Вернуться к списку статей

«Селтик» сүмірейді – «Астанаға» бес гол соғып нең бар еді?

Футбол
1K
«Селтик» – ПСЖ – 0:5. Фото: uefa.com
Сейсенбіден сәрсенбіге ауған түні Чемпиондар лигасының бірінші туры басталып, төрт топтағы командалар додаға түсті.

Чемпиондар лигасының плей-офф сатысындағы бірінші ойында «Астананың» қақпасына бес гол соғып, тайтаң қаққан «Селтик» тура сол алаңда 0:5 есебімен ұтылып, салы суға кетті. Неймар бастаған ПСЖ клубының ойыншылары Шотландия чемпионының қақпасына алты-ақ соққы бағыттап, төрт гол соқты. Бесіншісін алаң иелері өздері соғып берді...

«Дүние кезек» деген осы ма екен? «Астана» сырт алаңнан сөлпиіп қайтса, «Селтик» өз жанкүйерлері алдында сүмірейді. Шотландия чемпионының да, жанкүйерлерінің де бүгінгі жағдайын жан баласына бермесін...

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне бірінші рет шыққан Әзірбайжан чемпионы Тұманды Альбионда күйрей ұтылды. «Карабах» клубын ағылшынның «Челсиі» аямай, жүндей түтті. Есеп – 6:0. Бір қызығы, алаң иелері қонақтарының қақпасына 7 рет қана тура соққы бағыттаған екен...

Жалпы, кеше түнде өткен сегіз ойынның бесеуінде ірі жеңіс тіркеліп, бір-ақ ойын тең аяқталды. 28 гол соғылды! Орта есеппен әр ойында – 3,5 голдан! Сонда, 23 минут сайын бір доп соғылып отырған! 11 гол бірінші таймдарда, қалған 17-ісі екінші таймдарда соғылыпты.

Футболшылардың өздері Чемпиондар лигасы додасын сағынып қалған ба?! Енді бүгін түнде қалай болар екен? Айтпақшы, Лионель Месси Буффонның қақпасына екі гол соқты. Дубль жасағандар тізімінде әзірше Эдинсон Кавани (ПСЖ) және Фелипе Пардо («Олимпиакос») бар.

Чемпиондар лигасы. І тур.

«A» тобы

МЮ (Англия) – «Базель» (Швейцария) – 3:0

Голдар: Феллайни, 35. Р.Лукаку, 53. Рэшфорд, 84.

«Бенфика» (Португалия) – ЦСКА (Ресей) – 1:2

Голдар: Сеферович, 50 – Витиньо, 63-пенальтиден. Жамалетдинов, 71.


«B» тобы

«Селтик» (Шотландия) – ПСЖ (Франция) – 0:5
Голдар: Неймар, 19. Мбаппе, 34. Кавани, 40-пенальтиден. Лустиг, 83-автогол. Кавани, 85.  

«Бавария» (Германия) – «Андерлехт» (Бельгия) – 3:0
Голдар: Левандовски, 12-пенальтиден. Алькантара, 65. Киммих, 90.


«C» тобы

«Челси» (Англия) – «Карабах» (Әзірбайжан) – 6:0
Голдар: Педро Родригес, 5. Дзаппакоста, 30. Аспиликуэта, 55. Бакайоко, 71. Бачуайи, 76. Медведев, 82-автогол.

«Рома» (Италия) – «Атлетико» (Испания) – 0:0


«D» тобы

«Барселона» (Испания) – «Ювентус» (Италия) – 3:0
Голдар: Месси, 45. Ракитич, 56. Месси, 69.

«Олимпиакос» (Греция) – «Спортинг» (Португалия) – 2:3
Голдар: Пардо, 89. Пардо, 90+3 – Думбия, 2. Желсон Мартинш, 13. Бруну Фернандеш, 43.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика