Вернуться к списку статей

“Ертіс” “Дунав” клубының қақпасына бір-ақ гол соқты

Футбол
1K
«Ертіс» (Қазақстан) – «Дунав» (Болгария) – 1:0. Фото: fcirtysh.kz
Павлодардың «Ертісі» Еуропа лигасының алғашқы сатысындағы бірінші ойынын өз алаңында өткізіп, Болгарияның «Дунав» клубынан басым түсті.

Бұл ойын «Ертіс» үшін өте сәтті басталды. Матчтың бесінші минутында Кислицын қонақтардың қорғанысын бел ортасынын “тіліп” тұрып, тамаша пас берді. Бугаев оны іліп алып, алдындағы қақпашыны да, өкшесін басқан қорғаушыны да қапы қалдырып, есеп ашты.

Бқдан кейін де «Ертіс» футболшыларының гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ есепті еселеудің сәті түспей қойды. Тіпті алыстан шірене теуіп, қақпа торын тесе жаздайтын Аслан Дарабаев та өзіне ыңғайлы “нүктеден” мүлт кетті.

Жалпы, Русенің «Дунав» клубы соншалықты азулы команда емес сияқты. «Ертіс» жылдамдығын үдетсе, асып-сасып қалады. Ал төмендеу жылдамдықта дес бермейді. Ойынды жоғары қарқында бастаған алаң иелері тез гол соғып алды.

Алайда бірінші таймның ортасынан бастап, «Ертіс» футболшылары жылдамдықтарын бәсеңдетіп алды. Ал мұндай ойында қонақтар гол соққызып қойып, қарап тұрсын ба?! Керісінше, «Дунав» ойыншылары жиі шабуылдай бастады.

Екінші таймда Димитар Димитров екі ойыншысын ауыстыпы, тактикасына өзгеріс енгізіп көрді. Бірақ одан да нәтиже шықпады. Ал қонақтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, көрермендерді қобалжытты. Бірақ алаң иелері жеңісті есепті уыстарынан шығарған жоқ.

Негізі, матч соңында «Ертістің» гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ бірде Фонсека ешкімге пас бермей, жаза басса, енді бірде ойынның аяғында алаңға шыққан Нұрбол Жұмасқалиев мүлт кетті. Әйтсе де, «Ертіс» жеңіске жетті. Енді бәрі де Болгарияда өтетін қарымта матчта шешіледі.

«Ертіс» (Қазақстан) – «Дунав» (Болгария) – 1:0 (1:0)

Гол: Бугаев, 5.

Ескертулер: Фофана, 19. Дарабаев, 63.

«Ертіс»: Лория, Кислицын, Дәуітов, Маслач, Живкович, Родриго, Дарабаев (Жұмасқалиев, 90+3), Джа Джедже (Калинин, 64), Фонсека, Фофана (Гетериев, 64), Бугаев.

Қосалқы құрам: Калмыков, Воротников, Алиев, Есімов

«Дунав»: Антонов, Петков, Патев, Милчев, Хубчев, Аяс (Станоев, 67), Димов, Карагарен (Ненов, 74), Костадинов, Шопов (Георгиев, 89), Будинов.

Қосалқы құрам: Конов, Марем, Васев, Петров, Немов.

Төрешілер: Арнолд Хантер, Ричард Стори, Эндрю Нетери (Солтүстік Ирландия)

29 маусым. Павлодар. «Орталық» стадион.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 10
Тура соққы: 2 – 4
Қиыс кеткені: 6 – 5
Тойтарылғаны: 2 – 1
Бұрыштама соққылар: 4 – 5
Офсайдтар: 4 – 1
Ескерту (сары қағаз): 2 – 0
Ереже бұзу: 15 – 8

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика