Вернуться к списку статей

Еуропа лигасы – “Астана” “Олимпиакостан” оңбай ұтылды

Футбол
2K
«Олимпиакос» (Грекия) – «Астана» (Қазақстан) – 4:1. Фото: newsit.gr
«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі үшінші ойынын өткізіп, Грекияда «Олимпиакос» клубынан оңбай ұтылды. Есеп – 1:4.

«Олимпиакос» Еуропа лигасының екінші турында АПОЭЛ клубынан ұтылып қалған. Әрі түзде де емес, өз алаңында... Сондықтан өз жанкүйерлері алдында екінші рет сүрінуді хош көрмеді.

Сонымен, «Олимпиакос» ойын басталған бетте атойлап алға шапты. Қарқындарын минут сайын үдете түсті. «Астана» алаң иелерінің қыспағына 25 минут қана шыдады. Оның өзінде, Эричтің арқасында... Иә, «Астананың» қақпашысы матч басында алаң иелерінің бірнеше шабуылдарын тойтарып, соққыларына тосқауыл бола білді.

Бірақ «Астана» сонда да Грекия клубының құйындай орап соққан шабуылдарына төтеп бере алмай, ойыншыларына ілесе алмай қалды. Алаң иелері айналасы тоғыз минуттың ішінде үш гол соғып, Қазақстан чемпионын сең соққандай күйге түсірді.

Әрі командалық ойын үлгісінің қандай болатындығын көрсетті. Допты бір-біріне жылдам қақпақылдап, «Астана» қорғаушыларының бастарын шыр айналдырды. Қарсы шабуылды да тез ұйымдастыра қойып, сан соқтырып кетті.

Рас, бірінші таймның аяғында «Астананың» есепті қысқартатын мүмкіндігі болған. Бірақ доп ойынға бұрыштан қосылғанда, Аничич қақпаның белтемірін дір еткізгеннен аспады. Тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп қойды.

Екінші таймда «Олимпиакос» қонақтарын допсыз сабылтты. Бір-біріне пас беріп, қарқындарын бәсеңсітіп алды. Тіпті қақпашысы қателесіп, допты Кабанангаға беріп қойды да, Джуниор оны қақпаға дөп түсірді.

Бұл гол «Астана» футболшыларын жігерлендіре түскендей еді. Бірақ көп ұзамай Каньяс екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Бұл онсыз да көмескі тартқан үміт сәулесін үрлеп өшіргендей әсер етті.

Кем құрамда қалған Қазақстан чемпионын алаң иелері зыр жүгірттіп, тағы бір соқты. Содан соң қайтадан жылдамдықтарын бәсеңсіткендей болды. «Астана» ойыншылары осыны пайдаланып, допты тартып алуға тырысты.

Осындай сәттердің бірінде Серікжан Мұжықов жан ұшыра жүгіріп, допты аяғымен іліп алды да, Кабанангаға бере қойды. Өкінішке қарай, Джуниор бос қалған қақпаны нысанаға ала алмай, қиыс тепті.

Сол-ақ екен, Стойлов оны бірден алмастырып тастады. Алайда оның орнына шыққан Деспотович мүлде “көзге көрінген” жоқ. Твумаси де алаң иелерінің қорғанысын жалғыз өзі бұзып өтпек болып, біраз бұлқынып басылды...

Осылай, «Астана» Грекияда ірі есеппен ұтылып қалды. Әрі “плей-оффқа шықсақ” деген дәмесінің тамырына Пирейде балта шапқандай болды. Үш ойыннан еншілегені – бір-ақ ұпай.

«Олимпиакос» (Грекия) – «Астана» (Қазақстан) – 4:1

Голдар: Фигейраш, 25 (1:0). Эльюнусси, 33 (2:0). Себа, 34 (3:0). Кабананга, 54 (3:1). Себа, 65 (4:1).

58-минутта Каньяс алаңнан қуылды

«Олимпиакос»: Леали, Рецос, Ботия, Кошта, Фигейраш, Миливоевич (Камбьяссо, 73), Мартинш, Фортунис (Бухалакис, 79), Эльюнусси (Мантатис, 69), Себа, Кардосо.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Логвиненко, Малый, Аничич, Шомко, Каньяс, Тағыберген (Мұжықов, 63), Тву маси,Нөсербаев (Шитов, 59), Кабананга (Деспотович, 72).

Бас төреші: Тобиас Штилер (Германия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 20 – 9

Тура соққы: 9 – 4

Қиыс кеткені: 5 – 3

Тойтарылғаны: 6 – 2

Қақпа маңдайшасы: 0 – 1

Бұрыштама соққылар: 7 – 2

Офсайдтар: 2 – 4

Доп иелену: 64% – 36%

Пастары: 456 – 218

Дәл пастары: 431 – 198

Пастар дәлдігі: 94% – 90%

Қорғанысты доп тартып алу: 20 – 27

Ескерту (сары қағаз): 2 – 7

Алаңнан қуылу (қызыл қағаз) 0 – 1

Ереже бұзу: 11 – 18

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика