Вернуться к списку статей

«Астана» Еуропа лигасында 26 мың шақырымнан астам жол жүреді

Футбол
1K
«Астана» Еуропа лигасында 26 мың шақырымнан астам жол жүреді
«Астана» футбол клубының Еуропа лигасындағы қарсыластары – «Вильярреал», «Маккаби Т-А» және «Славия».

Бірінші ойынын жерлестеріміз 14 қыркүйек күні Испанияда «Вильярреалға» қарсы өткізеді. Батыс Еуропада орналасқан Вильярреал қаласы мен Қазақстан астанасының арасы 5683 шақырым. Яғни, ары-бері жүрісі – 11 366 км. Астанадан Вильярреалға ұшатын ұшақтар көп. Бірақ, тікелей рейстер жоқ. Ең жақыны Амстердам арқылы, 9 жарым сағат уақытта жетесіз. Сондай-ақ, Франкфурт, Мәскеу, Стамбул, Санкт-Петербург қалаларына аялдап та, Мадридке дейін жетіп алуға болады.

Қарашаның 2-сі күні «Астана» топтық кезеңдегі төртінші ойынын өткізу үшін Тель-Авивке жол тартады. Ол жаққа да ұшақпен тікелей жете алмайсыз. Мәскеу, Стамбул, Минск, Варшава, Киев немесе Франкфурт қалаларының біріне аялдауыңыз қажет болады. Ең жақыны Ресей астанасы арқылы. Әуеде 9 сағат 10 минут боласыз. Бірақ Стамбул арқылы арзандау. Жалпы, Астана мен Тель-Авивтің арасы 3 653 шақырым. Көлікпен баратын болсаңыз, бұл қашықтық біразға ұзарып, үстіне тағы 2 мың км қосылады да, бір жағы Ресей, Грузия, Түркия, Иордания елдерін басып өтуге тура келсе, екінші маршрут бойынша Өзбекстан, Түркменстан, Ирак, Иран және Иордания аймақтары арқылы жүресіз.

Еуропа лигасының топтық кезеңін «Астана» Чехиядағы ойынмен түйіндейді. Прага мен Астананың арасы 3939 шақырым. Ары-бері жүрісіңе ұшақпен кемі 7 жарым сағаттай уақыт кетеді.

Жалпы, «Астананың» биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі сапарына барлығы шамамен 26 550 шақырым жол кетеді. Футболшылар әуеде кемі 52 жарым сағат немесе екі күннен астам уақыт өткізеді.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика