«Селтик» футбол клубының ресми сайты көпшілікке танымал Кот-д'Ивуар қорғаушысы, Англияның екі дүркін чемпионы Коло Туремен келісім шартқа отырғандарын жариялады. Арнайы баспасөз жиыны мен ресми таныстырылымы бүгін өтеді екен.
Негізі, Коло Туре – егжей-тегжей таныстыруды қажет етпейтін әйгілі футболшы. Англияның «Арсенал», «Манчестер сити», «Ливерпуль» клубтарында және Кот-д'Ивуар ұлттық құрамасының сапында ойнаған. Оның інісі Яя Туре де – кәсіпқой футболшы. Атақ-даңқы жағынан ағасынан да асып түседі. Қазір «Манчестер Сити» клубында ойнайды.
Коло Туренің «Селтикке» келуіне ұйытқы болған бас бапкері екені жасырын емес. «Селтктің» қазіргі бас бапкері Брендан Роджерс 2012-2015 жылдары «Ливерпуль» клубын жаттықтырған. Ал Коло Туре мерсисайдтықтар сапында 2013 жылдан бері ойнайтын.
Брендан Роджерс енді тәжірибесі мол, 35 жастағы Коло Турені «Селтикке» алдырып отыр. Көмегі тиетініне бек сенімді. Кот-д'Ивуар қорғаушысы да бұрынғы бас бапкерлерінің біріміне қайта кездескеніне қуанышты екендігін білдірген.
Естеріңізге сала кетейік, бұл – «Селтик» клубының осы жаздағы көпшілікті елең еткізерлік екінші трансфері. Бұған дейін, яғни 28 маусым күні ағылшынның «Фулхэм» клубынан 20 жастағы француз шабуылшысы Мусса Дембеле еркін агент мәртебесінде кельтер командасына ауысып, төрт жылға келісім шартқа отырған болатын.
«Селтик» әйтеуір «Астанаға» қарсы жан-жақты дайындалып жатыр. Бас бапкері де, ойыншылары да Қазақстан чемпионынан өту оңай емес екендігін айтып та жүр. Ол үшін бірінші кезекте құрамдарын күшейтіп алмақ...
Естеріңізге сала кетейік, «Астана» мен «Селтик» арасындағы, Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысындағы бірінші ойын 27 шілдеде «Астана-Арена» стадионында өтеді. Ал қарымта матч – 3 тамыз күні Глазгода.