Вернуться к списку статей

"Апоэлмен" салыстырғанда "Астананың" құрамы "айналайын" екен

Футбол
1K
Апоэл - Астана текетіресінен не күтеміз?
«Апоэл» мен «Астананың» бүгін алаңға шығуы мүмкін ойыншыларының құрамы жасалды. Сондай-ақ, қос команданың бас бапкерлері журналистерге сұхбат беріп, ойын туралы өз ойларын білдірді.

Сонымен, «Апоэлдің» бас бапкері Томас Кристиансен матчқа 22 футболшысын дайындап жатыр екен. Кипрлік Sport-fm.com.cy сайтының жазуы бойынша алаң иелері Қазақстан чемпионына қарсы 4-5-1 жүйесі бойынша ойнауы мүмкін.

«Апоэл» құрамы:

Бой Уатерман (Голландия) – Нектариос Александру, Карлао (Бразилия), Иньяки Астис (Испания), Живко Миланов (Болгария) – Вандер (Бразилия), Нуну Мораиш (Португалия), Винисиус (Бразилия), Факундо Бертольо (Аргентина), Яннис Янниотас (Грекия) – Пьерос Сотириу.

Сондай-ақ, «Астана» футбол клубының «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы да елордалықтардың алаңға шығуы мүмкін ойыншыларының тізімін жасаған. Соған сүйенсек, жерлестеріміз бүгін кипрліктерге қарсы 5-4-1 жүйесі бойынша ойнауы мүмкін.

«Астана» құрамы:

Ненад Эрич (Сербия) – Дмитрий Шомко, Марин Аничич (Босния), Сергей Малый, Игорь Шитов (Беларусь), Абзал Бейсебеков – Рохер Каньяс (Колумбия), Неманья Максимович (Сербия), Серікжан Мужиков, Патрик Твумаси (Гана) – Джуниор Кабананга (Конго ДР).

Станимир Стойлов: «Бүгін қателессек, ертең түзеуге мүмкіндігіміз болады»

«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов былтырғыға қарағанда биыл «Апоэлдің» құрамы күшейгенін айтып, былтырғы матчта команданың алдында басқа мақсатты болғанын тілге тиек етті.


– «Апоэлмен» қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Жарқын ойын үлгісін көрсете аламыз деп ойлаймын. «Астананың» алдында Еуропа лигасында сәтті өнер көрсету ғана емес, Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогын да жеңіп алу мақсаттары тұр. Біз осы мақсаттарды орындау үшін бар күшімізді саламыз.

– Станимир, ел чемпионатында «Қайраттан» жеңіліп қалуыңыз командаға қаншалықты әсер етті?

– Әлбетте, біздің дәл қазіргі басты мақсатымыз – Қазақстан чемпионатында топ жару. Сондықтан, «Қайраттан» ұтылғанымыз ауыр тиді. Дегенмен, Еуропада ойнағың келсе, жеңілісті бірден ұмытып, келесі матчқа тас-түйін дайын бола білуің қажет. Еуропа лигасында өнер көрсетіп жатыр екенбіз, демек кез-келген сынаққа дайын болуымыз керек.

– Кипрлік футболшылар өз сұхбаттарында қазақстандықтардан қарымта қайтарғылары келетіндіктері жайлы жиі айтып жүр. Бұл біз үшін көмек бола ма?

– Өткен жылғы матчта Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алу тағдыры шешілген еді. Сондай-ақ, үлкен сыйақы да әсер етті. Сондықтан, былтырғы кездесу мен биылғы ойын екі бөлек. Қазір екі команда да жеңіске жеткісі келеді. Оның үстіне, топтық кезеңнің ойындарында сен бүгінгі қателігіңді ертең түзей аласың. Ал былтыр қателікке бой алдыруға құқығымыз болған жоқ.

– Өткен жылмен салыстырғанда «Апоэлдің» ойынынан не өзгеріс байқадыңыз?

– Кипр футболын үнемі бақылап отырамын. Мұнда менің достарым көп. «Апоэл» құрамы өзгерген. Мықты ойыншылармен толыққан. Бірақ мені біреудің емес, өзімнің командам қызықтырады.

– Юрий Логвиненконың қорғаныстағы орны ойсырап тұр. Бұл мәселені шеше алдыңыз ба?

– Мұндай ойыншылардың орнын толтыру өте қиын. Дегенмен, бір амалын қарастырып көреміз. Біздің командада ұлттық құрамаларда ойнайтын жігіттер көп. Бәрінің шеберліктері жоғары. Сондықтан, мәселені шешуге тырысамыз.  

Томас Кристиансен: «Былтыр біз «Астана» туралы мағлұматымыздың аз болғанынан ұтылдық»

Ал «Апоэлдің» бас бапкері Томас Кристиансен «Астананың» әлеуетіне жеке тоқталып, ойынның оңайға түспейтінін жасырмады.


– Бізді өте мықты қарсылас күтіп тұр. Дегенмен, «Астана» қанша мықты болса да, өзіміздің жігіттерге сенемін және қалайда жеңіске жетуге тырысамыз.

– Жақында «Копенгагеннен» ұтылып қалдыңыздар. Ал «Астанамен» болатын ойынға қаншалықты дайынсыздар?

– «Копенгагенмен» өте ауыр ойын болған. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алуға керемет мүмкіндігіміз болған. Болмашы жерден гол жіберіп алдық. «Астанаға» қарсы да оңай ойын болмайды. Дегенмен, жігіттердің бәрі сақадай сай.

– Былтыр қазақстандықтардан жеңіліп қалған едіңіздер. Қарымта қайтара аласыздар ма? Жалпы, «Астананың» ойынынан не өзгеріс байқадыңыз?

– Мен «Апоэл» мен «Астананың» өткен жылы Кипрде өткен ойынын өз көзіммен көргенмін. Меніңше, былтыр біз «Астана» туралы мағлұматымыздың аз болғанынан жол беріп қойдық. Биыл қарсыласымызды әбден зерттедік. Жеңіске деген сеніміміз зор.

Естеріңізге сала кетейік, ойын бүгін Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Матчты тікелей эфирден «Оң.тв» телеарнасы көрсетеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика