Вернуться к списку статей

"Легияны" өткен "Астана" Қазақстанға тағы да еурокубоктың топтық кезеңін сыйлады

Футбол
1K
Варшавада «Легиядан» 0:1 есебімен жеңілген ел чемпионы «Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеіне жолдама алып, барша қазақстандық жанкүйерлерге үшінші рет кемінде қысқа дейін еурокубок ойындарын сыйлап отыр.  

90 минуттық матч үшін 3:1 есебі аса ірі нәтиже емес. Былтыр білесіздер, «Барселона» түзде «Пари Сен-Жерменнен» 0:4 есебімен ойсырай жеңіліп, өз алаңында 6:1 есебімен адам сенгісіз қарымта қайтарған. Сондықтан, Станимир Стойлов шәкірттерінің «Астана-Аренадағы» жеңісі әлі ешнәрсені шешпеген. 

Әлбетте, қазақстандық жанкүйерлердің дерлігі жерлестерімізге сенгенімен футболдың майын ішіп, жілігін шаққан сарапшылар Варшавадағы кездесудің «Астана» үшін оңай болмайтынын бірден айтқан. 

«Легия» (Варшава, Польша) – «Астана» (Қазақстан) 1:0 (0:0) 

Бірінші ойын: 1:3

Гол: Червиньски 76 (1:0)

Ескертулер: Енджейчик 60, Нодь 81 – Маевский 16, Аничич 60, Твумаси 74

«Легия»: Маляж, Паздан, Червиньски, Гильерме, Глоушек (Шиманьски 69), Копчиньски (Мончиньски 65), Кухарчик, Нодь, Енджейчик, Мулен, Садику (Хямяляйнен 58)

«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич (Постников 63), Кляйнхайслер, Мужиков (Граховац 84), Маевский, Твумаси, Логвиненко, Кабананга, Муртазаев (Бейсебеков 57), Шомко

Бас төреші: Якоб Келет (Дания)

2 тамыз. Варшава. «Войска Польского» стадионы.

 

Расымен де, стадион толы жанкүйерлерінің қолдауынан қуат алған алаң иелері дат арбитрі Якоб Келеттің ысқырығы естілісімен-ақ ойын тізгінін бірден өз қолдарына алып, Александр Мокин қорғаған қақпаны қорқау қасқырларша торуылдаумен болды. 

Бірақ бір қызығы, поляктар біз күткендей бас-көз жоқ шабуылға ұмтыла берген жоқ. Соққыларды да жүз ойланып, мың толғанып жасады. Олардың қасында қайта «астаналықтар» алаң иелерінің қақпасына жиі соққы бағыттап жатты. Бірінші болып қауіпті шабуыл ұйымдастырған да біздің жігіттер. Алайда Иван Маевскийдің бұрыштамадан асырылған допты баспен ұруы елордалықтарға пайда әпермеді. 

«Астана-Аренадағы» матчты қосалқы құрамнан бастап, бұл жолы бірінші минуттан ойынға қосылған Армандо Садику да баспен соққы жасап, жауап қайтарған. Оның соққысын Александр Мокин қайтарды. Осылайша бірінші тайм голсыз аяқталды.

Үзілістен кейін поляктар қорғанысты мүлдем ұмытты. Тайлы-тұяғымен алаңның «астаналық» жартысына қоныс аударып, Мокиннің айып алаңына «киіз үй тігіп» алды. 

Біздің де жігіттер шаршап қалған сияқты. Пас дегенді ұмытып, допты алға қарай асырып тастаумен ғана шектелді. Бірақ, соңына дейін шыдадық. 

Рас, бір гол жіберіп алдық. «Легия» 11 бұрыштама добын орындаған. Соның бірінде қорғаушыларымыз Якуб Червинскиден көз жазып қалып, баспен гол соғуына жол беріп қойды. 

Одан басқа қателескен жоқпыз. Қайта қарымта шабуылдардың бірінде Патрик Твумасиде таразы басын теңестіретін мүмкіндік болған. Алайда, оның соққысын қақпашы қайтарды. 

Осылайша Варшавада қақпасына бір ғана гол жіберген «Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алып, барша қазақстандық жанкүйерлерге қысқа дейін еурокубок ойындарын сыйлады. 

Енді келесі кезеңді де өтсек, онда өз тарихымызда екінші рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде доп тебеміз. Өте алмасақ та, еурокубокты жалғастыра береміз. Тек Еуропа лигасында. Дегенмен, жанкүйерлер Чемпиондар лигасын сұрайды. «Реал», «Ювентус», «Челси», «Бавария» сынды клубтардың келуін күтеді. Плей-офф кезеңінің жеребесі 4 тамызда тартылады.

Өкінішке қарай, осы ойында екі ойыншымыз жарақат алып қалды. Роман Муртазаев пен Марин Аничичтің жағдайына алаңдаймыз. Сондай-ақ, Джордже Деспотовичтің де тез сауығып, Марин Томасовтың қатарға ертерек қосылуын қалаймыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика