Вернуться к списку статей

“Ордабасы” түзде “Широки Бриег” клубынан ұтылып қалды

Футбол
2K
«Широки Бриег» (Босния және Герцеговина) – «Ордабасы» (Қазақстан) – 2:0. Фото: nk-sirokibrijeg.com
«Ордабасы» (Шымкент) клубы Боснияда Еуропа лигасының алғашқы сатысындағы бірінші ойынын өткізіп, «Широки Бриег» клубынан екі доп айырмасымен ұтылып қалды.

Ойын аса жоғары жылдамдықта басталды. Екі команда алма-кезек шабуылдап, бір-бірінің қорғанысын піспектеуге кірісті. Өкінішке қарай, бірінші таймның аяғында оңтүстікқазақстандықтардың жүйкелері сыр бере бастады. Жоғары қарқынды ойынға 36 минут қана шыдағандары ма, белгісіз...

Шынымен де, бірінші таймның аяғына дейін «Ордабасы» ойыншылары жанкештілік танытты. Айылдарын жиған жоқ, тізгіндерін тартқан жоқ. Бірақ екі гол да өздерінің қателіктерінен кейін соғылды. Алексей Петрушиннің шәкірттері екі рет жаза басты.

Әуелі Фонтанелло ойын ережесін бұзды. Допқа жүгірген алаң иелерінің ойыншысын құлатты. Төрешінің шешімінше, шалып жыққан. «Ордабасы» ойыншылары оның бұл шешіміне қарсы болғандарымен, ол райынан қайтқан жоқ. Ал қателік Дино Чоричтің тамаша пас беруіне мүмкіндік беріп қоюларынан басталған еді.

11-метрлік айып соққысын Иван Крстанович мүлтіксіз орындап, қонақтарын жәбірледі. Өкінішке қарай, төрешімен дауласқан «Ордабасы» ойыншылары сабаларына түсе алмады. Келесі бір ойын сәтінде «Широки Бриег» қорғаушысы айып алаңы сызығы үстінде Таңат Нөсербаевты шалып жыққандай еді... Бірақ төреші пенальти бермеді. Ал шымкенттіктер бұған да наразы болды. Ақыры біреуі ескерту алып тынды.

Өкінішке қарай, қателіктің көкесі әлі алда екен. Бірінші таймға қосылған қосымша минут аяқталуға айналғанда, яғни алаң иелерінің соңғы шабуылы кезінде «Ордабасы» қақпашысы оңбай қателесті. Алға жүгіріп шығып, допты жұдырығымен кері тойтармақ болып, мүлт кетті...

Оңай олжаға кенелген Иван Крстанович мұндай мүмкіндікті бос жіберсін бе, Басымен ұрып, допты қақпаға дөп түсірді. Есеп – 2:0. «Ордабасы» ойыншыларының еңселері түсіп кетті. «Қап, сәл шыдағанда, бірінші тайм аяқталар еді ғой» деп өкінгендер аз болған жоқ...

Екінші таймда «Ордабасы» құйындай орап соғар деп үміттендік. Тым болмаса, бір гол соқса, қарымта матчта есе қайтару оңай болар еді ғой. Алайда оңтүстікқазақстандықтардың шабуылдары пәрменді, ойындары ойлы болды деп айта алмаймыз.

Мойындамуымыз керек, тың тактикалық өзгерістер байқалмады. Бапкерлер құрамы жігіттерін жігерлендіріп, желпіндіре алмады. Осылай, «Ордабасы» алаң иелерінің осал тұсын таба алмай, жеңіліске ұшырады. Матч басындағы құлшыныстары мен жігерлерін зая кетті. Өз мүмкіндіктерін толықтай жүзеге асыра алмады.

Ал Босния және Герцеговина басылымдары «Крстанович Қазақстан клубының қақпасына екі гол торпедалады» деп, сүйіншілерін сұрап жатыр. Енді қарымта матчта «Ордабасы» жігіттері еселерін қайтарар деп ойлаймыз. Соққылары тау құлатарлықтай футболшылары доп торпедалаудың қалай болатындығын көрсетеді деп үміттенеміз...

«Широки Бриег» (Босния және Герцеговина) – «Ордабасы» (Қазақстан) – 2:0

Голдар: Крстанович, 37, пенальтиден. Крстанович, 45+1. 

Ескертулер: Бралич, 24. Баришич, 83 – Диакате, 40.

«Широки Бриег»: Билобрк, Маркович, Баришич (к), Бралич, Д.Чорич, Бегонья, Й.Чорич (Чорлука, 79), Лончар (Грубишич, 81), Чабрая, Менало (Кожул, 89), Крстанович.

«Ордабасы»: Бекбаев, Симчевич, Ерланов, Фонтанелло, Смақов, Диакате, Ковальчук, Төлебек (Бочаров, 53), Тұңғышбаев (Ли, 78), Нұрғалиев, Нөсербаев.

Төрешілер: Ференц Карако, Оскар Лемон, Теодорос Георгиу (бәрі де – Венгрия)

29 маусым. Широки Бриег. «Печара».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 19 – 10
Тура соққы: 10 – 2
Қиыс кеткені: 6 – 5
Тойтарылғаны: 3 – 3
Бұрыштама соққылар: 12 – 4
Офсайдтар: 4 – 2
Ескерту (сары қағаз): 2 – 1
Ереже бұзу: 15 – 14

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика