Вернуться к списку статей

"Жальгиристі" жеңсек, "Селтик" – "Линкольн" жұбы жеңімпазымен кездесеміз

Футбол
1K
Алдымен
Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу додасының жеребесі тартылды.

Жеребе қорытындысы бойынша ел чемпионы «Астана» егер «Жальгиристі» өткен жағдайда келесі кезеңде «Линкольн» (Гибралтар) – «Селтик» (Шотландия) жұбының бірімен кездеседі.

Литвалықтарды өз алаңында жеңген жағдайда үшінші кезеңде «Астана» осы екі клубтың бірін алдымен өз алаңында шілденің не 26-сы, не 27-сі күндері қабылдаса, жауапты ойын түзде 2/3 тамызда өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» бірінші кездесуде Литва астанасы Вильнюсте «Жальгириспен» 0:0 есебімен тең түскен. Ал «Линкольн» өз алаңында «Селтикті» 1:0 есебімен тізерлеткен болатын. Жалпы, гибралтарлықтар бірінші іріктеу кезеңінде Эстония чемпионы «Флораны» екі кездесудің қорытындысы (2:0, 1:2) бойынша айналып өткен болатын. Дегенмен, мамандардың басым бөлігі үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» мен «Селтик» командалары жұп құрайды деп жатыр.

Қарсыластар жайлы бір ақпар:

«Линкольн» (Гибралтар)

Селтик Шотландия

1978 жылы құрылған жартылай кәсіпқой клуб. Гибралтардың 22 дүркін чемпионы. 2003-2016 жыл аралығында қатарынан 15 рет жеңімпаз атанған. Red imp, яғни “Қызыл сойқандар» деген лақап аты бар. Өз алаңындағы ойындары 3500 көрермен сиятын «Виктория» стадионында өткізеді. Бас бапкері Хулио Сесар Рибас. Негізгі жейдесі қара-қызыл жолақты, қосалқы жейдесі ақ.


 

«Селтик» (Шотландия)


Шотландия астанасы Глазгоның намысын қорғайтын клуб. 1887 жылдың 6 қарашасында құрылған. Шотландияның 47 дүркін чемпионы, 36 рет ел кубогын жеңіп алған. Бір рет Чемпиондар лигасында топ жарған. Өз алаңындағы ойындарын 60 мың көрермен сиятын «Селтик Парк» стадионында қабылдайды. Бас бапкері солтүстік ирландиялық Брендан Роджерс. Негізгі жейдесі жасыл-ақ жолақты, қосалқы жейдесі жасыл. 2003 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында Қарағандының «Шахтерімен» кездескен. Сол матчта алдымен 2:0 есебімен жерлестеріміз жеңіске жеткенімен, жауапты ойында 3:0 нәтижесімен шотландиялықтар топтық кезеңге жолдама алған.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика