Вернуться к списку статей

«Легияның» ең қауіпті бес ойыншысы

Футбол
1K
Дегенмен, қарсыластар құрамында да қауіп төндірер ойыншылар аз емес. Ендеше «Легияның» ең қауіпті деген бес ойыншысымен таныстырайық.

Бүгін елордамыздың «Астанасы» Варшавада жергілікті «Легиямен» кездеседі. «Астана-Аренада» поляктарды 3:1 есебімен жеңген жерлестеріміз түзде жеңілмесе, жеңілсе де бір доп айырмашылығын сақтап қалса жеткілікті. Дегенмен, қарсыластар құрамында да қауіп төндірер ойыншылар аз емес. Ендеше «Легияның» ең қауіпті деген бес ойыншысымен таныстырайық.

Армандо САДИКУ (шабуылшы) 26 жас


Алдымен Арманду Садикудан бастайық. Бұл шабуылшы бізге былтыр Францияда өткен Еуропа чемпионатынан таныс. Естеріңізде шығар, Албания – Румыния кездесуінде жалғыз голды сол соққан болатын. Сөйтіп Албания ұлттық құрамасына Еуропа чемпионатының тарихындағы алғашқы жеңісті алып берген.

Жалпы, кәсіпқой карьерасының басым бөлігін Швейцария клубтарында өткізген албан сұрмергені «Легияға» осы жазғы трансферлік кезеңде қосылды. Әлі командасының бас шабуылшысына айналып кете алған жоқ. Алайда, «Астана-Аренадағы» ойында 0:2 есебімен жеңіліп, қиналып жатқанда «Легияның» бір голын соққан осы Садику. Поляктарға үміт сыйлап тұрған да осы жігіттің голы.

Михал КУХАРЧИК (шабуылшы) 26 жас

 

«Астана-Аренадағы» ойында осы Михал Кучарчиктің қақпаға жасаған соққысынан кейін Армандо Садику допқа аяғын тоса салды. Ес білгелі «Легияда» доп теуіп жүрген Кучарчик қазір бұл командада өзінің сегізінші маусымын өткізіп жатыр. Кезінде 2014 жылы «Ақтөбе» қақпасына да гол соққан. Варшавалықтардың негізгі шабуылшысы биыл Экстраклассада да бір гол соғып үлгерді. Команданы найза деп алар болсақ, Кучарчикті сол найзаның ұшы деуге болады. Бүгін «Войска Польского» стадионында Логвиненко бастаған қорғаушыларымызға осы шабуылшыдан абай болу қажет.

ГИЛЬЕРМЕ (жартылай қорғаушы) 26 жас


Бір апта бұрын өткен ойында «Легия» сапындағы ойыншылардан көзімізге ең жиі түскені бразилиялық Гильерме болды. Өз елінің командаларынан бөлек, Португалияның «Брагасында» доп тепкен жартылай қорғаушы 2015 жылдан бері «Легияда» ойнап жүр. Қазір Яцек Магераның ең сенімді ойыншыларының бірі. Оң қапталды толық өз мойнына алған ол «Астана-Аренада» қорғаушыларымыздың біраз жүйкелерін жұқартты.

Кристиан ПАСКУАТО (шабуылшы) 28 жас


Италияның «Ювентусына» тиесілі деген дардай аты бар Кристиан Паскуато жылына бір клубтан ауыстыратын ойыншылардың қатарынан. «Легияға» осы жазда қосылған көп ойыншылардың бірі. Рас, ойындарды көбіне қосалқы құрамнан бастап жүр. Бірақ «Астана-Аренада» 0:2 есебімен ұтылып, қиналып жатқанда Яцек Магера бірінші кезекте осы Паскуатоны алаңға шығарды. Айтпақшы, «Астана» қақпасына соғылған голды естеріңізге түсіріп көріңіздерші. Доп аутқа лақтырылған кезде оны қақпамызға бірінші болып тепкен осы италиялық болатын. Содан кейін «теңбіл снаряд» Кухарчикке жетіп, ол тепкен допқа аяғын тосқан Садику. Сондықтан, үнемі қақпаны көздейтін Паскуто алаңға екінші таймда қосылса да қауіпті.

Каспер ХЯМЯЛЯЙНЕН (жартылай қорғаушы) 30 жас


Плеймейкердің рөлін атқаратын суоми ойыншысы «Легияда» былтырдан бері доп теуіп жүр. Осы аралықта жеті-ақ гол соққан. Бірақ Магера бұл футболшыны сұрмергендік қасиеті үшін емес, пас шығара алатын қабілеті үшін сыйлайды. Бойы да ұзын. Аяғына доп түссе, оңайлықпен тартып ала алмайсың. Сондықтан, бүгін «астаналықтарға» бұл футболшыға доп бермеуге тырысу қажет.

Естеріңізге сала кетейік, ойын тамыздың 2-сінен 3-іне қараған түні сағат 00:45-те басталады. Кездесуді тікелей эфир арқылы «Қазспорт» телеарнасы көрсетеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика