Вернуться к списку статей

“Маккаби” “Қайраттың” қорғанысының осал тұсын тапты

Футбол
2K
Алматының «Қайраты» Нетанияда Тель-Авивтің «Маккабиінен» ұтылып қалып, Еуропа лигасынан тыс қалды.

«Қайраттың» қорғанысында кімдер?

Осыдан бір апта бұрын «Қайрат» Алматыда «Маккабимен» тең түскен болатын. Әрі соңғы минуттарда команда капитаны Б.Исламхан алаңнан қуылып, түздегі ойында алаңға шығу құқығынан айырылған. Сондықтан «қарымта матчта негізгі құрамда Бауыржанның орнына кім шығады» екен деген сұрақ көпшілікті алаңдатты.

«Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе Исламханың орнына Герсон Асеведоны шығарды. Әрі оң қапталдағы қорғаушы Е.Қуантаевтың орнына Стаислав Лунинді қойды. Мұнысы бірінші ойындағы «Маккабидің» голы “Ермектің қателігінен кейін соғылды” дегенмен пара-пар еді...

Рас, дәл сол ойын сәтінде Қуантаев Йосси Бенаюннің допты емін-еркін қабылдап, қақпаны нысанаға алуына бөгет жасай алмай қалған. Бірақ қақпашы да абдырып қалып, «Қайраттың» өзге қорғаушылары жаза басқан сияқты еді...

Сонымен қарымта матча Қуантаевтың орнына Лунин шықты. Қорғаныстың орта шебінде Сесар Арсо мен Жарко Маркович ойнады. Ал сол қапталда Ғафуржан Сүйінбаев ойқастады.

Бірінші гол тағы да оң қапталдан соғылды

Өкінішке қарай, Станислав Лунин оң қапталда ұстараның жүзіндей лыпылдаған Таль Бен-Хаимді тоқтата алмады. Бірнеше рет көз жазып қалды. «Маккабидің» 11-нөмірлі ойыншысы «Қайраттың қорғаушысын дәміл-дәміл алдап өтіп, қауіп төндірумен болды.

Тіпті ойынның 5-минутында Таль Бен-Хаим қорғаушы Лунинді алдап өтіп, гол соқты. Алматыдағы бірінші ойындағыдай тағы да – оң қапталдан. «Маккаби» «Қайраттың» осы шебін піспектеп, екі ойында да сан соқтырып кетті...

Осыдан кейін «Қайрат» қоғанысына сәл-пәл өзгеріс енгізді. Сесар Арсо оңға қарай ойысып, Лунинге көмектесуге кірісті. Ал Анатолий Тимощук тіпті оң қанатқа көп көңіл бөліп, көбінесе осы қапталдағы қорғаушыға болысумен болды.

Асеведо сенімді ақтамады   

Қазақта «Абылайдың асында шаппағанда,...» деген аталы сөз бар. Жазғы маусым кезінде «Қайратқа» алынған, немістің transfermarkt.de деген беделді сайтының деректері бойынша Қазақстан чемпионатындағы ең қымбат ойыншының, яғни Герсон Асеведоның бүгінгі ойынына осы сөз тіркесін қолдануға болатындай.

Асеведо «Қайраттың» ойынын үйлестіре алмады. Тіпті алғы шептегі Исаэль – Аршавин – Гоу үштігіне қолдау көрсете де алмай, бос сабылды. Доптан айырылып қала береді. Жөні түзу пас беріп те жарытпады.

Сонда Еурокубок додасында “шаппағанда”, қашан және қай жерде шаппақ?! Қазақстан чемпионатында “жайпап” жүргені де шамалы. Осы қымбат ойыншының неліктен Ресей клубтарына керек болмай қалғаны түсінікті бола бастағандай...

Исламбек Қуат «Қайратың шабуылына қуат берді

Кахабер Цхададзенің шыдамы бір-ақ таймға жетті. Ойынның екінші жартысында Асеведоның орнына Исламбек Қуатты шығарды. Исламбек аянбай тер төгіп, алдағы ойыншыларға көп көмек көрсетті.

Бауыржан Исламхан сияқты орталық алаңда үстемдік құрмаса да, табан тіресе додаға түсіп, «Маккаби» ойыншыларының көсіле сілтеулеріне мүмкіндік берген жоқ. Қуат бірнеше рет допты алаң иелерінен тартып та алды, қақшып та алды. Жанұшыра жүгірді.

Осылай, Израиль клубының қонақтарын аяқтарына доп тигізбей, арлы-берлі сенделтіп қою көрсеткіші күрт төмендеді. Тіпті «Қайрат» жиі шабуылдап, алаң иелерін өз қақпасынан кері қарай тықсыра түсті. «Маккаби» футболшыларының да қателесулері жиілей бастады.

Гоу үміт отын жылт еткізді

Екінші таймның 64-минутында «Қайрат» допты ойынға бұрыштан қосу мүмкіндігіне ие болды. Исаэлдің әуелете асырған добын Жерар Гоу серпіле секіріп, басымен қақпаға “қадады”. «Маккаби» қорғаушылары одан көз жазып қалды.

«Астананың» жас жұлдызы Неменья Максимовичпен бірге былтыр ғана жастар арасында әлем чемпионы болған қақпашы Предраг Райкович әуелеп ұшқан допты жүгіріп шығып, қағып жібермей, жаза басты.

Осыдан кейін «Қайрат» ойыншылары көңіл-күйлері де, еңселері де көтеріліп, батылырақ ойнай бастады. Алайда, орталық қорғаушыларының бірі, нақтырақ айтқанда, Сесар Арсо аяғының ауырғанын желеу етіп, отырып алды. Цхададзенің оны ауыстырудан басқа амалы қалмады.

Әрі қорғаныс шебіндегі ойыншыларының орындарын ауыстыруға мәжбүр болды. Қуантаевты өз орнына (оң қапталға) шығарып, Лунинді Сесардың орнына қойды. Бұл бас бапкердің ойын аяғына сақтап отырған жоспарының да күл-паршасын шығарған сияқты.

Жалпы, алғы шепке тың ойыншылар керек екені байқалып-ақ тұрды. Цхададзе Исаэлдің орнына екінші шабуылшысы Тавамбаны шығарды. Ал бірінші таймда өте жақсы ойнаған, бірақ ойын аяғында шаршаңқырап қалған Аршавинді алмастыра алмады. Өйткені Сесар Арсоның жарақаттанып қалуы бар жоспарын бұзды...

Альберман Алматыны клубын нокаутқа түсірді

«Ойын тең аяқталып, келесі кезеңге шығатын команда пенальти соғу арқылы анықталар-ау» деп, дәмеленіп отырғанымызда «Маккабидің» капитаны алыстан шірене теуіп, «Қайраттың» үмітінің соңғы жұрнағының “күлін” көке ұшырды.

Бұл өте керемет соққы болды. «Қайратың» қорғаушылары да, қақпшысы да еш қайрат көрсете алмай, қапы қалды. Галь Альберман айып алаңынан кері қайтқан теңбіл допты бар пәрменімен теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Есеп – 2:1

Ойынның негізгі уақытына бес минут қосылса да, қалған тоғыз минутта «Қайрат» есепті өзгерте алмады. «Маккаби» ойыншылары да уақытты созып, ойынның шырқын бұзды. Осылай, Қазақстан чемпионатында үшеу де емес, тіпті бес-алты голдан соғатын Алматы клубының Израильде екі гол соғуға да шамасы жетпеді.

Болды. «Қайрат» үшін Еурокубок додасы осымен – тәмам. Асеведо мен Сесар Арсо енді келесі жылға дейін Қазақстан чемпионатында ғана доп тебеді. Бәлкім, бүгін «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп ойнаулары керек па еді?!

«Маккаби» (Тель-Авив, Израиль) – «Қайрат» (Қазақстан) – 2:1

Голдар: Бен-Хаим-2, 5 (1:0). Гоу, 64 (1:1). Альберман, 86 (2:1).

«Маккаби»: Райкович, Перец (Даса, 69), Бен-Хаим-1, Тиби, Рикан, Медунянин (Филипенко, 90), Альберман, Игиебор, Бен-Хаим-2 (Бенаюн, 75), Миха, Орланду Са.

«Қайрат»: Плотников, Сүйімбаев, Маркович, Арсо (Қуантаев, 80), Лунин, Тимощук, Бакаев, Асеведо (Қуат, 46), Аршавин, Исаэл (Тавамба, 86), Гоу.

Бас төреші: Тьягу Мартинш (Португалия).

Бірінші ойын – 1:1

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 11

Тура соққы: 7 – 6

Қиыс кеткені: 1 – 3

Тойтарылғаны: 2 – 2

Бұрыштама соққылар: 3 – 8

Ескерту (сары қағаз): 1 – 1

Аластату (қызыл қағаз) 1 – 0

Ереже бұзу: 10 – 8

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика