Вернуться к списку статей

Лепірген «Легияның» аптығын басты «Астана»

Футбол
2K
«Астана» (Қазақстан) – «Легия» (Польша) – 3:1. Фото: legia.com
«Астана» Чемпиондар лигасының үшінші сатысында Польшаның «Легиясын» 3:1 есебімен жеңді.

«Астана» бұл ойында өте жоғары деңгейлі ойын үлгісін көрсетті. Ойыншылар дамыл таппай зыр қағып, жанкештілік танытты. Допты бір-біріне қақпақылдап, қонақтарды біраз бос жүгіртті. Жылдамдықтары жоғары болды. Әсіресе қарсы шабуыл ұйымдастырған кезде көсіле шапты.

Жанкүйерлерде көп жиналды. 26 100 көрермен қиқу салып, астаналықтарды қамшылаумен болды. «Легия» футболшыларды мұндайды күтпеген де болар. Матч басталғанда олар жиі қателесіп, толғаныстарын тарқата алмай жүргендей әсер қалдырды...

«Астана» бірінші таймда басымдық танытты. Қонақтар жасанды алаң желегі мен жанкүйерлердің айқайына бірден үйреніп кете алмады ма, негізінен қоғанумен болды. Әйтсе де, бірнеше рет өте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Қақпашы Александр Мокин де, қорғаушылар да, қателескен жоқ. Бәрін тойтарды.

Қазақстан чемпионы бірінші таймда екі гол соғып, стадион толы жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Әуелі Джуниор Кабананга, одан кейін Иван Маевский «Легияның» қақпашысын да, қорғаушыларын да қапы қалдырып, теңбіл допты қақпа торында тулатты.

Екінші тайм басталған бетте «Легия» алға қарай лап қойып, қарқындарын үдетті. Мокин өте қауіпті соққыны тойтарып, стадион толы жанкүйерлердің қошаметіне ие болды. Ашығын айтуымыз керек, ойынның екінші жартысында қонақтар жиі шабуылдап, жасанды желекке бейімделіп қалғандарын көрсетті.

Әйтсе де, Польша чемпионы ешкім ойтамаған жерден бір гол соғып, есепті қысқарты. Небір қауіпті сәттерде тізе қоса қимылдап, өте мұқият ойнаған қорғаушылар да, аса қатерлі соққыларды тойтарған қақпашы да қонақтардың бір ғана соққысынан көз жазып қалды.

Ал «Астана» айылын жимады. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда тағы бір гол соқты. «Легияның» қақпасын бірнеше рет нысанаға алған Патрик Твумаси өз дегеніне жетіп тынды. Пәрменді соқысымен Польша чемионының қақпашысынан айласын асырды.

Негізі, бұл ойында «Астананың» тағы да бірнеше гол соғатын мүмкіндігі болған. Бірақ оның бәрін лек-легімен «Легияның» қақпасына енгізудің сәті түспеді. Негізі, үш доп та аз емес. Оның үстіне, «төрешіні қара қылды қақ жарған әділетті қазы екен» деп айта алмаймыз. Соған қарамай, Қазақстан чемпионы екі доп айырмасымен жеңіске жетті.   

Сонымен, Финляндияның «Мариехамн» клубын екі ойынның қорытындысы бойынша 9:0 есебімен тас-талқан қылған «Легияның» қақпасының “құлыпы” Астанада ашылды. Қазақстан чемпионы мұнымен шектеліп қалмайды деп сенеміз. Алда – қарымта матч.

«Астана» (Қазақстан) – «Легия» (Польша) – 3:1 (2:0)

Голдар: Кабананга, 36 (1:0). Маевский, 44 (2:0). Садику, 79 (2:1). Твумаси, 90+4 (3:1).

Ескертулер: Мұжықов, 31. Логвиненко, 83. Кабананга, 84. Аничич, 90+6.

«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич, Логвиненко, Шомко, Маевский, Кляйнхайслер (Граховац, 80), Мұжықов, Деспотович (Муртазаев, 20; Постников, 89), Твумаси, Кабананга.

«Легия»: Маляж, Енджейчик, Паздан, Домбровски, Глоушек, Мончиньски, Мулен, Нодь (Паскуато, 62), Гильерме, Хямяляйнен (Садику, 70), Кухарчик (Михаляк, 83).

Төрешілер: Богнар, Бузаш, Георгиу (Венгрия)

25 шілде. Астана. «Астана Арена». 26 100 көрермен.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 19 – 10
Тура соққы: 7 – 4
Қиыс кеткені: 5 – 4
Тойтарылғаны: 7 – 2
Бұрыштама соққылар: 4 – 6
Офсайдтар: 4 – 1
Ескерту (сары қағаз): 4 – 0
Ереже бұзу: 8 – 6

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика