Вернуться к списку статей

"Селтик" "Барселонамен" ойнады, ал "Астана" дайындығын елордада пысықтауда

Футбол
2K
Селтик - Барселона 1:3
«Астанамен» болатын ойынның қарсаңында Шотландияның «Селтигі» Испанияның «Барселонасымен» кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл Чемпиондардың халықаралық кубогы аясындағы турнир болатын. Ойын Ирландия астанасы Дублиннің «Авива» стадионында өтті.

Селтик - Барселона - 1:3 (1:3)
Голдар: Туран 11 (0:1). Гриффитс 30 (1:1). Эмброуз 33 (1:2 - автогол). Эль Хаддади 40 (1:3).
Селтик: Гордон (Фазан, 46), Эмброуз, Янко, Исагирре (Фишер, 78), О'Коннел, Битон (Аллан, 46), Браун (Рогич, 46), Форрест (Кристи, 63), Макгрегор (Армстронг, 46), Робертс (Чифтчи, 46), Гриффитс (Дембеле, 46).
Барселона: Масип (Хосе Суарес, 77), Матье (Марлон, 61), Мартинес Х. (Лопес, 78), Камара (Мухика, 78), Роберто (Аленья, 65), Денис Суарес (Альфаро, 65), Тұран (Карбонель, 77), Видаль, Эль Хаддади (Гумбау, 77), Луис Суарес, Месси (Сампер, 46).
Бас төреші: Нил Дойл (Ирландия)

Каталониялықтар сапында бірінші минуттан бастап-ақ Месси мен Луис Суарес шықты. Сондай-ақ, бас бапкері Луис Энрике негізгі құрамда Арда Тұран, Жереми Матье, Серхи Роберто сынды мықтыларын шығарыпты. Ал шотландиялықтардың бас бапкері Брендан Роджерс «Астанаға» қарсы шыққан ойыншыларының тоғызын «Барселонаға» қарсы бәйгеге қосқан.

Есепті 11-минутта Арда Тұран ашқанымен жарты сағаттың ішінде-ақ «Астана-Аренада» жерлестерімізді сан соқтырып кеткен Ли Гриффитс таблодағы көрсеткішті теңестірген. Араға үш минут салып, Эфе Эмброуз өз қақпасына гол соғып алса, үзіліске бес минут қалғанда Мунир Эль-Хаддади есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші таймда гол соғылған жоқ.


Ал елордамыздың «Астанасы» өз кезегінде Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңініңі плей-офф аясындағы жауапты матчқа дайындықтарын өз жерінде жүргізіп жатыр. Ертең таңертең Станимир Стойлов бастаған жігіттер Глазгоға ұшады. Кешкісін бірден жаттығуға кірісіп кетпек.

– Тізесіне ота жасатқан команда капитаны Таңат Нөсербаевтан басқа құрамда жарақат алған ешкім жоқ. Дегенмен, жаттығу барысында басқа шабуылшыларымыз Жуниор Кабананга мен Джордже Деспотовичтің баптарында екенін байқадым. Соларға сенеміз. Әлбетте, оңай болмайды. «Селтик» өз жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысып, мақсаттарына жетуге тырысады. Бірақ біз де қарап қалмаймыз. Ұту үшін бар күшімізді саламыз, - деді болгар маманы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның елордасында өткен «Астана» – «Селтик» кездесуінде есепті алаң иелері ашып, гол соғатын көптеген мүмкіндіктерге ие болғанымен үзілістен кейін шотландиялықтар таразы басын теңестіріп кеткен болатын. Енді жауапты кездесу 3 тамыз күні Глазгода өтеді. Астана уақытымен 3-інен 4-іне қараған түні сағат 00:45-те басталатын бұл матчты «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирден ұсынбақ. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика