Вернуться к списку статей

Нөсербаев қалай "швейцариялық" бола жаздады немесе "Астана" – "Янг Бойз" туралы 10 дерек

Футбол
2K
Астана - Янг Бойз текетіресі туралы 10 дерек
Бүгін ел чемпионы «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңінің 2-туры аясында елордамыздың «Астана-Арена» стадионында Швейцарияның «Янг Бойз» командасымен кездеседі. Назарларыңызға әдеттегідей осы текетірес туралы он фактіні ұсынамыз.

1. Матч Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Кездесудің тікелей трансляциясын «Оң тв» телеарнасы ұсынады.

2. Букмекерлердің басым бөлігі бұл ойында «Астана» жеңеді деп отыр. Көпшілік букмекерлік кеңселер алаң иелерінің жеңісіне 2,45 коэфициентімен бәс қабылдауда. Тең ойын тіркеледі дегенге 3,38 коэфициент. Ал қонақтар ұтады дегенге 2,9 коэфициент.

3. Кездесуге Саймон Эванс бастаған уэльстік төрешілер қызмет етеді. Оған қос қапталда отандастары Филип Томас пен Льюис Эдвардс көмектеседі. Резервтегі төреші – Дэниэл Бекетт.

4. «Астана» сапында жарақатына байланысты алаңға Агим Ибраими шыға алмайды. Сондай-ақ, Юрий Логвиненконың да алаңға шығу-шықпауы белгісіз. Ал «Янг Бойз» құрамында жарақаты бар ойыншылар өте көп. Негізгі орталық қорғаушысы Ален Роша Астанаға келген де жоқ. Лорис Бенито Секу Саного және команданың үздік сұрмергені Гийом Оаро қазан айының ортасында ғана сапқа қосылады.Сондай-ақ, қорғаушылар Милан Вилотович пен Грегори Вютрихтың да жарақаттары бар. Бұлардың барлығы «Янг Бойздың» негізін құрайтын футболшылар.

5. Агим Ибраими демекші, «Астананың» македониялық легионері кезінде «Янг Бойздың» қазіргі бас бапкері Адоль Хюттермен бір клубта бірге ойнаған. Аустрияның «Ред Булл» командасы болатын. «Мен ол кезде 36 жаста едім, Агим болашағынан мол үміт күттіретін жас футболшы еді. Қазір хабар алмаспаймыз», - деді бұл жайлы Хюттер.

6. 2009 жылы «Янг Бойз» клубына «Астана» капитаны Таңат Нөсербаев ауысуы тиіс болатын. Ол кезде небәрі 22 жасар қандасымыз «Ордабасыда» ойнайтын еді. Бірнеше күн бойы швейцариялықтармен бірге жаттыққан ол жеке келісімшарт бойынша келісімге келе алмаған. Әйтпесе, "Янг Бойз» бапкерлері жерлесіміздің шеберлігіне жоғары баға беріп, қатты қызыққан. Кім біледі, егер сол кезде көзді жұмып, Швейцарияға кетіп қалғанында қазір Таңат Нөсербаев Еуропаны дүрілдетіп жүретін бе еді...

7. «Астана» – «Янг Бойз» матчында жерлестеріне қолдау көрсету үшін Швейцариядан 80 шақты жанкүйер келіпті. «Ешкім де өз командасына жанкүйер болу үшін мұндай қашықтықты басып өтпеген еді. Ал бұл 80 фанат 4500 шақырымды бағындырып, бейсенбі күні өз командасына қолдау көрсетеді», - деп жазды бұл жайлы Blick.ch порталы.

8. «Астана» биылғы еурожорығы жайлы қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Ал «Янг Бойз» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастап, алдымен Украинаның «Шахтерін» пенальти сериясының қорытындысы бойынша ұтқанымен плей-офф кезеңінде Германияның «Боруссия М» командасынан ойсырай ұтылды (1:3, 1:6). Осылайша швейцариялықтар Еуропа лигасының топтық кезеңінен орын алды.

9. «Астана» да, «Янг Бойз» да Еуропа лигасының топтық кезеңін сәтсіз бастады. Жерлестеріміз түзде «Аполден» 1:2 есебімен жеңіліп қалса, швейцариялықтар өз алаңында Грекияның «Олимпиакосына» есе жіберді. Есеп – 0:1. Содан бері «Астана» ел чемпионатында екі ойын өткізіп, қонақта «Ақтөбе» мен «Ордабасыны» 2:1 және 1:0 есептерімен тізерлетті. Ал «Янг Бойз» Еуропа лигасының бірінші турынан кейін ішкі чемпионатта өз елінің аутсайдерлері саналатын «Вадуц» және «Сьон» командаларының қақпасына гол соға алмай, тең ойнап қалды. Қазір олар Швейцария чемпионатында 14 ұпаймен 2-орында. Басты бәсекелесі «Базельден» 13 ұпайға артта қалып келеді.

10. Жалпы, «Астана» мен «Янг Бойз» бұған дейін бір-бірімен кездеспеген. Бірақ 2006 жылы Қостанайдың «Тобылы» УЕФА кубогының аясында Швейцарияның тағы бір командасы «Базельмен» кездесіп (1:3, 0:0), сәтсіз ойнаған. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика