Вернуться к списку статей

Астана – Жальгирис. Елордалықтардың негізгі құрамын кімдер құрайды

Футбол
1K
Астана - Жальгирис. Астана-Арена, сағат 20:00
Бірер сағаттан кейін еліміздің басты стадионы «Астана-Аренада» Чемпиондар лигасы екінші іріктеу додасының жауапты ойыны аясында ел чемпионы «Астана» Литваның «Жальгирис» командасын қабылдайды. Жерлестеріміз алаңға қай құрамда шығуы мүмкін? Бірге сараптап көрелік.

Әдетте командалардың құрамдары матчқа 45 минут, 1 сағат қалғанда жарияланады. Оған дейін бапкерлер алқасы қай футболшыларының алаңға шығатындығын құпия ұстайды. Дегенмен, соңғы жаттығуларына қарап, өткен ойындарын електен өткізіп және бас бапкердің матч алдындағы баспасөз мәслихатындағы сұхбатын сараптап, кімдердің негізгі құрамда ойнайтындықтарын жобалауға болады. Ендеше, «Жальгириске» қарсы кімдермен шығамыз?

Тактика: 4-4-2

Литвада Станимир Стойлов алаңға осындай тактика ұстанып шықты. Жалпы, ел чемпионатындағы ойындарда да «Астана» көбіне 4-4-2 жүйесімен ойнайды. Тек латеральдар шабуылға жиі араласып, қапталдағы жартылай қорғаушылар ортаға қарай ығысып жатады. Бүгінгі матчта алаң иелерінің бас бапкері жаңа тактикамен қарсыласты таңғалдыра қоймас. Өйткені, өзі де мәселе тактикада емес, жігіттердің психологиясында екенін қадап айтты.

– Ойын жүрмей жатса, демек бас бапкердің кінәсі екені анық. Дегенмен, мәселе тактикада емес, Вильнюста жігіттер алаңға дұрыс ынталанып шықпады, - деді Станимир Стойлов.


Қақпашы: Ненад Эрич

Қақпадағы Ненад Эричтің орны ешкімнің дауын туғызбайды. Серб кипері соңғы рет 25 мамырда ел кубогының 1/8-финалы аясында алаңға шықпаған. Сол матчта «Астана» «Қызылжарды» жеңгенімен қақпасына екі доп жіберіп алды. Ал ел чемпионатында Ненад Эрич соңғы рет 10 мамырда қосалқы құрамда отырған. Жалпы, бүгінде «Астананың» қақпасын Эричсіз елестету мүмкін емес.

Қорғаушылар: Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Марин Аничич, Игорь Шитов

Вильнюстағы матчта қорғаныс шебін осы ойыншылар құрады. Сол кездесуде алаң иелері қанша тырысқанымен «астаналық» қорғаушылар олардың шабуылшыларын тырп еткізген жоқ. Сондықтан, Станимир Стойлов қорғаныс шебіне өзгеріс енгізе қояды дегенге сену қиын. Ел чемпионатының өткен турында болгар бапкері Аничич пен Шитовқа демалыс беріп, оларды тынықтырып алды. Енді осы төрттікті бүгін тағы да негізгі құрамнан көруіміз мүмкін.

Жартылай қорғаушылар: Рохер Каньяс, Неманья Максимович, Серікжан Мужиков, Агим Ибраими

Бірінші ойында да осы жігіттер «Астананың» жартылай қорғанысын құраған. Бүгін де Станимир Стойлов алаңға осы футболшыларын жіберуі ғажап емес. Осылардың ішінде Агим Ибраимидің рөлін әлі толық түсіне алмай отырмыз. Жап-жақсы ойыншы, техникасы жетік, бірақ жаңа әріптестеріне әлі біржола үйренісіп кетпеген секілді.

– Ол екі-үш ойын ғана өткізді. Жанкешті мінезін көрсетіп, өзіне берілген уақыт ішінде алаңда барын салуы тиіс, - деді Агим туралы Станимир Стойлов.

Сондықтан, Ибраими негізгі құрамда шыққанымен үзілістен кейін алмасуы мүмкін.


Өткен турдағы «Атыраумен» болған ойында болгар бапкері Неманья Максимовичті тынықтырып, оның орнына Асқат Тағыбергенді шығарды. Асқатқа негізгі құрамнан орын табыла қоймас. Бірақ екінші таймда есепті ұстап тұру үшін алаңға шығуы да мүмкін.

Ал соңғы ойында екі гол соғып, «Атырауды» жеңуге көмектескен Азат Нұрғалиев бүгін алаңға мүлдем шыға алмайды. Құжаттары әлі толық рәсімделмеген.

Шабуылшылар: Таңат Нөсербаев, Патрик Твумаси 

Вильнюстағы матчта шабуылшылар тандемін Таңат пен Патрик құрады. Бүгін де солай болады-ау. Бірақ екінші таймда бас бапкер Нөсербаевті де, Твумасиді де алмастыруы ғажап емес. Олардың орнына Жуниор Кабананга мен Джордже Деспотович шықса, таңғалмаймыз. Алайда, бәрі де ойын жағдайына байланысты.

Қосалқы құрам

Әлбетте, ойда жоқта жарақаттанып немесе қызыл қағаз алып қалмаса, Ненад Эричті алмастыра қоймас. Ал қалған шептегі футболшылар ойын жағдайына қарай алмаса бермек. Егер команда жеңіске жетіп жатса, қорғаныс шебін күшейту мақсатында алаңға Сергей Малый немесе Абзал Бейсебеков шықпақ, сондай-ақ Асқат Тағыбергенді де алаңнан көріп қалуымыз мүмкін. Ал, алда-жалда жеңіліп жатсақ, онда Жуниор Кабананга мен Джордже Деспотович бар.

Естеріңізге сала кетейік, ойын сағат 20:00-де «Астана-Арена» стадионында басталады. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика