі сайты, тіпті екі команданың да құрамын жобалаған. Олардың ойынша «Астана» сапында Джуниор Кабанга матчты қосалқы құрамнан бастауы мүмкін. Оның орнын негізгі құрамда Роман Муртазаев баспақ екен. Сондай-ақ, «Вильярреал» сапына да өзгеріс жасапты. Нақты айтсақ, колумбиялық сұрмергені Карлос Баккаға да негізгі құрамнан орын табылмаған.
«Вильярреал» «Астананың» өз алаңында жақсы ойнайтынын біледі. Дегенмен, Кальехамен бірге клуб жеңіске жете алады деп ойлаймыз. Өйткені, бұл бапкер келгелі команда бір ғана ойында жеңілістің кермек дәмін татты. «Вильярреал» плей-офф жолдамасының тағдырын соңғы турға қалдырмауы тиіс», - деп жазады marca.com.
Негізі, Джуниор Кабананга «Вильярреалға» қарсы Испаниядағы ойынға да қатысқан жоқ. Тіпті, сол кезде бас бапкер конголық шабуылшыны елде қалдырып та кеткен болатын. Шамасы, marca.com сол жайтты ескерсе керек. Алайда, ол кезде Кабананганың Пиреней түбегіне бармауына басқа нәрсе себеп болғанын да ұмытпаған жөн.
Неде болса, бәрін шешетін бас бапкерлер. Кімнің алаңға шығарын, болгар бапкерінің кімге сенім артарын бүгін кешкісін көреміз.