АПОЭЛЬ бір жолдаманы жамбасына басып алуы мүмкін
Ертеңгі матчта екі командаға да ұтылмау керек. Тіпті екеуіне де жеңіс ауадай қажет. Себебі «B» тобындағы екінші матчта АПОЭЛ Швейцарияның «Янг Бойз» клубын ұтып кетсе, онда Кипр чемпионы плей-офф сатысының бір жолдамасын “қалтасында” салып алады дей беруге болады.
Сол себептен «Олимпиакос» пен «Астана» арасындағы матч екі команда үшін де – маңызды. Ұтылғаны «B» тобындағы екінші орыннан үмітін түпкілікті үзбесе де, жағдайын тығырыққа тіреп алады. Әсіресе, «Астананың» Еуропа лигасының 1/16 финалына шығу мүмкіндігі көмескі тартып кетеді...
“Астана” екі ойында да өкіндірді...
«Астана» алғашқы екі турдан бір-ақ ұпай еншіледі. Түзде АПОЭЛ клубын ұтып жатып, жеңісті уысынан шығарып алды. Тым болмаса, тең нәтижені “ұстап” қала алмай, опық жеді. Ал өз жерімізде «Янг Бойз» футболшыларын ұта алмай, бір ұпайды көңілге медеу тұтты.
Екі ойында да өкініп қалды. Никосиядан кемі бір ұпай олжалап, өз алаңында Швейцария клубын ұтқанда, дәл қазір «B» тобында көш бастап тұрар еді. Әсіресе, «Янг Бойзды» жеңіп кете алмағаны өзекті өртеді. Енді шегінерге жол жоқ. Ел чемпионатындағыдай, арқаны кеңге салып, “тізгін” тарта алмайды. Қалған төрт ойында қамшыны басу керек.
“Олимпиакос” та опық жеп жүр...
«Олимпиакос» клубының да жағдайы мәз емес. Грекияның 43 дүркін чемпионы да биыл Чемпиондар лигасына іліге алмай қалды. Аталған лиганың үшінші електік сатысында Израильдің «Хапоэль» (Беэр-Шева) клубына жол беріп қойған (0:0 және 0:1).
Өз елінің чемпионатында екі рет жеңіске жетіп, 10-орындағы «Лариса» клубынан ұтылып қалды (0:1). Ол аз болғандай, іле-шала Еуропа лигасында да жеңілістің кермек дәмін татты. Өз алаңында АПОЭЛ клубына 0:1 есебімен есе жіберіп алып, жанкүйерлерін жерге қаратты.
Рас, содан бері (29 қыркүйектен кейін) Грекия чемпионатында екі рет жеңіске жетті. Әсіресе, үшінші орында келе жатқан АЕК клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, көрермендерін қуантқан. Содан соң түзде төртінші орындағы «Паниониос» клубынан 2:0 есебімен басым түсті.
Бұл дегеніңіз, Грекия чемпионы қыркүйек айының соңындағы тоқырау кезеңінен өткен сияқты. Енді қарқынын үдете түскендей. Әйтсе де, дәл қазір бұл клубтың жанкүйерлері Паулу Бенту өз қарамағындағы жігіттерді “жігерлендіре ала ма” деп алаңдауда...
Сол секілді, «Астана» клубының жанкүйерлері де Станимир Стойловтың тәжірибесі мен біліктілігіне сенім артады. Болгар маманы жігіттерімізді қайрап, намыстарын жани түседі деп үміттенеді.
Қысқасы, ертең екі командаға да жеңіс керек. Тіпті тең ойын да, «Астана» үшін жаман нәтиже болмас еді. Ал жеңілсе, онда 1/16 финалы жайлы ойлаудың өзі артық болар. Иә, ертең не бел кетеді, не белбеу кетеді! Не «Астана» серпіледі, не «Олимпиакос» қара үзеді...