Вернуться к списку статей

“Астана” да риза, “Олимпиакос” та ырза....

Футбол
2K
«Астана» – «Олимпиакос» – 1:1. Фото: fcastana.kz
Бүгін «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі төртінші ойынын өткізіп, өз алаңында «Олимпиакос» клубымен тең түсті. Есеп – 1:1.

Ойын тең аяқталды. «Астана» жеңіп те кете, жеңіліп те қала жаздады. Жеңіп кете жаздағаны, ойынды өте жоғары қарқында бастап, қонақтарын састырды. Жеңіліп қала жаздағаны, матч соңында ойыншылары титықтап қалып, жүгіруден қалды...

Иә, «Астана» бұл матчты аса жоғары қарқында бастап, Грекия чемпионының екі аяғын бір етікке тықты. Тіпті олардың қателіктерін пайдаланып, ойынның басында гол да соқты. Твумаси оң қанаттан алға ентелеп, теңбіл допты көлбеу теуіп, Деспотовичтің аяғына салып берді. Әрі қарай «жұта» салу қиын емес еді...

Содан кейін «Астана» футболшылары қарқындарын сәл бәсеңсітіп алғандай болды. Әлде алға қарай атойлап шауып, әккі қарсыласының қарсы шабуылдарының бірінен сан соғып қалудан сескенді ме? Әйтеуір «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы ұстануға көшкендей болды.

Ал қонақтар ше? Әрине, олар «Астана-Аренаның» жасанды алаңына бірден бейімделіп кете алмады. Басында “ойнақ салып” жүгіре де алмағандай. Бірақ бірте-бірте “бауырларын жаза” бастады. Бойларын үйреніп, жалдамдықтарын үдете бастады.

Бірінші тайм бел ортасынан ауғанда, шабуылды да үдетті. Жанкештілік танытып, допты біздің ойыншылардан тартып алулары жиілей бастады. Ал «Астана» футболшылары мұндайда төрешіге қарайды. Төреші болса, кірпік қағар емес...      

Сөйтіп жүріп, қонақтар таразы басын теңестірді. Біздің футболшылардың қателіктерін пайдаланып, гол соғып кетті. Қақпашымызды да, қорғаушыларымызды да қапы қалдырған – сол “баяғы” Себа, Пирейде екі гол соққан Бразилия футболшысы.

«Астана» екінші таймды да жоғары қарқында бастады. Қонақтарды тықсырып, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ гол соғудың сәті түспей қойды. Әсіресе оң қапталдың “шаңын” шығарған Патрик Твумаси «Олимпиакос» қорғаушыларының екі аяқтарын бір етікке тықты.

Секундттар сырғып, минуттар жылжып, уақыт өткен сайын «Астананың» жылдамдығы бәсеңси бастады. Ал қонақтар керісінше, шабуылды тағы да үдете түсті. Енді елорда клубының қақпасының алды опыр-топыр бола бастады.

Бірақ бүгінгі ойында Ненад Эрич қателескен жоқ. Тіпті бірнеше рет қонақтардың қауіпті соққыларын тойтарды. Қорғаушыларымызды да қамшылап, жігерлендіріп отырды. Сол үшін стадионға жиналған көрермендердің қошаметіне бөленді.

Ойынның соңғы минуттарында екі команда да гол жіберіп алмауды көп ойлады. Бас бапкерлері де ойыншыларын іркес-тіркес алмастырып, уақыт ұтуға көшті. Алаңдағы ойыншылардың да допты арлы-берлі қақпақылдап, жүріп алулары көбейді.

Шыны керек, кейбір ойын сәттерінде бас төрешіге деген өкпеміз қара қазандай болды. Бізге салса, доп «Олимпиакос» клубының қорғаушысының қолына (әлде, иығына ма) тигенде, пенальти берер едік-ау...  

Сонымен ойын аяқталды. Қазақтың сайын даласына негізгі құрамдағы бес ойыншысын әкелмей, қоржынана бір ұпай салған «Олимпиакос» та риза. Алаңдағы он ойыншысын алмастыратын бірде-бір тәжірибелі футболшысы қалмаған, әйтсе де өз алаңында жеңілістің кермек дәмін татпаған «Астана» да риза. "Құда" да тыныш, "құдағи" да тыныш...



«Астана» (Қазақстан) – «Олимпиакос» (Грекия) – 1:1

Голдар: Деспотович, 8 (1:0). Себа, 30 (1:1).

«Астана»: Эрич, Шитов, Малый, Логвиненко, Шомко, Бейсебеков, Максимович, Мұжықов, Твумаси (Наджарян, 90+3), Деспотович (Күлбеков, 82), Кабананга.

«Олимпиакос»: Леали, Элабделлауи, Ботия, Виана, Рецос, Бухалакис, Камбьяссо (Ромао, 81), Мартинш (Андруцос, 90+1), Мантатис (Эльюнусси, 64), Себа, Кардосо.

Бас төреші: Орель Гринфельд (Израиль)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 8 – 16

Тура соққы: 3 – 5

Қиыс кеткені: 3 – 6

Тойтарылғаны: 2 – 5

Қақпа маңдайшасы: 0 – 1

Бұрыштама соққылар: 3 – 7

Офсайдтар: 5 – 0

Доп иелену: 40% – 60%

Пастары: 187 – 329

Дәл пастары: 148 – 290

Пастар дәлдігі: 79% – 88%

Қорғанысты доп тартып алу: 21 – 19

Соққыға тосқауыл болу: 5 – 2

Ескерту (сары қағаз): 2 – 1

Ереже бұзу: 13 – 9

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика