Вернуться к списку статей

“Астана” БАТЭ-нің қақпасына марғау жүріп екі гол соқты

Футбол
2K
Еуропа лигасының плей-офф сатысында Беларусьтің БАТЭ-сімен кездескен «Астана» өз алаңындағы бірінші ойында 2:0 есебімен басым түсті.

Чемпиондар лигасының биылғы додасында жолы болмаған һәм жаңа басшысы баспасөз беттері арқылы бірсыпырасын жер-жебірне жете сынаған «Астана» ойыншылары бұл матчты сылбыр бастады. Он минуттай екі команда да қақпа барын ұмытқандай, арлы-берлі сабылып жүріп алды.

Шамамен 10-минутта «Астана» қауіпті шабуыл ұйымдастырып, Кабананга бұл мүмкіндікті кәдеге асыра алмады. Содан соң бір-екі рет Твумаси жылдамдығының жоғары екендігін көрсетіп, БАТЭ қорғаушылары мен қақпашысын бір састырды.

Бірінші таймда басқадай айрықша атап өтерлік ештеңе болған жоқ. Тек Беларусь чемпионының көпшілікке танымал үздік ойыншыларының бірі Александр Глебтің 39-минутта жарақаттанып қалып, орнын басқа ойыншыға босатқаны болмаса...

Осы ретте айта кетуіміз керек, «Астана» бұл ойынға екі қорғаушысын шығара алмады. Қос қапталдағы қорғаушылары, яғни Шомко мен Шитов Глазгода қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған.

Сондықтан болар, «Астана» қорғанысқа көп көңіл бөлді. Өз алаңында гол жіберіп алса, жағдайларын тығырыққа тіреп аларларын естерінен шығармай, жартылай қорғаушылары да тылға көп қарайлаумен болды.

Әрине сол қанатпен ойқастып алға ұмтылып, қарсы команданың бекінісін піспектеп, мазаларын алатын Дмитрий Шомконың орны “үңірейіп” сезіліп тұрды деуге болады.

Ал екінші таймда «Астана» бірден алға ұмтылып, ширақ қимылдай бастады. Өз алаңында гол соқпаса болмайды. Қашанғы жайбарақат жүре берсін? Бірақ ойындары үйлеспей, шабуылдары аяқсыз қалып, гол соға алмай қойды. Тың күш керек сияқты...

Сол кезде Станимир Стойлов алаңан Азат Нұрғалиевті шығара қойды. Бұл ойында Азаттың бағы жанайын деп тұр екен, көп ұзамай «Астана» есеп ашты. Кабананга денесімен мың бұралып, қонақтардың қорғаушылары мен қақпашысына сан соқтырып кетті. 

Стадион дүр сілкінді. Көрермендер аса көп жиналмаса да, «Астана» ойыншыларын жігерлендіріп жіберді. Басқасы басқа, бірақ жанкүйерлерінің сенімдерін ақтау керек екендіктерін ұмытпағандарын білдіріп, қарқындарын үдетті.

Алайда бұл БАТЭ-ге мүлде ұнаған жоқ. Олар тайлы-таяғымен шабуылға шығып, таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ алаң иелері жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, есепті еселей түсті. Қақпашы Веремко алға ұзап шығып, допты кері қайтарғанымен, оны Нұрғалиев іліп алып, алыстан қақпа торын дөп көздеді.

Соңғы минуттарда БАТЭ бар күш-жігерін салып, есепті қысқартуға тырысты-ақ. Бірақ «Астана» футболшылары сауатты түрде қорғана біліп, қонақтарының соқыларын тойтарумен болды. Тіпті қарсы шабуылдарымен тағы бір гол соғуға әрекеттеніп, көрермендерді риза қылды.

Әйтсе де, есеп өзгермей, «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта матч бір аптадан кейін Борисовте өтеді. Онда Қазақстан чемпионына үш доп айырмасымен ұтылмау керек.

«Астана» (Қазақстан) – БАТЭ (Беларусь) – 2:0

Голдар: Кабананга, 70. Нұрғалиев, 80.

«Астана»: Эрич, Логвиненко, Малый, Аничич, Бейсебеков, Каньяс, Максимович, Мұжықов, Ибраими (Нұрғалиев, 63), Твумаси (Тағыберген, 89), Кабананга (Деспотович, 84).

БАТЭ: Веремко, Гайдучик, Жавнерчик, Поляков, Карницкий (Сигневич, 80), Риос, Гордейчук, Кендыш, Гвилия (Яблонский, 46), Глеб (Иванич, 39), Родионов.

Бас төреші: Себастьен Дельферьер (Бельгия)

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика