«Астана» бұл ойынға ең үздік футболшыларының бәрін шығара алмады. Глазгоға барғанда, Неманья Максимович ауырып қалыпты. Осылай Қазақстан чемпионы ең қымбат футболшысына сенім арта алмай, оның онына басқа ойыншысын шығаруға мәжбүр болды.
Бір қызығы, матчтың 31-минутында «Селтиктің» де ең қымбат футболшысы һәм жас “перісі” П.Робертс қатардан шығып қалды. Ол жарақат алып қалып, ойынды әрі қарай жалғастыра алмады.
Естеріңізде болса, «Астана-Аренада» дәл осы Патрик допты біздің қорғаушыдан тартып алып, шабуылшысының аяғына салып бере қойған. Шотландия чемпионы есепті осылай теңестірген.
Ал Глазгодағы ойынның басында «Селтик» көсіле шапты. «Астананы» қыспаққа алып, толассыз шабуылдаумен болды. Қазақстан чемпионы тек қорғанумен болды.
Абырой болғанда, Робертс алаңнан кеткеннен кейін алаң иелері сәл де болса, тізгіндерін тартқандай болды. Өкінішке қарай, уақыт 45 минуттан асып кетсе де, бірінші тайм аяқталмай қойды. Төреші ысқырық шалар емес.
Ол, ол ма, ойынның бірінші жартысының негізгі уақытына қосылған екінші минутта «Астананың» қақпасына пенальти берді. Қорғаушымыз ойын ережесін бұзған...
Ли Гриффитс 11-метрлік айып соққысын мүлт жіберген жоқ. Теңбіл допты Ненад Эрич қорғаған қақпа торында тулатты. Бірінші тайм осыдан кейін ғана аяқталды.
Екінші таймда «Астана» ширақ ойнады. Жасыл алаңға «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп шыққандай. Тіпті гол соғып, таразы басын теңестірді де. Бірақ төрешілер бұл допты есепке алмады. Оффсайд болған екен...
«Астана» сонда да айылын жимай, қарсы шабуылдарымен алаң иелерінің қорғанысын піспектеумен болды. Осындай шабуылдардың бірінде «Селтиктің» қақпашысы алға шығып кетіп, допты басымен кері қайтарған. Бірақ допты соның алдында ғана Азат Нұрғалиевтің орнына шыққан Агим Ибраими іліп алып, қақпашының да, қорғаушының да төбесінен асыра салды. Гол!
Таразы басы теңесті. Енді «Селтиктің» бапкерлері мен ойыншылары абыржи бастады. Қайтадан қарқындарын үдетіп, атойлап алға шапты. Бірақ «Астананың» қорғанысы сыр берер емес. Өте сауатты ойнап, алаң иелерінің шабуылдарын тойтарып отырды.
Алайда, тағы да негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда төреші тағы да пенальти берді. Бұл жолы «Селтиктің» шабуылшысын шалып жыққан – Игорь Шитов. Ол тіпті алаңнан қуылды. Өйткені екінші рет ескерту алды.
«Астананың» ойыншылары түгелдей дерлік төрешіге дүрсе қоя бергенімен, Румыния қазысы шешімін өзгертпей, қасқайып тұрып алды... УЕФА сайтына сенсек, ол Шомконы да алаңнан қуыпты...
Бұл жолы пенальтиді Муса Дембеле орындады. Ол да өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Эрич пен допты қақпаның екі бұрышына жіберді... Есеп – 2:1. «Селтиктің» айдарынан жел есті...
Иә, екі гол да пенальтиден соғылды. Екеуі де әр таймның негізгі уақыттарына қосылған қосымша минуттарда қақпа торын бүлк еткізді. Өкінішті-ақ. Өзекті өртер, жанды күйзелтер – өкініш...
«Астана» ойыншылары сең соққандай орындарында тұрып қалды. Ешқайсысы да қозғалар емес. Осындай да болады екен-ау... Екі пенальти, соңғы секундтар... «Бап шаппады ма, бақ шаппады ма», қайсысы?!.
«Селтик» (Глазго, Шотландия) – «Астана» (Қазақстан) – 2:1
Голдар: Гриффитс, 45+2-пенальтиден (1:0). Ибраими, 62 (1:1). Дембеле, 90+3-пенальтиден (2:1).
90+1 минутта Шитов, 90+2 минутта Шомко алаңнан қуылды.
«Селтик»: Гордон, Лустиг, Армстронг (Туре, 61), О’Коннел, Тирни, Браун, Макгрегор, Робертс (Йохансен, 31), Янко, Форрест (Дембеле, 75), Гриффитс.
«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков, Каньяс, Мұжықов (Деспотович, 90+3), Твумаси, Нұрғалиев (Ибраими, 57), Кабананга.
Бас төреші: Иштван Ковач (Румыния).