Вернуться к списку статей

"Апоэл" – "Астана" текетіресі туралы 10 факт

Футбол
1K
Апоэл - Астана текетіресі туралы 10 факт
Ертең ел чемпионы «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңінің 1-туры аясында Никосияда Кипрдің үздік командасы «Апоэлмен» кездеседі. Назарларыңызға осы текетірес туралы он фактіні ұсынамыз.

1. Ойын Никосияның 23 мыңдық (22 859 көрермен) «Neo GSP», яғни «Панкиприя» гимнастикалық қауымдастығының стадионында өтеді. Бұл арена 1999 жылы салынған. «Апоэлден» бөлек, бұл стадионда «Олимпиакос» және «Омония» футбол клубтары мен Кипр ұлттық құрамасы өз алаңындағы ойындарын өткізеді. Айтпақшы, Никосияда «GSP» деген тағы бір стадион бар. Бірақ бұл аренаның сиымдылығы небәрі 12 мың көрермен.

2. Матч жергілікті уақытпен сағат 20:00-де, Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Қазақстандық жанкүйерлер кездесудің тікелей трансляциясын «Оң тв» телеарнасынан тамашалай алады.


3. Букмекерлер «Астананың» жеңісіне сенбейді. Көпшілік букмекерлік орталықтар алаң иелерінің жеңісіне 1,99 коэфициентімен бәс қабылдауда. Тең ойын тіркеледі дегенге 2,92 коэфициент. Ал «Астана» ұтады дегенге 3,92 коэфициент.

4. Кездесуге Александр Ставрев бастаған македониялық төрешілер қызмет етеді. 2013 жылы бұл арбитр Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясындағы Германия – Қазақстан (4:0) матчында бас төреші болған. Биылғы маусымда 39 жасар рефери Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу турнирлерінде бір-бір ойынға қазылық еткен. «Виктория (Чехия) – «Карабах (Әзірбайжан), «Рапид» (Аустрия) – «Тренчин» (Словакия) кездесулерінде қызмет етіп, екі ойында да қызыл қағаз көрсеткен. Сондықтан, дөрекілікті көтере алмайды. Ертең оған қос қапталда Марьян Кировски және Деян Костадинов көмектессе, Гоче Петрески резервтегі төреші болмақ. Ал матч инспекторы – ресейлік Николай Иванов.


5. Жақында өткен «Астана» – «Қайрат» кездесуін «Астана-Арена» трибунасынан «Апоэл» бас бапкерінің көмекшісі Йоргос Костис тамашалады. Apoel.net сайтының жазуынша Костис «Астананың» негізгі құрамын жобалап, әлсіз және мықты тұстарын қойындәптеріне түртіп алып, матчтың бейнетаспасын кипрлік клубтың бас бапкері Томас Кристиансенге ұсыныпты.

6. «Астана» сапында жарақаттарына байланысты Никосияға қорғаушы Юрий Логвиненко мен жартылай қорғаушы Агим Ибраими бара алмады. Есесіне Таңат Нөсербаев жарақатынан құлан таза айығып, ертеңгі ойында алаңға шығуға дайын. Бас бапкер Станимир Стойлов Кипрге барлығы 20 футболшы алып кетіпті.


7. «Апоэл» сапында қазақстандықтарға, әсіресе «Астанаға» жақсы таныс бразилиялық жартылай қорғаушы Ренан Брессан өнер көрсетеді. Беларусь паспорты бар бразилиялық ойыншы 2014 жылы «Астанада» жарты маусым ойнап, жеті матчта бір гол соққан. Биыл «Апоэл» сапында екі еурокубоктық матчқа қатысты. Бірақ Кипр чемпионатында әлі алаңға шыққан жоқ.

8. Қазақстан чемпионатында басты бәсекелесі «Қайраттан» төрт ұпайға алда тұрған елорданың «Астанасы» 26 турдан кейін турнир кестесінде көш бастап келеді. Ал «Апоэл» Кипр чемпионатында екі матч өткізіп, екеуінде де ірі есеппен (3:0, 4:0) жеңіске жетті. Турнир кестесінде 3-орында.


9. «Астана» биыл Қазақстан чемпионы ретінде еурокубокққа жорығын Чемпион лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастады. Алдымен Литваның «Жальгирисін» айналып өтіп, үшінші іріктеу кезеңінде Шотландияның «Селтигіне» жол берген болатын. Ал Еуропа лигасының плей-офф текетіресінде Беларусьтің БАТЭ командасын тізе бүктірген. Өз кезегінде «Апоэл» де Кипр чемпионы ретінде Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастады. Олар алдымен Уэльстің «ТНС» клубын бірінші ойында 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, жауапты матчта 0:0 есебімен тең түскен. Одан кейін Норвегияның «Русенборгында» екі кездесудің қорытындысы бойынша алып ұрған (3:0, 1:2). Бірақ Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Дания чемпионы «Копенгагеннен» айналып өте алмады да (1:1, 0:1), Еуропа лигасының топтық кезеңіне түсті.

10. «Астана» мен «Апоэл» былтыр да кездескен. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде жолдары түйісіп, «Астана-Аренадағы» матчта жерлестеріміз Бауыржан Жолшиев соққан голдың арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, Никосияда жеңіліп жатқан жерімізден 84-минутта Неманья Максимович таразы басын теңестіріп кетті.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика