Вернуться к списку статей

Еуропа лигасы: БАТЭ сапындағы ескі таныстар

Футбол
1K
БАТЭ (Беларусь)
Бейсенбі күні кешкісін «Астана» футбол клубы осы маусымдағы ең маңызды матчтарының бірін өткізбек. Елордаға Беларусь чемпионы БАТЭ келмек.

Осыдан үш жыл бұрын Қарағандының «Шахтері» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Беларусьтің БАТЭ футбол клубымен кездескен. Екі ойында да жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңген болатын. Ақорыстардың сапында сол кезде ойнаған футболшылардың тоғызы 18 тамыз күні «Астанаға» қарсы алаңға шықпақ. Олар кімдер? Біз үшін қаншалықты қауіпті?

Артем Сороко (қақпашы) – 24 жас


Осыдан үш жыл бұрынғы текетіресте Сороко «Шахтерге» қарсы алаңға шыққан жоқ. Ол кезде Артем БАТЭ сапында екінші емес, үшінші де емес, төртінші қақпашы болатын. Биыл да қосалқы құрамда болды. Бірақ жазғы трансферлік кезең барысында негізгі қақпашысы Сергей Черник Францияның «Нанси» командасына ауысқаннан кейін Сорокоға жол ашылғандай болған. Алайда қатарынан екі ойында алаңға шыққанымен соңғы үш турды қосалқы құрамда өткізуге мәжбүр болды. Сондықтан, «Астанаға» қарсы ойнауы да мүмкін, Борисовте қалып қоюы да ғажап емес.

Виталий Гайдучик (қорғаушы) – 27 жас


Осыдан үш жыл бұрын Гайдучик «Шахтерге» қарсы текетірестің бірінші кездесуінде 90 минут ойнағанымен Қарағандыдағы кездесуде қосалқы құрамда қалып қойды. Биыл да ойнап жарытып жүрген жоқ. Беларусь чемпионатында бар болғаны екі-ақ кездесуге шығыпты. Дегенмен соңғы турда БАТЭ бас бапкері Александр Ермакович Виталийді негізгі құрамға қосқан екен. Демек, «Астана-Аренаға» да шығып қалуы мүмкін.

Денис Поляков (қорғаушы) – 25 жас


Сол кездің өзінде-ақ 22 жасар Поляков белоруссиялық клубтың негізгі қорғаушысы болатын. «Шахтерге» қарсы екі матчты да ешқандай ауысымсыз өткізді. Қазір де Ермакович командасын бұл қорғаушысыз елестету мүмкін емес.

Александр Володько (жартылай қорғаушы) – 30 жас


Ағайынды Володьколардың үлкені БАТЭ сапында биыл сегізінші жылын өткізуде. Әртүрлі себептерге байланысты осыдан үш жыл бұрын бірінші ойында «Шахтерге» қарсы шыға алған жоқ. Қарағандыда 90 минут өткізді. Бірақ командасына жеңіс әпере алмады. Ал биыл Александр борисовтіктердің үздік ойыншыларының бірі. Маусым басынан бері 9 ойын өткізіп, 4 гол соққан. Дөрекілігімен де көзге түсіп, 3 рет ескерту алған. Бірақ «Астанаға» қарсы шыға ма, жоқ па, тап басып айту қиын. Өйткені, еурокубоктық ойындарда Ермакович бұл ойыншыға көп сене бермейді.

Максим Володько (жартылай қорғаушы) – 23 жас


Футболдағы карьерасын жартылай қорғаушы ретінде бастап, ақырындап артқы шепке ауысып кеткен Максим Володько бүгінде борисовтіктердің ең дөрекі ойыншыларының бірі. Маусым барысында алаңға 13 рет шығып, төрт рет ескерту қағазын алып үлгерген. Сондықтан шығар, БАТЭ бас бапкері Александр Ермакович еурокубоктық ойындарда бұл жігітке аса көп сене бермейді. Биыл Чемпиондар лигасының іріктеу додасында бар болғаны бір-ақ матчта алаңға шыққан. Онда да бар болғаны бес минутқа.

Эдгар Олехнович (жартылай қорғаушы) – 29 жас


Эдгар Олехнович 2010 жылдан бері БАТЭ сапында 150-ге жуық ойын өткізгеніне қарамастан ол қосалқы құрамның ойыншысы. «Шахтерге» қарсы текетіресті де алаң жиегінен тамашалаған. Осы жолы да солай болуы мүмкін. Өйткені, ішкі чемпионаттың өзінде бұл ойыншы көбіне хаттамаға да енбей қалып жүр.

Евгений Яблонский (жартылай қорғаушы) – 21 жас


Үш жыл бұрынғы текетіресті теледидар алдында отырып тамашалаған Евгений Яблонскийде осы жолы «Астанаға» қарсы алаңға шығуға керемет мүмкіндік бар. Ол кезде жастығына байланысты құрамға ілікпеген бозбала бүгінде әбден ысылған. Ішкі чемпионатта БАТЭ өткізген 18 кездесудің 11-інде алаңға шыққан. Жаман көрсеткіш емес. Бірақ биылдыққа еурокубоктық ойындарға әзірге шықпапты.

Дмитрий Мозолевский (шабуылшы) – 31 жас


Бұл шабуылшы осыдан үш жыл бұрынғы текетіреске қатыспаған. Бұл жолы да солай болатын шығар. Ойнаса да, одан аса қауіп болмауы тиіс. Чемпионатта 12 ойын өткізіп, бірде-бір гол соға алмапты. Сондықтан шығар, бас бапкері оны еурокубоктық кездесулерге қатыстыруға бата бермейді.

Виталий Родионов (шабуылшы) – 32 жас


Виталий Родионов. Осыдан үш жыл бұрын «Шахтерге» қарсы ойнап, екі матчта да қарағандылықтар қақпасынан саңылау таба алмаған.  Бірақ бүгінде БАТЭ сапында Михаил Гордейчукпен қатар сұрмергендер тізімін бастап тұр. Еншісінде сегіз гол. Капитандық міндетті арқалап жүрген ол борисовтіктер үшін еурокубоктық ойындарда да гол соғып жүр. Елордалық қорғаушыларға сақ болу қажет.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика